Бауырсақ пісірудің тәсілін үйретті

Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайында Наурыз мейрамы қарсаңында басты ұлттық тағамдардың дайындалу тәсілі айтылды.
Мерекеге келген Кәмшат апа бауырсақ дайындау тәсілі туралы түсіндірді. Оның айтуынша, бауырсақтың дөңгелек пішінін сақтап пісуі өте маңызды.
– Бұрын бауырсақ қамырына тек жұмыртқа ғана қосылатын. Нәтижесінде ол ұзақ уақыт сақталып, бүлініп кетпейтін. Негізі, сол дұрыс. Ұзақ жолға алып шығуға таптырмайтын азық болады, – деді Кәмшат апа.
– Іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Мұражайдың бір бөлмесіне жер үстел қойып, жан-жағын құрақ көрпемен әсемдеп, мейрам көрінісін көрсетуге тырыстық. Осы бөлмеге қойылған өрнекті самаурын мен сандық халқымыздың қонақжайлылығын дәлелдегендей, – дейді музейдің бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Салтанат Сексембаева
Бұл мерекенің басты қонақтары «Айша бибі» қазақ мәдени орталығының өкілдері болды. Дөңгелек дастархан басына жайғасқан ұлттық киімдегі әжелер наурызкөжеден дәм татты.
– Наурызкөже – мерекенің басты тағамы. Ол қасиетті жеті дәмнен дайындалады және молшылықтың негізі болып есептеледі. Кездесу өте қызықты және танымды өтті. Өйткені бұл кездесуге әжелермен бірге үй шаруасындағы жас әйелдер де қатысты. Олар ұлттық тағамдарды дайындау бүгінгі күні әлдеқайда жеңіл бола түскенін, не керектің бәрі дүкенде тұрғанын айтып, қазіргі көженің құрамы қандай болуы керегі туралы кеңесті, – деді қазақ мәдени орталығының төрайымы Айман Ибрайқызы.
Әжелер мерекелік дастарханның барлық құпиялары мен тәсілдерін айтып болған соң бата беріп, жиылған жұртқа денсаулық, молшылық пен жақсылық тіледі.
Жасын Қалибек