Қоғам

Бауырлас қалалардан келгендер бар өнерін ортаға салды

Өскемендегі Достық үйінде бауырлас қалалардың I халықаралық өнер фестивалінің қатысушылары бас қосты.

Бауырлас қалалардан келгендер бар өнерін ортаға салдыЖиынға Барнаул, Бурса және Шәуешектен келген өнер иелері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Қала басшылығына алғыстарын айтты. Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов келген қонақтарды тұңғыш рет Шығыста өтіп отырған I халықаралық өнер фестивалінің ашылуымен құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі.

– Өскеменнің жеті мемлекеттің қалаларымен бауырлас байланыстығы бар. Конституция күніне орай бауырлас қалалардан келген меймандарға ризашылығымды білдіремін, – деген ол кездесуге келген қонақтарды таныстырып шықты.

Елімізде ең бірінші Достық үйі, этноауыл біздің өңірде ашылды. Қазіргі таңда Шығыс өңірі Белоруссияның Бобруйск қаласымен, Алтай өлкесінің Барнаул, Израильдің Йокнеам, Оңтүстік Кореяның Каннын, Түркияның Бурса және Қытайдың Шәуешек қалаларымен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыста жұмыс істеу үшін келіссөздерге қол қойған. Содан бері бауырлас қалалар өздерінің маңызды жаңалықтарымен, іс-шараларымен бөлісіп келеді. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Еркінбек Аязбаев халықаралық байланысымыздың дамығанын атап көрсеті.

Ал Түркияның Бурса қаласынан келген қалалық туризм бөлімінің директоры Тургай Мерджан Өскеменнің табиғатын көріп қатты таңданыпты.

– Екі достың қарым-қатынасы қандай жақын болса, Түркия мен Қазақстан, оның ішінде Өскемен мен Бурса қалаларының да достығы сондай болуы керек. Экономика, мәдениет, тарих жағынан алып қарасақ, бізге ең жақыны осы Қазақстан. Осы саладағы байланыс та жалғасын таба берсе екен. Шығыстың табиғаты керемет екен. Соған қарағанда туризмді дамыту қолайлы сияқты, – дейді Тургай Мерджан.

Көршілес Қытайдың Шәуешек қаласымен жылдан-жылға мәдени, сауда-экономикалық қарым-қатынасымыз да нығайып келеді. Естеріңізде болса, Шәуешекте жәрмеңке өткізіп, әннен шашу шашып, екі қала бауырластықтың беріктігін арттырып отыр. Сондай-ақ, тамыз айында қаламызға Шәуешектен келген делегация қытайдың тарихи өнері – фарфордан жасалған дүниелердің көрмесін өткізді. Одан бөлек, өз өнімдерін жәрмеңкеде саудалап, концерт берді. Жыл басынан бері Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналым 22,53 млрд. теңгені құраған.

– Өскеменмен Шәуешек қаласы – бауырлас қалалар. Халық Конституңия күнін жоғары көңіл күймен тойлап жатыр. Бүгінгі мейрамда біз де бар өнерімізді ортаға салуға тырысамыз. Қазақы сарында ән саламыз. Түске дейінгі шаралар өте әсерлі өтті. Осы орайда екі қаланың басшыларына рахметімді айтамын, – дейді Шәуешектен келген дәстүрлі әнші Қайрат Хамиұлы.

Бауырлас қалалармен мәдени, экономикалық қарым-қатынас қана емес, сонымен қатар медицинаның дамуына да айтарлықтай үлес қосылуда. 26-тамызда қаладағы Ана мен бала орталығына Израильден келген медицина мамандары хиругтерді оқытуды бастады. Жаңа әдіспен, оның ішінде бұрын-соңды Қазақстанда қолданылмаған эндоскопиялық әдіспен операциялар жасалуда. Сонымен қатар, 2013 жылы Оңтүстік Кореямен жасалған меморандум аясында адамдар скринингтен өтіп жатыр. Ал Алтай өлкесінің медицина мамандары келіп шеберлік сыныптарын өткізді. Облысымыздың мамандары да Барнаулға барып, білімдерін шыңдады.

Достық үйіндегі кездесу соңында қала әкімдігі шығысқазақстандықтар атынан келген қонақтарға естелік ретінде сыйлықтар тарту етті. Жиыннан кейін ресейлік аккордеоншылардан құралған «TWINS» дуэті, мемлекеттік үрлемелі аспаптардың солисі Игорь Бекетов пен Ресей кубогының екі дүркін иегері «Лариса» би студиясы, Шәуешек қаласының танымал әншісі Қайрат Хамиұлы және де Түркияның Бурса қаласынан келген өнерпаздар қалалықтардың құрметіне әннен шашу шашты.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button