Бауырына сыр бүккен Бөрітастаған

Шығыстағы жұмбағы көп, қасиетті, киелі жердің бірі – Бөрітастаған. Кейбіреулер айдалада жатқан бұл алып тасты Бөрітастаған десе, бреулер Бөрітостаған деп те айтып жүр.
АҚСУАТТЫҢ ЖАЗЫҒЫНДА ЖАТҚАН ЖАРТАС
Бөрітастаған – Жәнтікей ауылдық округінің аумағында, Жәнтікей мен Кіндікті ауылдарының арасындағы мидай жазықта жатқан жартас. Бөрітастаған жартасының кереметтігі сонда – оның айналасында 50-60 шақырым радиуста ешқандай төбе жоқ. Жартастың ені 10 метр, ал биіктігі 50 метрдей. Терістік батысы жадағайлау, күнгей жағы тіп-тік жалама жақпарлар.
Табиғаттың қолымен жаратылған таңғажайып тасты Тарбағатай ауданына іссапармен келген «Дидар» газетінің журналистері де барып көрді. Қалың шилі, қара шеңгелді құба қырдың ортасында жатқан алып тастың жадағай жиегімен ең төбесіне шыққанда мидай жазықтың о шеті мен бұ шеті көз алдымызда алақандағыдай болып көрінді. Тарбағатай жоталарынан ескен салқын самалға маңдайымызды тосып, сайын даланың саф ауасын жұтып, жол бойы тісімізді шықырлатып, аузы мұрнымызды басып қалған қара шаңның әлегін әп-сәтте-ақ ұмыттық.
Бөрітастағанның атауына байланысты екі нұсқа болса, алып тас жайлы ел аузында әр түрлі аңыз, әңгімелер бар. Алаш арыстарының бірі – Отыншы Әлжанұлы «Дала уәлаяты» газетіне Бөрітастаған туралы қызықты аңызды ықшам мәтінде жариялап: «Тарбағатай тауының солтүстіктегі һәм Қалба тауының оңтүстіктегі бөктерлерінің ортасында Сарыдала деген жазық бар. Бұл даланың ортасында Бөрітастаған деген недәуір биік тау жартасы жападан-жалғыз тұрады. Ұшар басында үйілген тастар бар. Жұрт оны бұрынғы шамандар болған заманнан қалған деседі. Бұл оқшау тау турасында ел былайша айтады.
«Бұрынғы заманда бір үлкен алып дәу Тарбағатай тауында ешкі бағып жүріпті. Бұл алыптың денесінің зорлығы сонша, Түйемойнақтың басында отырғанда, мұның аяғы Ботамойнақта жатады екен. Күндердің бір күні бұл алып дәудің қосағы ешкілерін бағып, жіп иіріп отырғанда, кебенектеріне қасқыр шауыпты. Оның бөрілерге қаперінде лақтырған ұршығы барып Сарыдаланың ортасына түсіп, сол арада тау болып қалыпты дейді. Бұл таудың қасиеттілігі сонша, жанынан өтіп бара жатқандар жартастың төбесіне қандай да бір сый қалдырып кететін болған»… деп жазған деседі зерттеушілер.
Ержан Құттыбаев, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты, «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-1975 жылдары Екпін ауылының тумасы, физик-математик, марқұм Тоқтар Нұрекенов деген ғалым ағамыз Бөрітастағанды зерттеуді қолға алған болатын. Ол кісі бұл тас метеорит деп болжам жасаған еді. Бірақ нақты бекітпеген. 1998 жылы басына өзім барып, көлемін өлшеп, тастарын алып, ғалымдармен бірлесіп зерттеуге кірістік. Бөрітастаған тастарын үш жерден сараптаудан өткіздік. Ең әуелі, осы тастарды 1998 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті геологиялық-барлау факультетінің деканы Ахметов Ермек Мәуленұлына көрсеткенімде, ол кісі бұл тастардың гранит, кварц, дала шпаты екендігін айтты.
«Жартас болса, айдалада неге жалғыз жатыр?» деген сауал қойдым. Ғалым өсімдіктердің жердің астымен бір-бірімен тамырланып, байланысып жататынындай, таудың да тамырланып, пайда болатынын, өзінен 40 шақырымдай жерде жатқан таумен бұл жартастың жер астымен тамырлана байланысып жатқанын түсіндірді. Табиғаттың тылсым құбылысына лайықты ғылыми баға беру мақсатында 2014 жылы шілдеде «Тарбағатай табиғаты» бірлестігі «Бөрітастаған мәртебесі мен болашағы» атты респубикалық ғылыми- тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Светлана Смағұлова деген тарихшы ғалым жерлесіміз , осы конференцияда мұрағаттарды зерттей отырып баяндама жасады. Ғалым жартастың аты Бөрітастаған екенін дәйектеп қорытындылап, «Бөрітостаған» атауы қисынға келмейтінін дәлелдеді. Өзім де баяндама жасап, жартастың метеорит емес, тау жынысы екенін үш сараптама қорытындысымен бекіттім. Жартастың тау жынысы екендігін Алматыдағы ұлттық техникалық институт ғалымдарының, астаналық ғалымдардың және метеориттерді зерттеумен айналысатын астаналық Элеонора Сейітмұратова деген ғалымның дәлелдерін, сраптамаларын келтіре отырып нақтыладым.
Конференцияда жартастың атауы Бөрітастаған делініп нақтыланып, жартастың метеорит емес, тау жынысы екендігі тұжырымдалып, енгізілді. Осы шарада осыларға қоса Бөрітастағанға табиғи-тарихи ескерткіш мәртебесін беру жайлы қаулы қабылдадық. Сол жолы Бөрітастағанның төлқұжатын заңдастарып, жасаттық. Оны облыстағы ескерткіштерді қорғау мекемесіне өткіздім. Ол кісілер комиссияға, облыстық мәслихатқа ұсынатын болып қалған еді. Бірақ әлі күнге дейін Бөрітастағанды табиғи-тарихи ескерткіш қатарына алу, мәртебе беру мәселесі шешілмей келеді.
Бөрітастағанның әр жағында Ырғызбай әулиенің кесенесі бұлдырап көрініп тұр. Егер Бөрітастағанға табиғи-тарихи ескерткіш немесе ұлттық саябақ мәртебесі беріліп жатса, жан-жағы қоршалып, қорғалып, қараусыз қалған жұмбақ тас таптаурын болмай, қамқорлыққа алынар еді. Шаң қаптырған қара жолы асфальтталса, шетелдік туристерге ғана емес, өз еліміздің, өңіріміздің де тұрғындарына таңғажайып жартасты көруге мүмкіндік туып, ішкі туризм өркендеп, одан түсер табыс та молаяр ма еді.
КИЕЛІ ЖЕР ТОЗЫП БАРАДЫ
Сол 2014 жылы Ақсуатта өткен конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова:
«Бөрітастаған тауы немесе жартасы туралы жазылған, біз білетін деректер ХІХ ғасырдың соңына жатады. Оны зерттегендердің барлығы да бұл тау жайында, біріншіден, аңызға сүйене жазса, екіншіден, қасиеттілігін келтірген. Мәселен, 1906-1911 жылдар аралығында археолог, этнограф, тарихшы, қоғам қайраткері А.Адрианов Орыс комитетінің тапсырмасымен Батыс Алтай өлкесінде археологиялық зерттеулер жүргізді. Ғалым 1911 жылы Семейге келген сапарында Бұқтырма, Нарымда, Көкпекті, Зайсан, Ақсуат жерінде кездескен көне ескерткіштерге, обалар мен иероглифтік жазулары бар тастардың тарихына аса назар аударып, 1916 жылы Петроградта осы сапар барысында тапқан археологиялық нысандар жайында «К археологии Западного Алтая.Из поездки в Семипалатинскую область в 1911 г.» деп аталған еңбегін Императорлық археологиялық комиссия хабаршысында жариялаған еді.
Бір қызығы, ол сөз болып отырған Бөрітастаған жартасы туралы зерттеу жүргізіп, бұл тас жайында мол мәлімет қалдырыпты.
Бөрітастағанды осы өңір тұрғындары қасиетті санап, құрбан шалатын орынға айналдырған. Жартастың жоғары басында өсіп тұрған тобылғыға шүберек жыртыстарды байлап кеткен немесе өсімдік сабағына байлап, жартастың жоғары жағына лақтырған. Жартастың шығыс жағының төменгі бөлігінде 0,9 м биіктікте, көлденеңінен 6,40-8,52 м қуыс пайда болған екен. Бұл қуысқа кіру үшін, бүйіріндегі саңылаудан еңбектеп өткен. Осы қуыстың іш жағында, А.Адриановтың жазуынша, қара бояумен жазылған монғол тіліндегі жазу болған. Бұл жазу тігінен жеті қатардан тұрып, ұзындығынан 41,5 см алыпты. Жазу түзу әрі әдемі жазылып, анық көрініп тұрыпты. Осы жазудың сол жақ басында қара бояумен «И. Петржкевич. 19. 11/ІХ.02 ж деген жазу жазылған. Таста жазылған И. Петржкевич бір кездерде Зайсанда крестьян басшысы болған. Ал қуыстың төменгі оң жағында «1854. 25 тамыз күні» деген жазу бар. Бұл жазуды кім жазғаны белгісіз .
А.Адрианов сонымен қатар бұл жазудың оң жағында басқа да жеті қысқа жолдан тұратын, жіңішке карындашпен жазылған, бірақ сумен де, қылшақпен (щетка) ысқыласа да кетпейтін сөздер барлығын да айтады» деген тың деректерді баяндаған.
Қарап отырсақ, жапандағы жалғыз жартастың пайда болу тарихымен айналысқандардың барлығы бұл жартастың не құпиясы барын ашуға талпыныпты.
Бөрітастаған тауының пайда болуы жайында жазғандардың бірі –зерттеуші ғалым Бейсембай Байболов екен. Орыс география қоғамының Семейдегі бөлімшесінің шығарған «Записки Семипалатинского отдела Общества изучения Казахстана» деп аталған кітапқа «Бөрітастаған тауының шығуы туралы аңыз» деген атпен жариялаған шағын мақаласында ол да жоғарыдағы ел аузындағы аңызға сүйенеді. «Бөрітастаған» атауының шығуына орай Б.Байболов «қазақтар қасқырды «бөрі» деп атаған, соған тасты тастаған, осыдан «Бөрітастаған» деген атау шығады дейді.

Тарбағатай даласындағы Бөрітастаған тауы – киелі жерлер картасына енбесе де, мәртебе беріп қорғауға аларлық қасиетті орын. Қазіргі күні жартастың қос қапталы осында келгендердің айқыш-ұйқыш шимайына толып кеткен. Бөрітастағандағы ежелгі суреттер – нышандық белгілер, адам пішіндес мүсіндер мен әр алуан жануарлардың бейнелері қатты бүлінуге ұшырай бастаған. Жазбалардың басым бөлігі бүлінген, алайда қалған бөлігі әлі де өңірдің ежелгі тұрғындарының дүниетанымын ғылыми жаңғырту үшін, сонымен қатар жергілікті және халықаралық туризмді дамыту үшін аса қажет. Ескерткіш базасында ашық аспан астындағы музей жасауға да болады дейді археологтар.
Елеусіз жатқан Бөрітастаған, таңданта қаратқан алып тас біз ұзаған сайын бұлдырап, жұмыр жерде жұдырықтай ғана болып қалып бара жатты. Құрметтеп, сақтап, дәріптеудің орнына жапандағы жалғыз жартас деген көзқараспен қарап, тарихи құндылықтарымызды құртып алмасақ болды.
Жанаргүл Мұқатай