Батыс Алтайдың туристік танымалдығы артып келеді

Алып Алтайдың батысы бұған дейін кең көсілген кенімен танымал-тұғын. Соңғы кезде мұнда геологтардан гөрі туристердің табаны жиі тиіп жүр.
Кеңес заманында шикізат көзі ретінде ғана бағаланған өңірдің экологиясы әжептәуір құлдырап кеткен болатын. Тәуелсіздік таңы Батыс Алтайға да еркіндік сыйлады. Жарты ғасырдан астам уақыт ауыр өндірістің табанына тапталған флора мен фаунаға араша керек еді. 1992 жылы мұнда Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы құрылып, сол үдеден шыға білді. Қызметкерлері жыл сайын қорықтың табиғи сипаты оңалып келе жатқанын айтады. Әсіресе, орманды отау бәсеңдегелі өсімдік түрлері бұрынғы қалпына келген. Қорық болғандықтан, мұнда бұрынғыдай бейсауат малдың тұяғы да тие бермейді. Осының бәрі экологиялық көрсеткіштерге оң әсер еткен екен.
-Флористік композициялар тұрғысынан алғанда, Қазақстандағы қорықтар арасында Батыс Алтай жетекші орындардың бірін алады. Резерваттың орман қоры қорықтың 65 пайыз аумағын алып жатыр. Самырсын, балқарағай, майқарағай, шырша және басқа да ағаш түрлері кездеседі. Өсімдіктердің 883 түрі бар, олардың 27-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Жануарлардың 230 түрі және құстың 162 түрі бар. Олардың арасында да «Қызыл кітапқа» енгендері кездеседі, – дейді қорық маманы Татьяна Эктова.
Адам аяғы сиреген соң мұнда жыртқыш жануарлардың саны көбейген. Осының арқасында табиғи теңгерім қалыптасып отыр.
– Күзде Батыс Алтайдың қоңыр аңы Көксу алабы арқылы Алтайдың өзге сілемдеріне көшеді. Көшпеген жануарлар қорық аймағында қыстайды. Біздің мамандар соларға күтім жасайды, – дейді Татьяна Эктова.
Ал мұнда турист тарту үшін жыл сайын түрлі фольклорлық фестивальдар мен қолөнер байқаулары ұйымдастырылып келеді. Қорық аумағында төрт экологиялық білім беру маршруты жұмыс істейді. Өлі көл, бес ғасырлық тарихы бар алып самырсын, «қойтастар саябағы» сияқты ерекше орындар Ресей мен Қытай туристерінің ауызында аңыз болып жүр. Әсіресе, тибет діндарларының Батыс Алтайға аңсары ауа бастаған. Экологиялық маршруттар сол нысандарға туристердің қоршаған ортаға зиян келтірмей, қауіпсіз жетуіне арналған.
Есжан Ботақара
Мақала облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді