Қоғам

Батыс Алтайдың бүккен сыры көп

Батыс Алтайдың бүккен сыры көп

Бағытымыз – Батыс Алтай қорығы. Қорық Риддерден әрі, Ресей шекарасына таяу жерде. «Мың рет естігенше, бір көріп қайтайық» деп Риддерге жеткен соң жеңіл көлігімізді тастап, жол таңдамайтын \”Уазикке\” жайғастық.

Тауды бөктерлей қиыршық тасты жолмен солқ-солқ етіп жүріп келеміз. Біз ойлағандай жолдың бел-белесі, бұралаңы көп емес, аш ішектей созылған өр ғана. Сол өрдің биігіне ілінген соң сәл аялдадық. Етектегідей емес, ызғар бар. Беткейлердегі қар үстінде қоянның ойқастаған іздері жатыр. Қоянның ізі деп болжағанымыз ғой, әйтпесе Батыс Алтайда кеміргіштерден бастап, құну, сілеусін, құдыр, елік, марал, бұлан, қоңыр аю сынды жануарлар өріп жүр. Өріп жүретіндігі, мұнда аң аулауға заңмен қатаң тыйым салынған. Біздің бара жатқан жеріміз де қорықшылар қорып жатқан қорықтың қақпасы.

Әр төбені таныстырып келе жатқан қорық директорының орынбасары Людмила Винокурова: – Анау төбе \”Три богатыря\” деп аталады. Аңыз-әңгімелерде үш жігіт жоңғарлардан қорғану үшін өздерін құрбандыққа шалып, биік тауға айналған. Содан жау әлгі таудан аса алмапты, – деді мұз құрсанған шыңды иегімен нұсқап.

Сонау шатқалдардың арасында мөлдіреген көлдер бар деседі. Солардың бірі – Радон көлі. Қасиетті көлді жетпісінші жылдары Риддер полиметалл комбинатының жұмысшылары жаңа кен орнын іздеп жүріп тауып алыпты. Көл жанындағы жотаның бүйірінде шахтаның бетондалған босағасы әлі күнге дейін тұр екен. Ол жаққа асай-мүсейіңді алып арнайы бармасаң, көлік жолы жоқ. Көлдің емін пайдаланайық деп ағылатын туристер де сирек. Сирек деймін, қар жамылған таудың басына кім барсын?! Оның үстіне ол жақта жатып демалатындай, ем алатындай мүмкіндік те жоқ. Жабайы туризм болмаса…
Ал анау биікті риддерліктер \”Ивановский хребет\” десе, көнекөз қариялардың айтуынша, жотаның ежелгі атауы Матай Қошқарбай асуы екен. Жоңғарлардан елін қорғап, асу үстіндегі жалғыз ғана жалғызаяқ тар жолмен ауылын арғы бетке өткізіп, аман алып қалған деген аңыз бар көрінеді. Не де болса ғажап көрініс. Суретке түсірдім. Шыңның биіктігі 3 мың метрге жуық. Биігіне шығып, жан-жағындағы тұмса табиғатқа көз тастаса, шіркін! Әй қайдам, шыңдары алыстан жап-жазық болып көрінгенімен, шыға қалсаң аяқ алып жүруің қиын шығар. Оны қойып белдеуіндегі қалың орманын жарып өтуің де мұң.

ТАУ БАСЫНДАҒЫ БАТЫРДЫҢ БЕЙІТі

Баяғыда жазушы Көкей Сақабаев күн жүріп сонау шыңның ұшар басына жетіпті. Тегі дайындығы мықты болса керек, әйтпесе қорым тастардан аяқ алып жүру оңай емес. Оның үстіне биіктегі ауаның қысымы бар. Асқаралы биігіне шыққан соң қолмен қалағандай қорым тастарды көріп, Қошқарбайдың бейіті осы маңда деп болжапты. Бір жазбасында: «…шыңның басына шыққанда, жұмбақ қорым менен жарты-ақ шақырым жерден көрінді. Мола емес, табиғи қорым тас. Тек бітімі бөлек. Қолдан жиғандай сандықталып, басқа шоқы жартастардан өзгеше түрде тұр. Қиялыңа болайын, қайран қазақ! Батырыңды ардақтап, Қошқарбайдың бейіті осыдан неге кем болсын, дедің ғой!» деп жазған еді.

Ал ардагер журналист Уахап Қыдырханның «Алтын ай» повесінде «жотаның үстінде үйілген тас Қошқарбайдың зираты» деген нақты дерек бар. Қошқарбай өз жасағымен қалмақтарды Ойрат асыра қуып тастаған соң, сауыт-саймандарын шешіп тастап, жайбарақат қайтып келе жатады. Сонда ұрыс даласында тірі қалып қалған дөрбіт Төреханның бас мергені жалғыз оқпен Қошқарбай батырды мерт етіпті. Батыр бір оқтық деген осы ғой. Бабамыз көз жұмған жерінде жерленген. Жаза берсек мұндай деректерді көптеп келтіруге болады. Тек Қошқарбай асуы екенін халықтың санасына сіңіріп жіберу керек шығар.
Батыр бабамыз қаза болған биіктің баурайы ит тұмсығы өтпес қалың жыныс. Жапырақты, қылқанды орманды аралай Громотуха өзені ағады. Асау өзеннің бастауы да осы маңда. Бірақ көп ұзамай Тихая өзенімен қосылып, Үлбіге айналады. (Громотуха, Тихая деп жазып отырмыз, бұлардың да тарихи атауы бар болуы керек).

Батыс Алтайдың бүккен сыры көп

Көліктің терезесінен телміре отырып шомған ой жолды едәуір қысқартты. Бір сағат болды ма, жоқ па, біз мінген \”Уазик\” шиқ етіп қорықтың қақпасына тірелді. Әрі өтуге болмайды. Ерекше қорғалатын аймақ. Жапа-тармағай көліктен түстік. Үш қорықшы жүр. Бірі \”ешқандай тәртіп бұзылған жоқ\” деп әскери тәртіппен Людмила Николаевнаға есеп берді.

Енді 22 шақырым жүрсек, Ресей екі ортадағы шекара сызығы. Арғы жағы Алтай Республикасы.

Батыс Алтайдың бүккен сыры көп

Қорықшы Шаяхмет Уалхановтың айтуынша, аумақта аң-құстар өте көп. «Аюдың ақырған дауысын жиі естиміз» дейді. Сәуірдің ортасына қарай еліктер де ауыпты. Қайдан, қайда ауғанын тәптіштеп сұрамадым.

– Мен қызметке кіріскелі бәлендей заң бұзушылық болған жоқ. Мылтық асынып, аң қуып жүргендерді де кездестірмедім, – дейді Шаяхмет Уалханов.
Батыс Алтай қорғауға алынғанға дейін бұл жерлерде ағаш кесіп, аң терісін дайындау кәсібінің дәурені жүріп тұрыпты. Жаңағы біз жүріп өткен жолмен Ресейге жүк көліктері іркес-тіркес ағаш та тасыған көрінеді. Бей-берекет орманы оталғаннан кейін аңы ауып, аумағының тоз-тозы шыққан. Кейін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, табиғат қайта қалпына келтіріле бастаған. Бүгінде 86 мыңнан астам гектарды алып жатқан қорық аумағы құлпырып тұр.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button