Байғажының бұйымдары Берелдегі мұражайда тұр
Іссапармен Катонқарағай ауданының Аққайнар ауылында болғанымызда, ағаштан түйін түйетін Байғажы Жақияров деген жігіт ағасымен таныстық. Ақжарқын, әңгіме айтқан кезде тыңдаушысын баурап алатын Бәкең бізбен құрдас болып шықты. Есік алдындағы шағын шеберханасына енгенімізде ағаштан ойып жасалған астау, табақ, домбыраны, былғарыдан жасалған әбзел, қамшыны көзіміз шалды. Бір бұрышта атақты сазгер Шәмшінің басы ағаштан қашалып, қола ұнтағымен боялған кеудемүсіні тұр. «Шебердің қолы ортақ» деген емес пе, Бәкеңнің өнер мен мәдениетке жақын екенін сезіп, іштей разы болдық.
– Черновада (қазіргі Аққайнар ауылы) орта мектепті 1967 жылы бітірген соң, Аблакеткадағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім, алайда отбасы жағдайына байланысты оны бітіре алмадым. Азаматтық борышымды өтеп келген соң шаруашылықта еңбек еттім. Бір күні кеңшар директоры шақырып алып, жастармен жұмыс жүргіз, осындағы клубқа жетекшілік ет деген соң келісе кеттім. Домбыра тартатын өнерім бар еді. Сондықтан шығар, жастардың бос уақытын көңілді өткізуге ұйытқы болғанға не жетсін деген ой келді. Сол кездегі ауыл жастарының белсенділігі керемет-тін, жұмыстан шаршап келсе де, клубқа келетін, кино көріп, дискотекаларға қатысатын. Қазір ауыл клубтарындағы жағдай белгілі ғой. Механизатор болып темір тұлпарды тізгіндедім, мектепке қайта келіп, трактор пәнінен шәкірттерге дәріс бердім. Сол кезде орта мектепті аяқтаған оқушылар тракторшы куәлігін бірге алып шығатын, – деп бастады әңгімесін құрдасымыз.
Нарықтың қиын-қыстау кезінде Байғажы мал бағып, кейін жұмысшы комитетінің төрағасы қызметін атқарған көрінеді. Мемлекеттік ұлттық табиғи паркте қызмет етіп жүріп, зейнеткерлікке шыққан соң, Бәкең өзі ұнататын ағаштан бұйымдар жасауға бет бұрды.
– Бұқарбай Жусанбаев деген нағашы атам ұста, ағаш пен темірден түйін түйетін шебер болатын. Сол атамның қасиеті маған дарыған сыңайлы. Бала кезімде домбыра жасағаным бар. Кейін бұл әдетті тастап кеткенмін. Зейнеткердің уақыты бар, енді ағаштан түрлі тұрмыстық заттарды жасай бастадым.
Катонқарағайдың самырсын мен балқарағайы жұмсақ болған соң, соны ермек қылып, шұқылай бастадым. Байқаймын, бұл өнер мені баурап алған сыңайлы. Алайда, тәжірибенің аздығы қиындық туғызды, бір күні алматылық атақты шебер Дәркембай Шоқпаровтың қазақтың қолөнері туралы кітабын тауып алдым. Онда ағаштан мүсін жасаудың айла-тәсілдері, қандай ағашты пайдалану керектігі жазылған. Мен жасаған астау, дабыл, сылдырмақ, қобыз, ожау, домбыра, асатаяқ, басқа да затар бұл күндері аудандық мұражайда, ал Берелден табылған патша мен патшайымның ағаштан жасаған макетім ашық аспан астындағы қорық-мұражайға қойылды, – дейді шебер Б.Жақияров.
Бізбен бірге еріп жүрген Аққайнар ауылдық округінің бас маманы, ауылда жастардың басын қосып, түрлі мәдени шараларға ұйытқы болып жүрген Серікхан Құрманов екі шақырым жерде Байғажының үлкен шеберханасы бар екенін айта келіп:
– Шәмшінің бейнесін айнытпай келтіріпсіз. Халықтың сүйікті сазгерін сомдау жөніндегі ойдың қалай келгеніне тоқтала кетсеңіз, – деді.
– Құрдасым, бұрынғы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық мұражайының бас директоры Ерен Жұмағұлов бір күні Шәмшінің мүсінін жасау жөнінде өтініш айтты. Шәмшімен таныс емеспін, суретін теледидардан ғана көргенмін. Қолымнан келмейді ғой дегенімде, Ерен құрдасым «қорықпа, атақты сазгердің рухы қолдайды» деп Шәмшінің журналдағы суретін берді.
Үйдің жанында балқарағайдың шөркесі жатқан. Ағашты жонып, бірнеше күн әурелеп едім, композитордың бейнесі қылаң бергендей болды. Ақыры оны жасап шықтым, көпшілікке ұнай ма, ол жағын білмеймін, – деді қарапайым Бәкең.
Сырты қола ұнтақпен боялған, алтын түстес Шәмшінің мүсінін далаға алып шығып еді, мұрты едірейген сазгер көз алдымызға келе қалды. Шебердің сәтті шыққан туындысына риза болдық, оған табыс тіледік.
Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.