Қоғам

Бауыр еті баласынан айрылса да, өзгеге үміт сыйлады

Бауыр еті баласынан айрылса да, өзгеге үміт сыйладыМейірім

Перзентінен айырылу кімге оңай дейсің. Кішкентай періштесінен көз жазып қалу Дарханға да оңай тимегенін білемін. Құлынының өмірін аман сақтап қалу үшін басын тауға да, тасқа да соғып, қанша тырысқанымен еш қайран болмады. Өмірінің қуанышына, мағынасы мен мәніне балаған гүлі ерте солды. Десе де, уақыттан асқан емші жоқ. Кейде Дархан сол бір қиналған кезінде қол ұшын созып, көмектескен жандарға шексіз риза болады. Достары мен әріптестері, туыстары мен жақындарына деген алғысын қалай жеткізерін де білмейді. Осы орайда қарапайым азаматтың биік адамгершілігін паш ететін жайды баян етуді өзіме парыз санадым.

Бүгінгі менің кейіпкерім Дархан Қалиев – Глубокое аудандық қазынашылық басқармасының басшысы. Ол 2009 жылы отбасын құрған. Ал 2010 жылдың 10 тамызында тұңғыштары дүние есігін ашады. Жұбайлардың қуанышында шек болмайды. Өмірге келген сәбиге Дарын деген есім қояды. Дарын шынында да зерек те дарынды бала еді. Бірақ өткен жылдың мамыр айында кішкентай Дарын аяқ астынан ауырып қалады. Ең алдымен, қасының үстіне томпайып бірдеңе шығады. Ғылым тілімен атерома деп аталатын кесел Өскемендегі ана мен бала орталығында сылынып, алынып тасталғанымен, баланың қаны тоқтамай қояды. Көп қан жоғалтқан Дарын әлсіреп те қалады. Қан тапсырғанда тромбоциттердің қалыпты мөлшерден төмен екендігі анықталады. Сөйтіп, жергілікті дәрігерлер кішкентай Дарынды Астанадағы ана мен бала орталығының гематоонкология бөліміне апарып, қаратуға кеңес береді. Дегенмен мұндағы дәрігерлер баланың дертін бірден анықтап, диагноз қоя алмайды. Ал, баланың жағдайы күннен-күнге нашарлай түседі.

Баласының ауыр жағдайын көріп отырған ата-ананың жаны қайдан тыным тапсын. Дархан күні-түні ғаламторды шарлап, ұлын аурудан айықтырудың жолын іздейді. Сөйтсе, Белоруссияның астанасы Минскіде балалардың онкология және гематология ауруларын зерттейтін үлкен ғылыми-тәжірибелік орталық бар көрінеді. Бар жиған-терген қаражатын қалтасына салып алып, қыркүйек айында баланың диагнозын анықтау үшін Минскіге жол тартады.

Минскілік дәрігерлер Дарынның қанынан, жілік майынан, сүйегінен анализ алады. Тапсырылған анализ қорытындысы жиырма күн өткеннен соң шығарылып, баланың ақ қан ауруымен ауыратыны анықталады. Кешікпей минскілік әріптестерінің диагнозын астаналық дәрігерлер де растап, Дарынның жілік майын ауыстыру керек деген шешімге келеді.

Үш жарым жасар баланың жілік майын ауыстыру үшін, әрине, донор керек екені түсінікті. Міне, осы арада баласы үшін жан ұшырған ата-ана тағы да үлкен мәселеге тап болады. Алғашында көңілде Дарынның өзінің қарындасы, бір жасқа енді толған Данияның жілік майы сәйкес келіп қалар деген үміт болған. Бірақ Дарын мен Данияның жілік майының сәйкестігі отыз-ақ пайыз екендігі анықталады. Оның үстіне елімізде «донорлар банкінің» жоқ болуы да бұл істің оңтайлы шешілуіне кедергі келтіреді. Жаны қиналған ата-анаға донорды еріксіз шеттен іздеуден басқа амал қалмайды. Енді мына бір қайшылықты қараңыз, донор табылғанымен, елімізде жілік майын сырттан енгізуге заңымыз рұқсат бермейтін көрінеді. Дархан тағы да Минскіге барып, донор іздеуге бел буады. Сол кезде Астанада гематолог дәрігерлердің халықаралық үлкен бір жиыны өтеді де, осы шараға жоғарыда аталған Минскідегі балалардың онкология және гематология ауруларын зерттейтін ауқымды ғылыми-тәжірибелік орталықтың директоры да келеді. Кішкентай Дарынға донор қарастырып, қол ұшын созуға уәде береді. Тіпті, өзімен бірге баланың қан сараптамасын да ала кетеді.

– Бауыр еті – баламның көз алдымда аяқ-қолы семіп, жіңішкеріп бара жатқаны жаныма қатты батты. Мұндай дертпен ауыратын баланың ішкі құрылысы да, әсіресе, бауыры мен көкбауыры да өзгеріске түсіп, үлкейе береді екен. Мен қайтсем де квотаға қол жеткізуім керек екенін түсіндім, – дейді Дархан әңгімесін әрі жалғап.

Өкінішке қарай, квота сұрап еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің табалдырығын қанша тоздырғанымен еш қайран болмайды. Ондағылар «сіз жалғыз емессіз, кезегіңізді күтіңіз» деп салқын жауап беруден әрі аспайды. Ал бұл кезде Дарынның дерті сәт санап асқынып бара жатқан болатын.

– Жаны мұрнының ұшына келіп, қиналған адам өзінің әрекетіне, тіпті, сөзіне де есеп бермейтінін түсіндім. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер баламның тағдырына немқұрайлылық танытқанда мен тіпті: «квота бермесеңіздер, кранға шығамын» деп айтқаным есімде, – дейді Дархан.

Бірақ, мына өмірде қайғыңды түсінетін жақсы адамдар да көп қой. Қаржы министрлігінің қазынашылық комитетінің төрағасы Руслан Бекетаев, сенатор Сергей Плотников, Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо, сол кездегі Глубкое ауданының әкімі Нұрлыбек Шерубаев, облыстық қазынашылық департаментінің директоры Мұхтар Төлегенұлы сынды абзал жандардың көп күш салуы арқасында арман болған квотаға да қол жеткізеді-ау ақыры.

Сөйтіп, қарашаның ортасында Минскіге барады. Көп кешікпей донор да табылып, операция мерзімі желтоқсанның жиырмасына белгіленеді.

– Минскіде дүниенің төрт бұрышынан келгендер көп. Жалпы, жілік майын ауыстыру үшін кез келген мемлекет өз азаматына 170 мың АҚШ доллары көлеміндегі квотаны бере бермейді. Мысалы, Әзірбайжаннан баласын емдетуге алып келген бір азамат біздің квотамен келгенімізді естігенде «мемлекеттеріңіз қандай бай» деп таңғалып, сондай сүйсінді, – дейді Дархан. Ал мұндай операция Белоруссияның өзінің ішіндегі балалар үшін тегін жасалатын көрінеді. Осы орайда Дархан «Қазақстан неге сол елдерден мықты дәрігерлерді шақырып, осы операцияны өзімізде жасау мүмкіндігін қарастырмайды екен. Сонда бір балаға бөлінетін 170 мың долларға талай баланы құтқарып қалушы едік» деген өз ойын да жасырып қалмады.

Өкінішке қарай, операция жасалғанымен, дәрігерлер Дарынның өмірін аман сақтап қала алмайды. Желтоқсанның 27-сі күні кішкентай сәбидің жүрегі тоқтайды.

Елге оралып, баланы жерлегеннен соң Дархан жеке карточкасындағы бір миллион сегіз жүз елу мың теңгедей қаржы туралы есіне алады. Бұл қаржыны «Минскіде қажетіңе жаратарсың» деп әріптестері, дос-жарандары мен туыстары жинап берген болатын. «Көп түкірсе көл» – деген осы. Енді осы қаражатты не істеу керек? «Бұл қаржыны қайда жұмсадың, не істедің?» деп есебін алып жатқан ешкім жоқ. Егер кішкентай Дарыны аман болғанда, әрине, бұл ақшаны оның дәрі-дәрмегіне жұмсар еді-ау. Әріптестері, дос-жарандары мен туған-туысқа қайтадан үлестіріп беру тағы да ыңғайсыз. Дархан келіншегі екеуі ақылдаса келе бұл қаржының да жайын шешеді.

– Құдайға шүкір, біздің қол-аяғымыз бүтін, деніміз сау ғой. Жұрттың садақа деп берген ақшасын өз пайдамызға жарату азаматқа жараспас. Осы қаржыға да мұқтаж балалар бар шығар, одан да солардың қажетіне жұмсаған жөн, – деп шешеді Дархан келіншегі екеуі. Бұл ойын облыстық қазынашылық департаментінің директоры Мұхтар Төлегенұлына айтып, ақылдасқанды жөн көреді.

Мұхтар Төлегенұлы, облыстық қазынашылық департаментінің директоры:

– Бір күні Дархан келіп, маған карточкасында осынша қаржы жатқанын, оны мұқтаж балалардың қорына аударғысы келетінін айтқанда, оның биік адамгершілік қасиетіне риза болдым. Өз баласын ажалдан құтқара алмаса да, тағы бір бүлдіршінге қуаныш сыйлағысы келген жігіттің көңілін қалдырғым келмеді. Бұл мәселені ұжымның талқысына салып, ақылдаса келе аталған қаржыны Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі, он төрт жастағы Диана Биғалиеваның «Тұрғынүйжинақбанкіндегі» есепшотына аударуды жөн деп таптық. Аймағымызда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен «Мейірім» акциясы қолға алынғаны белгілі. Қазіргі күні осынау акция талай жетім балаларға өз пайдасын тигізуде. «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Диана Биғалиеваны облыстық қазынашылық департаменті 2011 жылы өз қамқорлығына алған болатын. Диананың болашақта баспаналы болуы үшін «Тұрғынүйжинақбанкінен» арнайы есепшот та ашып қойған. Ол есеп-шотқа аталған мекеме 2012 жылы 470 мың, 2013 жылы 406 мың теңге ақша аударыпты.

– Әр мереке сайын Диананы құттықтап, барып тұрамыз. Жаңа оқу жылы басталған кезде киімдері мен оқу-құралдарын алып береміз, – дейді облыстық қазынашылық департаменті директорының орынбасары Нұржан Оразбеков.

– Диананың өзі де біздің мекеме қызметкерлеріне сондай бауыр басып кетті. Сабағын да жақсы оқиды, арманшыл қыз. Біз балалар үйінің қабырғасынан шыққанда Диана баспанадан қиналмаса дейміз. Сол үшін тырысып та жатырмыз, – дейді облыстық қазынашылық департаментінің қызметкері Мағрипа Мусина.

Бұл шешім Дарханның да ойынан шыққандай. Дана халқымыз «Жетім көрсең, жебей жүр» дейді емес пе? Ал Дарханның азаматтығы мен адамгершілігі өзінің әріптестеріне де үлгі болғандай. Өмірдің мәні –ақшада емес, жүрек жылуында. Дарханның іс-әрекеті осыған дәлел болғандай.

Жетімге үміт отын сыйлаған Дарханға біз де сәттілік тілейміз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button