Бауырлас қалалар арасында телекөпір ұйымдастырылды

Телекөпір: Еуразиялық экономикалық одақ
Кеше Астанада өткізілген Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері Президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою рәсімі қарсаңында Өскеменде аталған мемлекеттердің бауырлас қалаларын байланыстырған телекөпір ұйымдастырылды. «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының жылжымалы телевизиялық спутниктік стансасымен қамтамасыз етілген тарихи маңызы бар телекөпірге облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Алтай өлкесі мен Могилев облысының басшылары Александр КАРЛИН мен Петр РУДНИК қатысты.
«Алтай» технопаркінде өткен бұл шараға ауыл шаруашылығы, индустрия және өнеркәсіп салаларының кәсіпкерлері, студенттік құрылыс-еңбек отрядтары да қатысты.
Осы орайда айта кетейік, телекөпірді өткізу орны ретінде технопарктің таңдап алынуы кездейсоқ емес. Таяуда ол жерде «Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесі болған. Бейнебайланыс барысында аталған көрменің қатысушылары, облыстың ірі кәсіпорындары мен ауылшаруашылық құрылымдары өздерінің жобаларын көрсетті.
Үш елдің сауда-экономикалық, кәсіпкерлік, білім-ғылым, мәдениет пен өнер секілді сан саладағы өзара қарым-қатынастары әңгіме арқауына айналған жиында алғашқы сөздің кезегін аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ алды.
– Біз үш мемлекеттің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қоятын тарихи сәттің қарсаңында келелі жиын өткізіп отырмыз. Бұл – заңдылық. Біздің елдердің арасындағы байланыстар тұрақты және ұзақмерзімді сипатқа ие. Дәл осындай қарым-қатынас Шығыс Қазақстан, Алтай өлкесі және Могилев облысының арасында да берік орнап, Кедендік одақтың арқасында қанатын кеңге жайды. Айталық, өткен жылы біздің облыстың Ресей және Беларусьпен тауар айналымы 1 миллиард доллардан асып жығылса, биылғы төрт айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 300 миллион долларды құрады, – деп атап өткен аймақ басшысы бұл жетістіктер Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен еселеніп, ынтымақтастық байланыстар қазіргіден де биік деңгейге қадам басатынын жеткізді.
Бұдан кейін сөз тізгінін ұстаған Алтай өлкесінің губернаторы Александр КАРЛИН: – Біздің ел Қазақстанмен де, Беларусьпен де экономикалық және гуманитарлық салаларда тығыз байланыс орнатқан. Алтай өлкесіндегі сыртқы тауар айналымының үштен бірі Қазақстанға, оның ішінде ең қомақты үлесі шекаралық облыстар Шығыс Қазақстан мен Павлодардың кәсіпкерлеріне тиесілі. Кейінгі кездері Беларусь республикасымен, оның ішінде Могилев облысының ауылшаруашылық машиналарды құрастырушылармен тығыз байланыс орнатылды. Бүгінгі телекөпірдің Рубцовскіде біздің елдердің теміржол саласына қажетті сынақ зертханасын құру туралы шешім қабылданған халықаралық конференциямен қатар өтіп жатуы қуантады, – деді.
Айта кету керек, қазір облысымызда 250-ден астам Ресеймен бірлескен кәсіпорын заман талабына сай жұмыс істеуде. Біздің өңірден солтүстіктегі көршімізге минералдық өнімдер мен металдар экспортталуда. Гуманитарлық салада да байланысымыз мығым. Мәселен, Өскемен, Семей, Жаңа Сібір, Томск, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының жоғары оқу орындары көптеген бірлескен жобаларды қолға алып, ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Жастар саясатында да ілгерілеушілік анық байқалады. Ресей мен Беларусьтің студенттік құрылыс жасақтары өзара тәжірибе алмасуда. Алдағы уақытта олардың ауқымы бұдан әрі кеңейе түспек.
Телекөпір арқылы байланысқа Беларусь елінің өкілдері де шықты. Могилев облысының басшысы Петр РУДНИК сөзінің әлқиссасын шығысқазақстандық әріптесі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ назарына қаратып бастады. Ол өздерінде жарық көретінде «Могилевские ведомости» газетінде Шығыс Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігін паш ететін арнайы беттің жарық көруі күтпеген игі бастама болғанын тілге тиек ете келе, үш мемлекеттің одақтасуынан қандай нәтиже шығатынын санамалап берді.
– Біріншіден, тауар айналымы артады. Себебі, Кедендік одақ құрылғалы бері бұл көрсеткіш 1,4 есе өсіп, 2013 жылы 2,8 миллиард долларды құрады. Екіншіден, бірлескен кәсіпорындар құрудың әлеуеті артады. Мысалы, біздің облыс көлік дөңгелектерін молынан өндіреді. Сол сияқты жеделсатылар (лифт) мен қағаз шығаруда да ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз бар. Үш жүзден астам ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Могилев облысы сіздердің елдермен тығыз орныққан достық, әріптестік қарым-қатынасты одан ары тереңдетіп, өркендетуге әрқашан дайын, – деді Могилев облысының басшысы Петр РУДНИК.
Кедендік одақ құрылғалы тауар айналымы өскен
Талқылау барысында Шығыс Қазақстан жоғары деңгейлі толерантты өңір ретінде сипатталды. Ресей және Беларусь тараптары өзінің оң нәтижелерін көрсететін мәдени және этносаралық ынтымақтастық саласындағы облыс басшылығының жүргізіп отырған белсенді және жоспарлы жұмыстарына ерекше тоқталып өтті.
Сонымен қатар, телекөпірде үш тараптың өкілдері тақырыпқа орай әзірленген бейнематериалдарды тамашалады. Ондағы деректерге ден қойсақ, Кедендік одақ құрылғалы бері Шығыс Қазақстан мен осы ұйымға мүше елдердің арасында тауар айналымының көлемі 1,4 есеге ұлғайып, былтыр 294,2 миллиард теңгені құрады. Мұның ішінде Ресеймен арадағы тауар айналысы 1,3 есе өсіп, 268 миллиард теңгені құраса, Беларусь елімен 2,5 есе артып, 26 миллиард теңгеге жетіп жығылған.
Өскеменде салынып жатқан қуаттылығы жылына 120 мың автокөлікті құрайтын «Азия Авто» зауытында іргелес және жинақтаушы өндіріс кешендері қатар болады. Ол жерде жиыны 12 мың адам еңбекпен қамтылады. Жиынтықтаушы құралдармен қамтамасыз етуде үш мемлекеттің өндірушілері айналысады.
Бірлескен жобалардың тағы бірі ретінде 2012 жылдың тамыз айында «Өскемен «ҚазРосПромАрматура» ЖШС базасында ресейлік кәсіпорын «ЧелябинскСпецГражданСтрой» ААҚ-мен бірлесіп құрған жалпытехникалық мақсатта пайдаланылатын крандардың инновациялық өндірісін айтуға болады. Бұған қоса лицензиялық келісімдер аясында «СемАЗ» ЖШС мен «Минск трактор зауыты» арасында әртүрлі нұсқада «Беларусь» тракторларын шығару өндірісі жолға қойылған. Бес жыл ішінде аталмыш кәсіпорын 5 мыңнан астам тракторды құрастырып шығарған.
«Өндіріс қуатын жаңғырту, шығарылатын өнімдер түрлерін көбейту» жобасын іске асырып жатқан «Өскемен арматура зауыты» АҚ өз өнімдерінің 90 пайызын Ресейге жөнелтсе, энергия құрылғыларын шығаратын «КЭМОНТ» АҚ-ның тауарлары да аталған елде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Мәселен, өткен жылы кәсіпорын өндірген жалпы құны 10,8 миллиард теңгені құрайтын электр құрылғыларының 20 пайызы сыртқа сатылған.
Сол сияқты телекөпір барысында Алтай өлкесі мен Могилев облысының әріптестік байланыстағы жетістіктері бейнематериалдар арқылы баяндалды. Үш мемлекеттің бауырлас қалалары арасындағы алыс-беріс, экономикалық-әлеуметтік қатынастар туралы жиынға қатысқан кәсіпкерлер де өздерінің пікірлерін білдірді.
Әсемхан Досқұжанов, «СемАЗ» ЖШС директоры:
– 2009 жылдан бастап Семей қаласындағы біздің кәсіпорында «Беларусь трактор зауытының» лицензиясымен тракторлар құрастыру жұмысы жолға қойылды. Осыған дейін біз бес мыңнан артық трактор шығарсақ, жыл сайын 30 миллион доллардан астам қаражатқа тракторға қажетті жинақтаушы жабдықтарды сатып аламыз. Бұл бағытта Могилев облысымен тығыз байланыс орнатылған. Аталған облыста шығарылатын 320 маркалы шағын тракторларды да біздің кәсіпорында құрастырып жатырмыз.
Николай Якушев, «Эвалар» компанияның өкілі (Алтай өлкесі):
– Біздің компания биологиялық белсенді қоспалар мен дәрі-дәрмектер шығарады. 2005 жылдан бастап біз өз өнімдерімізді Қазақстан мен Беларуське шығара бастадық. Алғашқыда тауарларды кедендік ресімдеу, құжаттарды реттеу көп уақыт алатын. Кедендік одақ құрылғалы мұның бәрі жеңілдетілді. Соның арқасында 2013 жылы біз Қазақстанға 450 миллион рубльдің тауарын өткіздік. Келешекте сыртқы нарықтың сұранысына сәйкес экспорт көлемін бұдан да арттыра түсеміз. Оған үш мемлекет арасындағы экономикалық одақ та өзінің оң ықпалын тигізетіні даусыз.
Николай Сыса, «Протос» компаниялар тобының даму жөніндегі директоры, (Могилев облысы):
– Жиырма жылдан бері нарықта ойып тұрып орын алып келе жатқан біздің компания негізінен металл құрылымдарын шығарумен, техникалар жеткізумен, басқа да қызмет түрлерін көрсетумен айналысады. Еуропалық қондырғылармен жабдықталған әрі неміс технологиясына негізделген біздің компаниямыз өзінің сапалы өнімдерін басқа елдермен қатар Қазақстан мен Ресейге тиімді бағада шығаруда. Сол секілді өзімізге қажетті шикізатты Кедендік одаққа мүше елдерден еш қиындықсыз алып отырмыз. Бұл орайда Кедендік одақтың тиімділігін атап өткен дұрыс.
Серік Әбілхан