ҚұқықТОП

Байқап сөйлемесең, бәлеге қаласың

Мейрамтай Иманғали

Аузыңызға ие болмасаңыз, айыппұл төлейсіз. Ауыз өзімдікі екен деп енді балағат айтуға жол жоқ. Байқап-байқап сөйлемесеңіз, 69 мың айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Әсіресе қоғамдық орында аузыңызға сақ болыңыз дер едік. Заң биылғы наурыз айынан бастап күшіне енеді. 

Бірауыз сөздің құдіреті

Қазақ «басқа бәле тілден» деп бекер айтпаса керек. Тілден бал ғана емес, у да тамады. Ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Бірауыз сөз» атты ән есіңізде ме? Әсіресе әнші Мақпал Жүнісованың орындауындағы бұл әнді үлкендер ерекше жақсы көретін. «Бірауыз сөз қасіретті тыяды, Бірауыз сөз айықпас дерт жияды…».  Шіркін-ай, ауыздан шыққан бір-ақ ауыз сөздің құдіретін айтсаңызшы!  Біздің қазақ бірауыз сөзге тоқтаған дана халық еді ғой.  Біреудің көңіліне қаяу түсіріп алмау үшін перзенті жоқ адамның жанында баласы туралы, кедейдің қасында байлығы туралы, ауру адамның жанында денсаулығы туралы әңгіме айтпайтын да біздің халық. Ұрпағына да ауыздан шыққан әр сөзге өте абай болуды үйреткен.

Ал қазір не болып кетті? Біреуді балағаттау, даттау, ғайбаттау түк емес. Өмірде болсын, әлеуметтік желіде болсын бұл өте жиі кездеседі. Біреуді балағаттай салу, жеті атасынан бастап сыбау, бейпіл сөйлеу, боқауыз айту өмір салтына айналып бара жатқандай. Ал біреуді ғайбаттаудың ислам тұрғысынан да өте ауыр күнә екенін білеміз бе?

Кезінде ғұлама Хасан Басри өзін ғайбаттаған адамға бір табақ құрма жіберген екен.  Әрине, ғайбат айтқан адам аң-таң болыпты. Сонда Хасан Басри: «Сауаптылығыңды маған беріп, оның орнына күнәларымды мойныңа алғаның үшін рақмет», – деген екен.

Жалпы, қазақ қоғамына сөзге, сөйлеу мәдениетіне ерекше мән беретін кез келген секілді. Аузымыздан шыққан сөздің тазалығын бақылайтын, «тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» деп  тілейтін кез енді туды. Өйткені «таяқ еттен өтсе, сөз сүйектен өтеді». Бірақ  енді бұған жол жоқ.  Наурыз айынан бастап  қоғамдық орындарда балағат айтып, былапыт сөйлегендерге 69 мың теңге айыппұл салынбақ.

Жалпы, бұрын ұсақ бұзақылығы үшін 17 мың 250 теңге көлемінде  айыппұл салынып, 15 тәулікке қамалатын болса, енді бұл жаза қатаңдады. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Азамат Құрымбаевтың айтуынша, енді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жаңа редакциясы бойынша қоғамдық орында балағаттағандарға 69 мың теңге айыппұл салынбақ немесе 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамауға алынатын болады.

Айыппұл тәрбие құралы ма?

Осынау мәселеге байланысты қазірдің өзінде қоғамның пікірі екіге жарылып отыр. Бірі қолдаса, халықтың екінші бөлігі қарсы. Жалпы, қит етсе боқауыз сөз айтатын халықты айыппұлмен тәрбиелеуге бола ма? Қазіргі таңда әлеуметтің әлеуметтік жағдайы онсыз да сын көтермейтіні белгілі. Қос өкпеден қымбатшылық қысқан заманда балағат сөз үшін боқтық айтқан байғұсты тағы да қыспаққа алу қаншалықты дұрыс?

Журналист-жазушы Мұхтар Түменбай «мұндай шектеу орнату –абсурд» деп жазады өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

«Боқтық сөзге салынған тыйым мені екі ойлы күйге түсірді. Бір жағынан, дұрыс шешім секілді. Әзілді ысырып қоятын болсақ, қоғамдағы адамдар арасындағы конфликттердің тең жартысы абайсыз не қасақана айтылған боқтықтан басталады. Мысалы, біреу әкеден боқтайды, екіншісі шешесіне тіл тигізеді. Содан барып өкпе, төбелес, пышаққа не қаруға жармасу басталады. Аяғында екі жақтың бірі соққыға жығылады, не одан да сорақысы – мерт болады. Кемінде араздасып тынады адамдар. Өтірік пе? Осы тұрғыдан қарағанда оң шешім бе дейсің. Одан арылу керек те шығар. Бірақ өмір сүру, эмоциямен күресудің құралына айналған бұл әдеттен адамдар оңайлықпен құтыла қояр ма екен? Әлемде боқтамайтын ұлт бар ма, жалпы? Меніңше, мұндай шектеу орнату – абсурд. Үшіншіден, боқтық айтқан адамға 69 мың теңге айыппұл салынады дейді. Солай-ақ болсын. Бірақ бұл жерде нақты анықтамалар қажет. Егер де белгілі бір азаматқа қаратып боқтайтын болса, онда оған жаза қолдану орынды. Ал егер де адам ешкімге нақты айтпай, белгілі бір жағдайға байланысты, айталық, тайғақ көшеде тайып құлап боқтаса немесе ДТП-ға түсіп бір жерін зақымдап боқтық сөз айтса, оған да айыппұл сала ма? Не деген идиотизм», – дейді Мұхтар Түменбай.

Ал белгілі  құқық қорғаушы, заңгер Айман Омарова өзінің журналистерге берген сұхбатында қазіргі әлеуметтік жағдайда мұндай болмашы мәселелерге кең көлемде мән беріп, үлкен мөлшерде айыппұл салудың дұрыс емес екенін, мұның соңы жемқорлыққа апаруы әбден мүмкін екенін айтады.

– Моральдық тәрбие жөргектен басталады. Отбасында қандай тәрбие алса, сондай тұлға қалыптасып шығады. Ересек адамдарды ондай шектеумен ешкім тәрбиелей алмайды. Тәрбие әкімшілік жауапкершіліктен емес, санадан, үйден, оқудан басталады. Сондықтан да бұл өзгерістер көп нәтиже бермейді. Министрліктің есебін ғана жабуы мүмкін, – дейді заңгер.

«Сиыр» десеңіз, 600 еуро төлейсіз

Жалпы, боқтамайтын ел жоқ десек те, әлем елдері боқауыздармен күресті әлдеқашан бастап кеткенге ұқсайды. Мысалы, Германияда мұндай бұзақылық үшін тек айыппұл ғана емес, бір жылдан екі жылға дейін түрмеге де қамайтын көрінеді. Германияда қандай да бір әйелді «сиыр» десеңіз,  600 еуро, ал «құзғын» дегеніңіз үшін 1800-2000 еуро айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. Ал АҚШ-тың әр штаты мұндай бұзақылықты өзінше реттейді. Мысалы, Вашингтонның іргесіндегі Арлингтон қалалық аумағында қоғамдық жерде балағат айтқаны үшін 250 доллар айыппұл салынатын көрінеді. Үндістанда да мұндай бұзақылыққа жаза қарастырылған. Айыппұлмен құтылсаң жақсы, тағы да үш ай түрмеде отырасың. Ал Францияда полицейдің немесе билік басында отырған адамның жеке басын қорлағаныңыз үшін 30 мың еуро айыппұл салынады немесе кінәлі екі жыл бас бостандығынан айырылады екен.

Әрине, өркениетті елдермен біздің елді салыстыруға мүлдем болмайды. Германия, Франция мен АҚШ-та тұрғындардың өмір сапасы әлдеқайда жоғары. Оларға айыппұлды төлей салу қалтаға қатты салмақ салмайды. Ал бізде айлығы шайлығына жетпей жүрген қарапайым халық үшін бұл үлкен соққы болатыны сөзсіз. Отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ.

Этнографтар не дейді?

Боқтау, біреуді балағаттау, сыбау, әрине, жақсы емес. Бірақ бұл туралы этнограф-ғалымдар не дейді? Жалпы, қазақтың әні мен күйін, жалпы, қазақтың болмысын Ақселеу Сейдімбектей зерттеген жан жоқ шығар. Тіпті  жазушы қазақтың бейпіл сөздерінің де түбін қазып, жеке кітап етіп шығарған екен. Әсіресе,  «Жынды Ысқақтың балағаты» туралы жазғаны тіпті қызық. Кезінде «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды және Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісі болып жүрген кезінде Ақселеу Сейдімбек Ақтоғай ауданының Қоңырат совхозында тұратын Ысқақты әдейі іздеп барып, жолыққан көрінеді. Ысқақ ақсақал боқтаудан алдына жан салмайтын көрінеді. Әрине, құдайы қонақтың құрметіне қазан көтеріліп, ет асылады. Ет турау құрметі жазушыға бұйырады.  Етті қанша жерден өнерін салып турағанымен, ақсақал туралмаған бір кесек етті табақтан суырып алып шығады. Содан кейін: «Ей, селеудей болып сорайған бойыңның әкесінің  аузын… Жасым тоқсанға тақалғанда мына етке қақалып өлсін дедің бе?» – деп журналисті сыбап жібереді. Кейін Ақселеу Сейдімбек «Ақсақал, боқтауды қайдан үйрендіңіз? Оған қандай себеп болды?» – деп сұрап, мән жайды анықтаған екен. Сөйтсе, ол кезінде Дайыр деген бір байдың қызметшісі болыпты. Бай өзіне  жақпаған адамды боқтатып алу үшін осы Ысқақты жұмсайтын көрінеді. Жынды Ысқақ ақсақалдың балағаты қазақ әдебиетінде зерттелмеген, өте қызық жанр екенін де Ақселеу Сейдімбек тап басып, танып, айтып кеткен көрінеді.

Ал этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева боқтық сөздің ерте түркілік дәуірде де болғанын айтады. Айтуынша, Махмұт Қашқари сөздігінде ол жазылған екен.

 – Десе де қазақ беталды ешкімді боқтамаған. Боқтаған күнде де этикетті сақтап боқтаған. Туғандар арасында боқтық жүрмеген. Туған әулеттен шыққан жиенді боқтамаған. Алыс рулас қыздан туатын жиенді боқтай алған. Туған жеңге шешедей, туған жезде әкедей. Қайнылар туған жеңгені боқтамаған. Рулас ағасы арасындағы жеңгесіне қалжыңмен боқтық сөз айтқан. Құрдастар бір-бірімен қалжыңдасқанымен, бір-бірін боқтамаған, қалжыңмен орталарында боқтық сөз айта алған, – дейді Тәттігүл Қартаева.

– Десе де боқтау басқа, боқтық сөз айту бір басқа. Боқтау қалжыңмен айтылады және ызақорлықпен айтылады. Екеуі екі түрлі жағдайда қолданылады, – дейді этнограф-ғалым.

Қалай десек те, қазақтың «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дегені әбден орынды. Мамандардың айтуынша, қоғамдық орындарда балағат айтқан азаматтарға 69 мың теңге айыппұл салу туралы құқықтық бағаны сот береді. Азаматтардан түскен әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлел жинайды. Оның ішінде азаматтың арызы, куәгерлердің айғағы, аудио-видео айғақтар мен сарапшының пікірі де ескерілмек. Сондай-ақ әлеуметтік желіде айтылған балағат сөз де назардан тыс қалмайды. Ол да ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылатын көрінеді. Әрине, кодекстегі жаңа өзгерістер қоғамдық тәртіпті бұзуды болдырмау мақсатында енгізілгенімен, әлеуметтің әлеуметтік жағдайына үлкен соққы болайын деп тұрғаны сөзсіз.

Жақында ғана Өскеменнің 42 жастағы тұрғыны бұрынғы әйелін балағаттағаны үшін жазаға тартылды. Ол бұрынғы әйеліне бейнебайланыспен қоңырау шалып, балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Қаладағы №2 сот еркекті Қылмыстық кодекстің 131-бабының 1-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартуды жөн деп шешкен. Бұдан бөлек жазаға тартылған еркек өзінің бұрынғы әйелінің ар-намысына тигені үшін 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуге де міндеттелген көрінеді.

– Қазіргі күні ол Өскемен қаласының басты көшелерін қардан тазалап жүр, – дейді Өскемен қаласы пробация қызметі басшысының орынбасары Сымбат Ботаев.

Алдағы уақытта мұндай хабарларды бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі көзіміз шалатын сияқты.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button