БАЙ АҚШАНЫ, АҚША КЕДЕЙДІ БИЛЕЙДІ

Бір депутаттың, бір министрдің бір айлық жалақысын қатардағы он, жиырма адам еңбекақы етіп бөліп алып отырған бүгінгі заманда, жемқорлар жайлаған, кісі ақысын жегендер, пара алып қуланғандар көбейген қазіргі уақытта бай, ауқатты адамдар туралы біржақты түсінік қана қалыптасқан. Содан да болар өзінің кедейлігін байлардан көретін психологиялық сананың сеңі де бұзылмай келеді. Ал адал жолмен, маңдай термен табыс тауып, тұрмысын түзеп, іскерлігінің, үнемшілдігінің, ұқыптылығының арқасында көтеріліп жатқан байлар қызығатын, үлгі алатын, үйренетін адамымыз болуы керек. Қолыңда қаржың, жағдайың жоқ екен, тым болмаса мемлекетің жыл сайын тегін беріп жатқан грантты алуға талпынып, кәсіп қылуға тырыс.
Қайтарымсыз қаржыны қалай алуға болады?
Наурыз айынан бастап облыста жұмыссыздарды «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқыту қайтадан басталады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл, қала тұрғындарына жаңа бизнес идеяларды іске асыруға, өз кәсібін ашуға, мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алуға және төрт пайызбен несие алуға мүмкіндік беретін «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуға ниеттенгендер қатары жыл сайын артып келе жатыр. Өтінім бергендер санының жоспардағыдан артып кетуінен оған қатыса алмай қалып жатқандар да бар. Мамандар бағдарламаға қатысу үшін қазірден бастап аудан орталықтарындағы, қалалардағы «Жұмыспен қамту орталықтарына» барып тіркеліп, бағдарламаға қатысуға жолдама алып, «Бастау-Бизнес» оқуларына ертерек өтінім беріп қою қажеттігін айтады. Бағдарламаға қатысудың, оған қандай құжат тапсыру керектігінің егжей-тегжейін жұмыспен қамту орталықтарының, аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалдарының мамандары түсіндіреді.
– «Бастау-Бизнес» оқуларына өздігінен өтінім бере алмағандар, тіркеле алмағандар аудандар мен қалалардағы кәсіпкерлер палатасы филиалдарына барып, сол жердегі мамандардың көмегімен тіркелулеріне болады. Елдегі пандемия жағдайына байланысты «Бастау-Бизнес» оқулары биыл да онлайн өтеді. «Нәтижелі еңбекпен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында оқытылатын «Бастау-Бизнес» жобасы әдеттегідей биыл да 21 күннен кем емес уақыт оқытылады. Осы уақыт ішінде қатысушыларға кәсіпкерлікті қалай бастау керек, қандай кәсіппен айналысқан тиімді, бизнес-жобаны қалай жасау қажет, бизнесіңді қалай дамыту керек деген сияқты толғандырған сауалдардың бәріне толық жауап тапқызатын 50 тренингтік сабақ оқытылады. Оқу 4-5 кезеңмен өтеді. Ол сабақтарды «Бастау-Бизнес» оқуларын жүргізуге орай арнайы білім алған, білімін жетілдірген 10 бизнес-тренер жүргізеді, барлығы да өз облысымыздікі,-дейді облыс кәсіпкерлері палатасының өкілі Айгүл Шәкірова.
Осы арада «Бастау-Бизнес» онлайн өтеді, алайда кейбір ауылдарда ұялы байланыс, интернет деген жоқ, сонда ол ауылдардағы тұрғындар бағдарламаға қалай қатысады?» деген сауал туындайды.
Мұндай жағдайларда қатысушылар ауылдық округ әкімдігіндегі интернет желісі арқылы байланысқа шығып оқып жүр екен. Адам саны артып, көбейіп кеткендігінен қатыса алмай жатқандар бар болса да, интернет байланысының жоқтығынан «Бастау Бизнесті» оқи алмай қалған ешкім жоқ көрінеді.
Мамандардың айтуынша, 2017 жылы бастау алған «Бастау-Бизнес» бағдарламасына Үржар, Мақаншы, Жарма, Зайсан, Күршім, Аягөз, Ұлан аудандарының тұрғындары белсенді қатысып келеді.
Шәкіртақы ала отырып тегін оқиды
«Бастау-Бизнес» бойынша оқып, сертификат алған қатысушылар төрт пайыздық жеңілдетілген несие алып, арнайы өткізілетін грант бөлу конкурсына қатысып, 200 АЕК (1 АЕК – 2,917 теңге) көлеміндегі (500 мың теңгеден астам қаржы) мемлекеттік қайтарымсыз қаражат алып, жеке кәсібін аша алады. Гранттар ауыл, қала тұрғындарына биыл да беріледі. Мемлекеттік грантқа «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қысқа мерзімде шаштараз, аспаз, жиһаз құрастырушы сияқты әртүрлі мамандықтарды оқығандар және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, бағдарлама аясында қоныс аударушылар мен оралмандар үміткер бола алады. Яғни, көпбалалы аналар (атаулы әлеуметтік көмек алатын), бағдарлама бағыты бойынша оңтүстік жақтардан, жұмыс күші артылған өңірлерден көшіп келгендер, оралман мәртебесін алғандығын айғақтайтын куәлігі барлар да конкурсқа қатысып, «Бастау-Бизнесті» оқымаса да қайтарымсыз қаржы алуларына болады. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар кәсіпті бастауға қажетті еңбек құралдарын (мысалы, шаштараз құралдарын, кондитер жабдықтарын), технологиялық жабдықтарды, мал, құстарды, т.б сатып алу үшін мақсатты жұмсалуы тиіс.
Жұмысынан қысқарып қалған немесе жұмыссыз жүрген ауыл, қала тұрғындары « Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы арқылы қысқа мерзімдік үш айлық оқыту курстарын оқып, жаңа мамандықты игерулеріне мүмкіндік бар. Қысқа мерзімдік оқыту курсын оқып жатқандарға үш ай көлемінде шәкіртақы, оқитын жеріне барып, келу жолақысы төленеді.
“Кедей – жақсы, бай – жаман” деген заман
Бір депутаттың, бір министрдің бір айлық жалақысын қатардағы он, жиырма адам еңбекақы етіп бөліп алып отырған бүгінгі заманда, жемқорлар жайлаған, кісі ақысын жеп, пара алып қуланғандар үсті-үстіне көбейген қазіргі уақытта бай, ауқатты адамдар туралы біржақты теріс түсінік қана қалыптасқан. Содан да болар өзінің кедейлігін байлардан көретін психологиялық сананың сеңі де бұзылмай келеді. Ал 1928 жылдары жазықсыз кәмпескеленіп, жер аударылып, кеңестік әдебиетте озбыр етіп сипатталған баяғыдағы қазақ байларының басым көпшілігі елге, ағайынға қарасқан, маңдай терімен мал жинап, дәулетін асырғандар екенін енді естіп, біліп, ұғып жатырмыз. Сол «Кедей – жақсы, бай – жаман» деген заман әлі тұр. Қымбат «Джип» мінген әйел көрсе, бір бастықтың немесе бір жемқордың әйелі, тоқалы деп топшылап жатады. Оның көлігі де, басқасы да отбасының, мүмкін әйелдің өзінің маңдай терімен біткен дәулет екенін ойлай бермейді. Адал жолмен табыс тауып, тұрмысын түзеп, іскерлігінің, үнемшілдігінің, ұқыптылығының арқасында көтеріліп жатқан қазіргі байлар, кәсібін дөңгелеткендер қызығатын, үлгі алатын, үйренетін адамымыз болуы керек. Қолыңда қаржың жоқ екен, жағдайың жоқ екен, тым болмаса мемлекеттің тегін беріп жатқан грантты алуға талпынып, кәсіп қылуға тырыс.
Кәсіп дегеннен шығады. Адамның бойында кәсіп көзін ашуға, табысты еңбек етіп, пайда табуға деген бейімділік, талпыныс бала кезден қалыптасу керек деп жатыр қазіргі психологтар, бизнес-тренерлер. Бала өмірінің бағыттарын қалыптастыратын ата-ана оған адал бол, мейірімді бол, адамды сыйла деумен бірге оны жақсы тұрмыс кешуге, бай болуға, бар болуға ынталандырып өсіру керек. Бай ақшаны билейді, ақша кедейді билейді дейді. Кедей тапқанын тауыса жұмсап жатқанда, еңбегімен жетілген бақуаттылар табысын еселеп, жинап, оны игілігіне жаратып, жайлы тұрмыс кешіп жүргенінің сырын ұққан бала оның арғы жағына үңілмей қоймайды. Ондай болу түсімізге де кірмейді демес үшін, тонналап астық, жанармай сататындарды, қозғалымсыз мүлік, той бизнесімен айналысқандарды айтпай-ақ қояйын, базардың павильонында бір азғана киім-кешек саудалап отырып, екі баласына, өзіне кедейшіліктің қамытын кигізбей, тұрмысын көтерген, бір бөлке нанның қалай келетінін балаларына кішкентайынан көрсетіп өсірген жалғызбасты ананы білемін. Екі баласы медициналық жоғары оқу орнында оқып жүргенде түнімен тамақ әзірлеп, өзінің де, базардағылардың түскі асын ұқыптап пісіріп ала барып, киім-кешек саудалаудан бөлек, тамақ сатудан да талай табыс түсіріп отырды. Оқуын қызыл дипломмен аяқтап шыққан ұлына су жаңа жеңіл машинаның кілтін ұстатты әлгі апайымыз сол кезде. Бей-берекет шашпай, үнемдеп жүріп есіл еңбекпен жиған дәулетін отбасының игілігіне, қызметіне жұмсады өстіп.
Ауылдағылар қазір қалада жоқ көкөністің, құрт, май, қаймақ, қымыз бизнесінің қадірін біліп, жүргізе бастады. Гүлденуі алда деп отырған ауыл шаруашылығын ауыл халқы кәсіп көзі етіп, шыр айналдыра алса, мемлекет, жергілікті билік соған мол мүмкіндік туғызса деп армандайсың.
Ұзын сөздің қысқасы, кәсіпкерлік саласының, кәсіпкерлікпен айналысудың әлеуметтік жағдайды жақсартудағы маңызын жастар бала кезінен бастап түсініп, жеке кәсіппен айналысуға бейім болуы тиіс. Осыны ұл, қыздарға ұқтыру үшін 2019 жылдан бері «Атамекен» ҰКП мен Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру мекемелеріндегі кәсіпкерлік іс-әрекеттің негіздері» атты жобасы жүзеге асырыла бастады. Қазіргі күні осы жоба аясында облыс мектептерінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні оқытылып жатыр. Біздің облыстағы 127 мектеп пен 66 колледж, 56 ЖОО ұстаздары «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқытуға даярлықтан өткен. Бүгінде облыстың 298 мектебіне «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілген. 10-11 сынып оқушыларының өз таңдаулары бойынша жүргізілетін бұл пәнді қазір 7 951 оқушы оқып жатыр. «Кәсіпкерлік негіздері» 44 колледжде де оқытылып келеді.
Өткен жылдың қараша-желтоқсанында облыстағы танымал деген 28 кәсіпкер аудандар мен қалаларда осы пәнді оқытып жатқан 106 мектеп пен 44 колледжде болып, кәсіпкерліктің қызығы, шыжығымен, өз тәжірибелерімен бөліскен.
–Мектеп оқушыларының, колледж студенттерінің бизнеске деген қабілетін ояту, кәсіпкерлікке бейімділігін ынталандыру мақсатында облыс кәсіпкерлері палатасының бірлесе ұйымдастыруымен жыл сайын облыста жастар арасында «Justar Startup» конкурсын өткізіп келеміз. Балалар мектеп қабырғасынан бастап кәсіпкерліктің шет жағасын біліп, қаржы сауаттылығына үйренсе, жеке кәсіпке деген қызығушылығы оянып, кәсіпкерлікті табыс көзіне айналдыруға бейім болып өседі. Сол мақсатта біз облыс мектептерінде белгілі кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Егер оқушылар, студенттер елге танымал кәсіпкерлермен жүзбе-жүз кездесіп, сөйлеспесе, айтқан әңгімелерін тыңдамаса, онда жасалып жатқан іс-шаралардың бәрі босқа кеткендігі, – дейді облыс кәсіпкерлері палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан (суретте).
Жанаргүл Мұқатай