Батыстағы мұнайшылар шығыстан серіктес тапты

Қара алтын, газ, күкірт өндіріп, өткізіп отырған Теңізшевройлдай алпауыт компанияны қажетті өнімдермен жабдықтау әр кәсіпорынның да арманы шығар. Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Теңізшевройл компаниясының «Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау» атты біріккен бағдарламасы аясында тегін қаржылай қолдау алған Өскемендегі «Силумин-Восток» кәсіпорны елдегі осы ірі компанияның тапсырысын орындайтындай мүмкіндікке ие болып отыр. Шығыстық кәсіпорын енді өздерінің жаңа өнімдерін батыстағы мұнайшыларға өткізбек.
Технологиясы бөлек «Силумин-Восток»
Мұнай-газ саласының жергілікті жабдықтаушыларына арналған ЕҚДБ мен Теңізшевройлдың біріккен бағдарламасы отандық кәсіпорындардың өндірістік стандарттарын және басқару жүйесін халықаралық деңгейге дейін жоғарылатуға қолдау көрсетіп, тауарлар мен қызметтердің халықаралық жабдықтаушылармен тең бәсекеге түсе алуына мүмкіндік беріп, отандық өнімнің экспортқа шығуына жол ашады. Бағдарлама басталған сәттен бастап ірі мұнай-газ компанияларына тауарлары мен қызметтерін ұсынатын 17 қазақстандық кәсіпорын өздерінің басқару, тауар өндіру және қызмет көрсету деңгейін көтеріп, есеп жүйесін автоматтандырған.

Теңізшевройл және ЕҚДБ қазақстандық шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бірлескен бағдарламаларын 2015 жылдың қазанында бастаған. ЕҚДБ-ның аймақтық кеңселері арқылы іске асатын бағдарлама аясында біздің облыста екі кәсіпорын: Өскемендегі «Силумин-Восток» ЖШС және Семейдегі «Семей ағаш ылғалдау зауыты» ЖШС өз өнімдерінің сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыратын жаңа технологияның жетістігіне қол жеткізіп отыр.
Индустриялық-инновациялық даму кезеңінің екінші бесжылдығына аяқ басқан Қазақстан кәсіпорындарының ішкі нарықты қажетті, бәсекеге қабілетті отандық өнімдермен қамтуын мақсат еткен аталған бағдарлама аясында Өскемендегі «Силумин-Восток» ЖШС өз өндірісіне қойылған жаңа құрал-жабдықтың жұмыс технологиясын басқаруға жұмсалатын шығынның жартысын осы бағдарлама есебінен жапты.
-2016 жылдың соңында біздің компания соңғы үлгідегі шетелдік лазерлік дәнекерлеу жабдығын сатып алған болатын. Бұл технология дайын беттерді қосымша қоспаларсыз дәнекерлеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде теңгерме мен механикалық өңдеуді қажет етпейтін дайын өнім шығады. ЕҚДБ көмегімен жабдыққа арналған осы автоматтандырылған бағдарламаны орнаттық. Бағдарламаны енгізуге, мамандарды осы бағдарламамен жұмыс істеуге оқытып, үйретуге кететін қаржының жарты бөлігі ЕҚДБ мен Теңізшевройлдың бірлескен бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы есебінен жабылды. Бағдарлама уақытты үнемдеп, жоғары сапалы өнім алуды қамтамасыз етеді. Бағдарламаны орнатып, жаңа жабдықты барлық режимде тексергеннен кейін, біз Үлбі металлургия зауытынан уранды тасымалдауға арналған тот баспайтын болат белдік жасауға тапсырыс алдық. Мұндай жұмысты облыста бізден басқа ешкім істей алмайды. Мен бизнесмендерге, өңір кәсіпорындарына осы бағдарламаға қатысуға кеңес беремін. Жаңа технологиямен жұмыс істейтін құрал-жабдықтың мүмкіндігін одан сайын көбейткен заманауи бағдарлама өндірісті дамытып, еңбек өнімділігін арттыруға тамаша жағдай туғызды, -дейді «Силумин-Восток» кәсіпорнының маркетинг бойынша директоры Наталья Ежова.
«Жақсыны – көрмекке» деген, ЕҚДБ-ның облыстағы өкілдері жергілікті журналистерді ілгекті жапқыш арматуралар мен электр техникалық жабдықтар шығарып жатқан «Силумин-Восток» кәсіпорнындағы сол жаңа технологияның, тиімді бағдарламаның жетістігін көріп, бағалауға шақырды.
Бүгінде жергілікті үлесті дамыту, яғни, еліміздегі ірілі-ұсақты барлық компаниялардың, қызмет көрсетуші субъектілердің шетелдің емес, өзіміздің кәсіпорындардың өнімін сатып алуын көбейту Үкіметтің бақылауындағы маңызды мәселеге айналды. Ал сол алатын өнім әлемдік стандарттар көрсеткішіне, қазіргі заман талабына сай болуы шарт. Өнім сапасын әлемдік деңгейге көтеру үшін өндірушінің қыруар қаржы жұмсап өндірісті басқаруды автоматтандырып, жаңа технологиямен жарақтандырып, қызметкерлерін де оқытуына тура келеді. ЕҚДБ мен Теңізшевройлдың бірлескен бағдарламасының көздегені – мұнай-газ саласын жабдықтап келе жатқан және болашақта өнімдерін осы салаға шығарады -ау деген әлеуетті өндіріс орындарының осы мақсаттарға жетуіне қайтарымсыз қаржылай қолдау көрсету. Сондықтан елімізде мұндай бағдарламаның бар екенін облыс кәсіпорындарының білгені аса маңызды. ЕҚДБ осындай мүмкіндікті қолжетімді ете отырып, шығындардың бір бөлігін өтейді.
-Біз жергілікті жабдықтаушыларға халықаралық стандарттар мен сертификаттауды енгізіп, олардың тауарлары мен қызметтерін жетілдіріп, қолдау көрсетеміз. Бағдарлама сондай-ақ, жергілікті жабдықтаушылардың бастамасын қолдау арқылы мемлекет-жеке кәсіпкерлік серіктестігін жақсартуға және күшейтуге септігін тигізеді, – дейді ЕҚДБ-ның талдаушы маманы Бақытжан Мұхаммедияұлы.
Зауыт басшысы Зоя Новолодскаяның, өндірістің жылу энергетика шаруашылығы департаментінің директоры Дмитрий Лукинның (суретте) айтуынша, кәсіпорындағы жаңа жабдықтар өндірісті диверсификациялауға, әртараптандыруға жол ашуда.
Кәсіпорындарға мықты мамандар қажет
«Силумин-Восток» кәсіпорны сатып алған жаңа құрал-жабдықтарға кеткен несие қаржысының пайыздық қайтарымының жартысы «Даму» қоры арқылы субсидияланып отыр. Құралдарды басқару автоматтандырылып, өндірісті жаңа басқару жүйесіне көшірудің нәтижесінде «Силумин-Востоктың» ілгекті жапқыш арматуралары мен электр техникалық жабдықтары енді әлемдік стандарттарға сай сапамен шығарылып жатыр. Өндірістік жобалар жасауға консалтингілік қызмет те көрсететін кәсіпорын жобалау қызметі мен құрылыс-монтаждау жұмыстарына бірінші дәрежелі лицензия алған. Қазақстандағы ірі, бірегей инвестициялық жобаларға қаржы салып отырған Еуропалық қайта құру және даму банкі осындай дәрежеге жеткен өскемендік «Силумин-Востокты» еліміздің компанияларына өнімі де, қызметі де жоғары сапалы сенімді серіктес ретінде ұсынып отыр.

2011 жылдан бастап осы кәсіпорында еңбек етіп келе жатқан ұста Марат Баянаев (суретте) жаңа жабдықтар жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, еңбекақының өсуіне де игі ықпалын тигізгенін айтады. Шағын кәсіпорында жұмыс істеп жатқан 240 шақты жұмысшының орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Жылумен қамту саласына бағытталған негізгі өнімдерімен қоса, тапсырыстар бойынша модульдік шағын үйлер тәрізді сұраныс тудырған түрлі өнімдерді де шығарып жатқан еңбек ұжымы қазір үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Үш ауысым – зауытқа түсіп жатқан тапсырыстың аз еместігінің айғағы. Алдағы уақытта Теңізшевройлдай мұнай-газ өндірісінің алыптарымен байланыс бекіп, тапсырыстары түскен кезде жұмыс көлемі де, жұмыс орындары да әлдеқайда артады.
Жаңа техника, жоғары сапа, заманауи жетістік дейміз, мұның бәрі мықты маман болғанда ғана нәтижесін бермек, әрине. Елбасының еліміздің индустриялы аймақтарын, озық технологиялы өндірістерін қажетті техникалық мамандармен, жұмысшылармен, білікті инженерлермен қамтамасыз етуге орай берген тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті өз студенттерінің білімі мен тәжірибесін университетте ашылған «Карьера орталығында» толықтырып, көтеріп жатыр. Оқу зертханалары мен кәсіпорындардың өндірістерінде студенттерді кәсібі бойынша тәжірибелер бере отырып оқытып, түлектердің жұмысқа орналасуына көмек көрсетуді көздеп ашылған орталықты биыл алғаш рет 122 магистр бітіріп шыққан. Аймақтағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысушы кәсіпорындарға қажетті делінген мамандарды оқытып, даярлай бастаған осы орталықты бітіруші 122 жас түгелдей кәсіпорындарға жұмысқа тұрыпты. «Карьера орталығының» магистрлік білім бағдарламасы облыстағы кәсіпорындар мен Германия, Австрия, Франция, Ресей елдерінің университеттері, кәсіпорындарымен бірлесе отырып жасалынған екен. Студенттердің білімдерін бұрынғыдай жалпылама емес, белгілі бір нақты өндірістік сала аясында, бағытында көтеріп, жетілдіретін орталық өңір кәсіпорындарына мықты мамандар даярлауға күш салуда.
-Орталық қазіргі индустриялық-инновациялық өндірістің талаптарына сай, өңірдегі ірі салалық кәсіпорындардың қажеттілігіне жарайтын, сұранысын тудыратын мамандарды даярлауды қолға алды. Оқытуды, тәжірибеден өткізуді де өндірістермен серіктестік байланыста жүргізіп отырмыз, -дейді орталық директоры Гүлнар Кокаева.
Жанаргүл Мұқатай