Қоғам

Байбураның боранымен алысқан

Байбураның боранымен алысқан


Көкпекті ауданындағы №29 жол пайдалану учаскесінің басшысы Гүлрайхан Мұхамадиева – жол саласында 40 жыл еңбек еткен іскер азаматша.
Республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай бағытындағы 161 шақырымдық жолды күтіп ұстау, қардан тазарту – аталмыш ұжымның басты міндеті.

Бұл ұжымда, негізінен, тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Барлығы 27 адам жұмыс істейді.

Көкпектінің табиғаты ерекше, қысы ұзақ, қары қалың, сары аязы мен алай-дүлей бораны баршаға аян. Биылдың өзінде жауған қардың қалыңдығы бір метрден асты.

Ал жолаушыларға атақты Байбура асуы тіпті де қиындық туғызады. Асу жүргізушілердің мазасын әбден қашырған. Боран соқса, жолды әп-сәтте қар басып қалады. Сол себепті жолаушылар мен жүргізушілерге сервистік қызмет көрсету, оларды жолда қалдырмау, көліктердің тоқтаусыз жүруіне жағдай жасау – аға жол шебері Тілек Тойкин жетекшілік ететін бригаданың міндеті. Көкпектілік механизаторлар Байбура асуына күндіз-түні кезекке шығып, жолды қардан тазартып отырады. Осы жол арқылы Тарбағатай, Зайсан, Күршім аудандары мен Қытайға жолаушылар қатынайды. Осы уақытқа дейін жолаушылардан бірде-бір шағым түспеген. Керісінше, ұжымға көпшілік алғыс білдіріп жатады.

Жол пайдалану учаскесінде техника, жанар-жағармай жеткілікті. Мекеме қысқа ерте қамданып алған. Гараждар мен бокстар былтыр толық жөнделді.
Байбура, Барыс асуларының дауыл-борандары халық есінде. Бұрнағы жылдары бұл жерлерде бірнеше көлік апаты болған. Қазір бұл жерлерде жөндеу-жабдықтау толық жүргізіліп, жағдай жақсарды. Жылыту бекеттері күндіз-түні жұмыс істеп тұр. Мұнда жолаушыларға ыстық шай, жұмысшыларға тамақ беріледі.

Гүлрайхан Зәкәрияқызы қарамағындағы жігіттердің еңбегін бағалап отырады. Тәжірибелі есепші Айымхан Увахиева жұмысшылардың еңбекақысын, демалыс, мереке күндері атқарған шаруалары үшін үстемеақыны есептеп, уақтылы төлеп тұрады.

Жұмыскерлер кез келген жағдайда, таңғы 4-те немесе түнгі 2-де болсын, жұмысқа шақырған жағдайда техникаларын қамдап, бірден жолға шығады. Әрқайсысы – өз ісінің шебері. Шнекроторшылар Жұмабек Мұқашаев, Виктор Тоноян, оның көмекшісі Ермек Кәріпжанов, «Камаз» жүргізушілері Ринат Мүліков, Владимир Иванченко, тракторшылар Бақытжан Әшімтаев, Аманкелді Ақшабаров, грейдершілер Аслан Ақшалов, Айдын Мұхамадиев, Арман Тұрысбеков – мықты мамандар.

Жуырда Байбурада тағы алай-дүлей боран болып, тіпті жол көрінбей қалды. Жолды қалың қар басты. Сол түні жұмысшылар түні бойы тоқтаусыз жолды аршыды. Нәтижесінде бірде-бір техника жолда қалмай, жолаушылар аман-есен өз жерлеріне жеткен. Байбурада мұндай табиғаттың тосын мінезі жиі қайталанып тұрады. Жол жөндеушілердің еңбегі арқасында асуда әзірге жол апаты болған жоқ. Құтқару жұмыстары қаншалық қиын болса да, мұндағы барлық жұмыс ретімен ұйымдастырылады. Жергілікті әкімдікпен, полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу жолға қойылған. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жылы жұмыс киімдері берілген. Корпоративті байланыс телефонымен тегін сөйлеседі.

Жазда жолдың шұңқырларына, ойық жерлеріне 140 миллион теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілген.

Ауданның Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, құрметті жолшы Гүлрайхан Мұхамадиева басқаратын ұжымда темірдей тәртіп бар, бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін қоян-қолтық еңбек етеді.

Жиырма бір жасында жол жұмысына араласқан Гүлрайхан Зәкәрияқызы – еңбегімен танылған іскер басшы, ардақты ана, асыл әже. Өзі туған өлкеде жол саласына бар күш-жігерін, білім-тәжірибесін сарп етті. Қатал қыстың қыспағында жігіттермен қатарласа жүріп, уақыт күттірмейтін сәттерде өзі де трактор рөліне отырып, қар тазалаған кездері де болады. Ол басшымын деп көкірегін көтермейді. Керісінше, жұмысшыларымен бірге еңбек етеді. Кешкісін шаршап, өз шаңырағына оралған сәтте ол кісіні ыстық шайын қойып, тоқсаннан асқан Меңсұлу әжеміз күтіп отырады. «Бұл да – мен үшін бір бақыт» дейді Гүлрайхан Зәкірияқызы.

Мира Мырзағалиқызы

Осы айдарда

Back to top button