Қоғам

Баян-Өлгейдегі ағайындарға көмек көрсетіледі

Баян-Өлгейдегі ағайындарға көмек көрсетіледі


Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында толассыз жауған нөсердің соңы алапат селге ұласқан. Жауын-шашыннан жергілікті Қобда өзеніндегі судың деңгейі көтеріліп, 100-ден астам үйді қора-қопсымен қоса ағызып әкеткен.

Куәгерлер табиғи апаттан төрт жасар бүлдіршін мен ересек адамның көз жұмғанын айтуда. Тағы 700-ден аса адам баспанасыз қалған. Олар әзірше киіз үйлерді паналап отыр. Ал қираған үйлер қайта жөндеуге келмейді. Сел салдарынан үй жануарлары да қырылып қалған. Алайда, келген шығын көлемі әлі анықталған жоқ.

Естеріңізге салайық, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 15-шілде күні Ұлан-Батыр қаласында өтетін XI АСЕМ саммитіне қатысу үшін Моңғолияға аттанған. Осы сапары барысында еліміздің Премьер-Министрі Президент тапсырмасы бойынша Баян-Өлгейге арнайы ат басын байлап, апаттан зардап шеккен ағайындармен кездесті. Кездесу барысында ол қиын жағдайға душар болған қандастарымызға Қазақстан тарапынан гуманитарлық және басқа да көмектер көрсетілетінін айтты.

Еуропаның банктері тығырыққа тірелді

Еуроодақтың қаржылық секторы жаңа капитал тарту мен несиелер бойынша дефолт кесірінен қиын жағдайға тап болды. Еуроодақ банктеріне бухгалтерлік баланстағы «саңылауды» жабу үшін 150 млрд. еуродан астам қаржы керек.

Егер тез арада қажетті ақша аударылмаса, Еуроодақтың банк жүйесін күйреу қаупі күтіп тұр, –деп ескертті «Welt am Sontag» неміс басылымына берген сұхбатында «Deutsche Bank» өкілі Дэвид Фолькертс.

Сондай-ақ, қаржыгер 2008 жылы АҚШ-тың банк секторын реттеу үшін 500 миллиард доллар кеткенін айтты. Одан үш есе аз ақшамен Еуропаны құтқаруға болады. Бірақ, бұл міндетті нормативтерді құрбандыққа шалуды талап ететін өзекті мәселе.
Бәрінен бұрын маман Италияның банк жүйесі үшін алаңдаулы. Ондағы мерзімі өткен несиелер көлемі 350 млрд. еуроға жеткен және күн санап артып келеді.

Францияда лаңкестік әрекет болды

Францияның Ницца қаласында 14-шілде күні кешке орын алған лаңкестік әрекет салдарынан сексеннен адам көз жұмды. Осы елдің Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазірге дейін құрбан болғандар саны 84-ке жеткен.

Естеріңізге сала кетсек, Ницца жағалауында Бастилия қамалын алу күнін тойлау барысында жүк көлігі жиналған жұртты басып өтіп, артынша көліктен адамдарға оқ атылған. Шабуыл салдарынан сексеннен астам жазықсыз жан қаза тапты. Оның ішінде балалар да бар. Бұған қоса 18 адам ауыр жарақат алса, 100-ден астамы жеңіл жарақаттанған. Оқиға орнында төрт қазақстандық болған. Олардың төртеуі де аман.
Бұл терактіні «ДАИШ» ұйымы өз мойнына алды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Франция Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Осы айдарда

Back to top button