Баян бәріне де үлгереді
Баян Нұрғалиева ұзақ жылдан бері Семейдегі №3 мектепте еңбек етіп келе жатыр. Жоғары санатты ұстаз. Туған жері – Абай елінің Саржал ауылы. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының батыры Жанғазы Молдағалиев ауылында өтіпті. Білімді де сол жерде алып өскен.
-Жұбайым Баян – отбасымыздың ұйтқысы, берекесі,-дейді ол туралы ері Жанарбек Құсайынов, – балаларымыз Құралай, Назерке, Мирастарға үнемі аналарыңды сыйлаңдар, қадірлеңдер деп отырамын. Ананың аялы алақанынан артық не бар?! Баянға оңай емес, мектепте 25 баланың білімі мен тәрбиесіне жауапты. Сондықтан да үйге шаршап келген кезде бір сәт демалып, тынығып алса деп отырамын. Бірақ ол жұмыстан келе салысымен үй шаруасына кірісіп кетеді. Туған-туыстың қамын, балалардың жайын ойлап бір тыным таппайды.
Баян Қабидешқызының еңбекқорлығы мен іскерлігін өзімен бірге істейтін ұжымдағылардың барлығы мақтан етеді. Жақында мектепте «Мәңгілік ел» кабинетінде балаларға арнап «Рухани адамгершілік» сағатын өткізіпті. Бұдан соң қала мектептерінің ұстаздарының сұрауы бойынша 2 «а» сыныбында «БЖС» технологиясынан ашық сабақ өткізіп, бұл еңбегі қалалық білім бөлімі тарапынан жоғары бағаланды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатады қазақ, бұл сөздің жаны бар.
Елбасымыз Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуы керек деген тапсырма қойып отыр. Соған орай «Болашаққа ұмтылған мектеп: дәстүр, инновация, тәжірибе» атты семинар өтіп, онда да Баян Қабидешқызының еңбегі жоғары бағаланды. Сол сияқты еліміздің бірінші ханымы Сара Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» пәніне арналған апталығын да қала бойынша сәтті ұйымдастыра білді.
– «Өзін-өзі тану» – зерделілікке, рухани байлыққа жетелейтін пән, – дейді Баян Қабидешқызы, – баланың келешекте қандай адам болуы ең алдымен өзі туған отбасында алған тәлім-тәрбиесіне, әкесі мен анасының, ата-әжелерінің қарым-қатынасына байланысты. Біз ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Әр ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы болуын қалайды. Ендеше олардың бала тәрбиесінің нәзік тұстарын білуі шарт. Ұстаздар қауымы білім берумен қатар, бала тәрбиесінен де тыс қалып көрген жоқ. Жас жеткіншектің бойында ізгілік мен мәдениетті қалыптастыра білу біз үшін аса маңызды.
Елбасы биылғы Жолдауында білім сапасын арттыра түсуді міндеттеген-ді. Баян Нұрғалиева – сол міндет үдесінен көрініп жүрген жоғары санатты ұстаз. Ол – шәкіртінің бойына адамгершілік дәнін себе білген тәрбиеші, туған жері Абай елінің қадірменді қызы, отбасының жылуын сақтаушы аяулы ана.
Раушан Нұғманбекова
Семей.