Бауыржан облыс рекордын жаңартты
Семейде жеңіл атлетикадан біздің облыстың қысқы чемпионаты мәреге жетті. Жарысқа қатысушылар екі топқа бөлініп сынға түсті. 1996 жылы туғандар мен одан ересектер және 1997 туғандар мен одан кішілер арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Ересектер тобындағы сырықпен секірушілер бәсекесінде семейлік Бауыржан Серікбаев 5 метр, 50 сантиметр биіктікті бағындырып, өзінің жеке жетістігін 10 сантиметрге жақсартты. Бұған қоса, біздің облыстың рекордын жаңартты. Білікті мамандар еліміздің құрама командасының мүшесі Бауыржанның болашағынан үлкен үміт күтіп отыр, өйткені, 5,30 см. деңгейдегі көрсеткіш арқылы Азия ойындарына, ал 5,70 см. биіктікті алса, Олимпиада ойындарына қатысуына болады. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативі – 5,65 см. Қанатты жігітіміздің биыл 27 қыркүйекте Оңтүстік Кореяда өтетін ХVІІ Азия ойындарына қатысып қана қоймай, жүлделі орындардың біріне шығатындай мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, Орынгүл Зікіриенова 60 және 300 метрлік қашықтықтарда үздік шықса, Вета Харитонова кедергілі 60 ме-трге жүгіруде және ұзындыққа секіруде бірінші орынды жеңіп алды. 600 метрге жүгіруде глубокоелік Наташа Парамонова көмбеге бәрінен бұрын жетті. Риддерлік Мөлдір Сейітханова 1000 және 3000 метрлік қашықтықтарға жүгіруде алдына жан салмады. Үш қарғып секіруде Настя Заводина, кедергілі 400 метрлік қашықтықта Павел Кукин бірінші орынды иеленді.
Жалпы командалық есепте семейлік жеңіл атлеттер бірінші орынға ие болса, екінші орынды өскемендіктер, үшінші орынды риддерлік спортшылар еншіледі.
Әлімжан Қадылбекұлы