Ағымнан жарылсам

Баян НҰРМЫШЕВА, әнші: – Бұрынғы гитарасын құшақтаған Баян сахнадан ешқашан жоғалмайды

Баян НҰРМЫШЕВА, әнші:  -	Бұрынғы гитарасын құшақтаған Баян сахнадан ешқашан жоғалмайды
Бимен шыңдап шұғылданып жатырмын

– Сізді соңғы кездері сахнадан жоғалтып алдық. Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?
– Жаңа альбом дайындалып жатыр. Халық тек қана гитарамен сүйемелденіп орындалатын әндерді жиі сұрап жатады. Сондықтан бұл үнтаспаға екі дискі кіреді. Біріншісіне гитарамен орындалатын халық әндері және халық композиторларының әндері енсе, ал екіншісі тек эстрадалық бағыттағы әндермен жинақталмақ. Сондай-ақ, еліме, жеріме деген үлкен сүйіспеншіліктің арқасында биыл репертуарыма «Ұлы елім» деген әнімді кіргіздім. Шынында да, еліміз көркейіп, талай белестерді бағындырып жатқанда соған жан жүрегіңмен қуанасың. Осы тұста айта кетерлігі, эстрадалық бағыттағы әндердің ішінде мен бұрын орындамаған жаңа туындылар кірмек. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болмақ. Өйткені, халық менің орындауымда көбіне философиялық әндерді тыңдап үйреніп қалған. Ал мына жинаққа жастардың талғамынан көбірек шығатын, позитивті көзқарастағы шығармаларым еніп отыр. Сонымен қатар, соңғы кездері тек гитарамен ән айту ғана емес, би жағына да көңіл бөліп жатырмын. Сондықтан жаңа бағытта шығып жатқан әндерді жаңа қойылыммен, бимен көрерменге ұсынып жатқан жайым бар.

– Көпшілікті «Баян Нұрмышева болашақта гитараны тастап кетпес пе екен?» деген үрейлі сұрақ жиі мазалауда…

– Иә, бұл сұрақ маған соңғы кездері жиі қойылып жүр. Менің берер жауабым, жазылған әндердің табиғатына, оны жеткізу жолдарына байланысты бимен сабақтастыруға тура келіп жатады. Ал бұрынғы гитарасын құшақтап жүрген Баян сахнадан ешқашан жоғалмайды. Тек мұны өнердің, шығармашылық ізденістердің бірі деп қабылдаңыздар.
– Демек, бүгінде бимен айналысып жатырсыз ғой?

– «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ғой. Сондықтан, бимен шындап айналысып жатқан жайым бар. Билеп ән айту деген оңай дүние емес. Соңғы жазылып жатқан әндерімді бір топ қыздармен шығып билей жүріп шырқап, халыққа ұнағандықтан осы бағытты дұрыс деп таптым. Әзірге сын пікір естіген жоқпын.

Сағи Жиенбаевтың жырлары жаныма жақын

– Репертуарыңыздағы біраз әндердің авторы өзіңізсіз. Әуен сізге қалай келеді?

– Шығармашылық адамдары сезімтал келеді деп айтып жатамыз ғой. Айналаңдағы, қоғамдағы болып жатқан дүниелер адамға тікелей әсер етеді. Содан кейін миыңда пісіліп-жетіледі. Кейін ақындарымыздың кітаптарын алып оқып отырған кезде сенің ойыңдағы әуеніңмен үндесіп жатады. Яғни, бұл ойыңдағы пісіп-жетілген дүниенің әнге айналуына мүмкіндік береді. Себебі, ақындардың жыр шумақтарын оқып отырсам, керемет әуен іштен бұлқынып шығады.
– Байқаймыз, сіз көбіне Сағи Жиенбаевтың сөздеріне ән жазасыз. ХХ ғасырдың ақыны мен ХХI ғасырдың сазгерін қандай күш байланыстырды?

– Осы тұста ақын Исраил Сапарбайдың «Сағи Жиенбаевты жұмыртқаның сарысына теңесем, ал ағын Тұманбай Молдағалиевқа теңеймін» деген сөзі есіме түсіп отыр. Шыны керек, Сағи Жиенбаев өлеңдерінде мейірім, адалдық, жылылық, тазалық туралы көп жырланады. Сол себепті шығар, осы ақынның өлеңдері менің шығармашылығыма өте жақын.

Осы соңғы альбомымды «МузАрт» студиясында жазып жатырмын. «МузАрттың» музыкалық продюсері Арман Бексұлтанмен шығармашылық байланыста болдық. Басқа да әнші-сазгерлермен жұмыс істеп жүрмін. Дегенмен, менің табиғатыма сай келетін әнді табу қиындау. Бәлкім, репертуар жағына келгенде қоятын талабым жоғары шығар. Сондықтан жыл сайын немесе екі жылда бір жеке альбомым шығып жатпайды. Алғашқы ән жинағым осыдан сегіз жыл бұрын шыққан болатын. Ал екіншісі араға біраз жылдар салып барып жарыққа шықпақ. Мүмкін бұл менің жыл сайын ән жаза бермейтінімнің себебі шығар. Көбінде замандас әріптестерім менен ән сұрап жатады. Алайда, әндерім өзімнен артылмайтынын жасырмаймын. Сондықтан кейде өзім орындаған әндерді оларға беруге тура келеді. Алдағы уақытта ести жатарсыздар деп ойлаймын.

Өскеменде өткен гитарашылар байқауы жалғасын тапса деп тілеймін

– Гитарамен ән салатын өнер адамдары санаулы ғой. Бастарыңызды қосып, өзара шығармашылық байланыста болып тұрасыздар ма?

– Осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы еліміз бойынша гитарамен ән орындайтын өнер адамдарының басын қосып, үлкен фестиваль өткізген болатын. Ержан Белғозиев ағамыздан бастап, қыздардың ішінде алғаш гитараны жанына серік еткен Гүлмира Ақүрпекова сияқты белді өнерпаздар осы шараға қатысты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі гитарамен ән салатын орындаушыларды біз сол кезде Өскеменде жолықтырдық. Шынын айтқанда, танысып-білісіп, бір арқа-жарқа болып қалдық. Қытай Республикасынан да өзіміздің қандастарымыз келді. Сөйтіп, бір-біріміздің шығармашылығымызбен еркін танысуға мүмкіндік туған еді. Ең бастысы, гитарамен керемет ән салатын өнер иелерінің көп екендігіне көз жеткіздік. Әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Репертуарлары да бай, орындау мәнерлері де ерекше. Тыңдай-тыңдай жауыр болған шығармалардың орнына тың дүниелерді естіп, құлағымыздың құрышы қанды, рахаттандық. Осы ретте гитараман ән орындайтын әншілер бізде баршылық дегенді мен сеніммен айта аламын. Өкініштісі, сол жоба бір рет ұйымдастырылғаннан кейін аяқсыз қалды. Егер жыл сайын өткізуге ниет білдіріп жатса, әрине, біз қуана қатысушы едік. Біз үшін жалғасы болғаны жақсы. Қолына гитара ұстаған талай дарын иесімен жүздесіп, шығармашылық байланыстарымыз арта түсер еді.

– Гитаристердің басын қосқан бұл фестиваль несімен ерекшеленді?

– Шыны керек, бұрын-соңды құлағымыз шалмаған әндерді естідік. Тыңдай-тыңдай жауыр болған дүниелердің орнына басқаша бағыттағы әндердің орындалуына куә болдық. Тіпті, әркімнің гитарамен сүйемелдеуінің өзі әртүрлі. Гитараларының үндеріне дейін бір-біріне ұқсамайды. Әр әнді орындауда жеке көзқарасы бар, жеке қолтаңбасы бар суретші секілді әр әнді өзінше айтатын әншілерді көрдік. Ізденістері керемет. Ең басты ерекшелік, мен үшін осы болды.
– Енді жеке өміріңізге қарай ойыссақ. Тәрбиеңіздегі балаңыз өнерден алшақ емес шығар?

– Әрине, өнердің үлкен кәсіп екенін жақсы түсінеді. Үйде орындалып жатқан кез келген әнді қағып алып, айтып жүргенімен, сыртқа шыққаннан кейін ән салшы десең, аузы бұртиып: «Мен әнші емеспін ғой» деп шыға келеді. Өзі бала болса да ішкі түйсігі бұл кәсіп екендігін, онымен жақсылап айналысу керектігін жақсы түсінетін сияқты. Жалпы алғанда, өнерге жақындығы бар. Қандай маман иесі болмасын, білікті болса екен деймін. Әрине, алдымен баламның денсаулығы жақсы болса, одан кейін өзін қоршаған ортасы, араласатын адамдарының дұрыс болғанын қалар едім. Алыста жүрейін, жақында жүрейін, тәрбиесін жіті қадағалап жүруге тырысамын. Менің ойымша, балам бүгінде қазақи тәрбиеде өсіп келе жатыр. Тек болашағы нұрлы болғай!

Дуэтке ден қоюды жоспарлап жүрмін

– «Достың өзін сақтау үшін, сатқындығын кешірген» кезіңіз болды ма?

– Бұл өмірде бәрі салыс¬тырмалы түрде қаралады емес пе?! Мәселен, біреулер үшін сатқын¬дық немен өлшенеді және оның дең¬гейі қай дәрежеде дегендей. Яғни, әлдекімдер үшін болмашы нәрсе үлкен сатқындық болып көрінуі мүмкін. Болмаса, бір адамдар үл¬кен сатқындықты жай ғана кешіре салуы кәдік. Өз басым «мені дос¬тарым қатты сатып кетті» деп айта алмаймын. Бі¬реудің біреуге кінә артып, ренжіп, өкпелеп, көңілі қалатын сәттер күнделікті тірші¬лікте кездесетін қалыпты жағдай. Адамның кеші¬ріміне де байланыс¬ты шығар. Кү¬ләш Ахметованың өлеңіне қарап, елдің көбі осындай жағдайдан туған ән екен деп ой¬лайды. Туын¬дының тууына түрткі болған, көңі¬ліме әсер еткен себеп¬тер болмады емес, болды. Бірақ ән сатқындық көргендіктен жа¬зыл¬ған жоқ.
– Достарыңыз қаншалықты?
– Көп деп айта алмаймын. Аяз Бетпаевтың «Көп емес достар жердегі, аз досты сақтай біліңдер» дейтін термесінде айтылғандай, бар достарымды барынша қадір¬леп, бағалауға тырысамын. Жалпы, адамның бәрін дос деп көруге болады. Солардың ара¬сы¬нан шын жанашырларыңды жеке бөліп алып қарамасаң да кімнің-кім екені өз-өзінен көрініп тұра¬ды. Жаны ашитын, сырыңды, мұңыңды бөлісетін де жолы бө¬лек, жөні бөлек достарды жа¬қын тартып, бауыр басып қала¬сың. Әріптес, құрбы, таныс достар да жеткілікті. Әрқайсысының өз орны бар. Барлығымен сыйластығымыз түзу.

– Өмірге құштарлығыңыздың құпиясы неде?

– Менің басты тірегім – діннің діңгектері. Нағыз мұсылмандар ешқашан психологтың күшіне жү¬гінбеген дейді. Барлық сұрақ-та¬рымызға жауапты қасиетті Құран¬нан таба аламыз. Кез келген жағдайды сабырмен жеңу керек. Алладан медет тілеп, жақсылықтан үміт үзбеген дұрыс. Қиындықтың артынан бір жақсылық туатыны анық. Адамның жүрегі таза, жа¬ман ойдан аулақ болуы міндет. Жақ¬сы ойдың жетегімен жүрген адам жақ-сылыққа жетеді. Сондықтан жақсылыққа сену қажет. Мен осын-дай ойлармен өмір сүремін. Бұған қоса, адам бойындағы көр-кем мінездердің бірі кешірімділік, қандай жағдай болмасын, бір-бірімізге кешірімді болуға тырысайық.

– Алдағы жоспарларыңыз…

– Әрине, жаңа әндер жазу жоспарда бар. Сондай-ақ, дуэттерге көңіл бөліп жатырмын. Кіммен дуэт айтатынымды әзірге айтпай-ақ қояйын. Алдағы уақытта көре жатарсыздар. Шынымды айтсам, бүгінде үлкен ізденісте жүрмін. Жаңа бейнебаян да түсіргім келеді. Әрине, ең негізгі армандарымның бірі – жеке шығармашылық кешімді өткізу. Алла сәтін салса, осы жоспарларды жүзеге асырмақпын.

Осы айдарда

Back to top button