Қоғам

Бауырластар зиратын күтімге алды

Семей қаласындағы ардагерлер кеңесі мен «Шығыс» аймақтық әскери қолбасшылығы Силикат зауытының маңындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрбандарды бір сәтке еске алды.

Бауырластар зиратын күтімге алдыБауырластар зираты деп аталатын жерде 48 жауынгердің аты-жөні ғана нақты жазылғанмен, ардагерлердің айтуынша, мұнда белгісіз солдаттардың мүрделері жатыр. Соғыс кезінде Семейде №3593 госпиталь болған. Онда мыңдаған жауынгерлер ауыр жарақаттардан қаза тапқан. Қайтыс болған сарбаздарды ұмыт қалдырмау үшін қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Рашида Хасанова біраз жұмыс атқарды. Ол қаладағы құжаттану орталығынан осы госпитальде көз жұмғандардың тізімін тауып алған екен. Барлығы 101 адам болып шыққан.

– Мен бүгінде зиратты жас жауынгерлер күтімге алғанын көріп, қуанып қалдым, – дейді Рашида Хасанова, – осы үшін «Шығыс» аймақтық әскери қолбасшылығына ризамын.

Зиратты қалпына келтіруді 28738 әскери бөлім қолға алды. Бөлім командирі Бахтияр Исламовтың айтуынша, зират маңын тазалау енді басталды. Бейіт басы қоқыс алаңына айналғандықтан, мұнда тазалық жұмыстары үздіксіз жалғасатын болады. Енді семейлік ардагерлер аты-жөндері жазылмаған жауынгерлер туралы деректерді қарастырып, жаңадан стенд қоюды жоспарлап отыр.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button