Қоғам

Батыс Алтай аңызға толы

Батыс Алтай аңызға толы


Риддердің бірі тынысы – туризм. Батыс Алтайды бөктерлей орналасқандықтан шаһардың қай шетінен шықсаң да тұмса табиғатқа тірелесің. Шығыстағы қысқы спорттың ұстаханасы саналатын Кенді Алтайда бүгінде жазғы туризм де дамып келеді. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы осы бағытта бірнеше маршруттар түзіп, бұқаралық туризмнің өрістеуіне жағдай жасауда.

Қорық директоры Әлібек Тоқымтаев биылғы жазда туристік маршруттарға 600-ден астам адам аяқ басқанын айтады. Оның 82-сі шетелдік азаматтар. Әсіресе буддистер Батыс Алтай қорығының аумағына жиі сұранады. Өйткені қаладан 60 шақырым жерде жатқан қорық аумағында жергілікті халық «ертегі тастар» деп атап кеткен табиғи тас мүсіндер кешені бар. Жаз туа будда ілімінің өкілдері осы жерге ағылып, табиғат қашаған тас мүсіндерге мінәжат етеді. Мүсіншінің аяқталмай қалған жұмысын көзге елестететін сан бедерлі тастар тікесінен тұруымен қызықты. Кешеннен ежелгі заманда діни ғибадат орны болғанын әйгілейтін қоңырау сынықтары мен өзге де құралдардың қалдықтарын кездестіруге болады. Ең үлкен үйтастардың биіктігі 35-40 метрге дейін жетеді. Бұл жерге туристер екі күн бойы жаяу жүріп жетеді. Аталған маршрут Ресей Шекарасына тиіп жатыр. Табиғи тас мүсіндер иіре тасталған асықтай 120 гектар алқапқа шашырай жайғасқан.

Қорықтың бір шетінде бес ғасырды басынан өткерген алып самырсын бар. Мұнда да көбінесе қытайлық туристер жиі табан тірейді.

-О баста асығыстық танытып, бұл самырсынға 400 жыл беріп қойғанбыз. Ал ғалымдар оның 500 жыл жасағанын айтады, – дейді Әлібек Тоқымтаев.
Жаяу серуенге құрылған маршрут болғандықтан, бұл жерге жасы жетіден асқан балалар тобын әкелуге де рұқсат бар. Бес адамның құшағына әрең сыятын алып самырсынның биіктігі – 18 метр, ені – екі метр. Оны қытайлықтардың киелі жаратылысқа балап, тәу етуінің бізге түсінікті себептері де жетерлік. Кез келген самырсын жай отын дарытпайтынын қазақтар ежелден білген. Қытайлықтар оның балқарағайының дәрілік қаисетін де киелілікпен байланыстырады. Бір қызығы, алып ағаш биіктей келе жеті салаға бөлініп өскен.

Қорық аумағындағы үшінші маршрут «Батыс Алтайдың эталоны» деп аталады. Ресейдің шекарасына дейінгі 116 шақырымдық асфальт жолдың өн бойы осы маршрутқа түгел енеді. Жолдың бірнеше бөлігінде сәл қиыс барып, орманды жазықтар мен шағын көлдерді дүрбімен тамашалайтын тұрақтар дайындалған. Бұл маршрут табиғатты темір тұлпармен аралауды ұнататындарға арналған.

Қорықтың ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 2776 метр биіктікте жатыр. Кеңес кезінде оны Ворошиловтың есімімен атап, бюстін қойған екен. Қазір бюсті алынғанымен есімі сақталған. Осы нүктеге дейінгі 10 шақырым жолды туристер жаяу жүріп өтеді. Соқпақтың бойында көптеген бастаулар жолығады. Алыстан кішігірім сарқырмалар гүрілдеп қарсы шығады. Ағашы қалың жерлерінде аю көп болатындықтан, мұнда келушілерге аса сақ болған абзал. Бұл машруттың тағы бір қызықты нысаны – «өлі көл». Подбелковый деп аталатын көлге қираған шахтадан родонды бұлақ келіп құяды. Сондықтанба, мұнда балық атымен жоқ. Ел арасында осы өлі көлден құйрықты тіршілік иесін көрдік деген әңгіме жиі айталды. Тіпті бұл көлде мутант-балық өмір сүреді деген әңгіме де тараған.

Бұл машруаттардың барлығы қорық аумағына кіретіндіктен, өсімдігін жұлып, аңы түгіл жәндігіне де тиісуге болмайды. Өйткені мұнда Қазақстан бойынша сирек кездесетін 890 өсімдіктің 27 түрі кездеседі. Соңғы жылдары Батыс Алтайда күзеннің саны күрт өсіпті.

-Бұл да қорық қызметкерлерінің қырағы жұмысының арқасы, – дейді Ә.Тоқымтаев. Қорық қызметкері Людмила Винокруова бұл аймақта да зерттеліп болмаған археологиялық қорымдар көп екенін айтады. Алайда Батыс Алтайдың бізге тиесілі бөлігіне тек туристердің ғана аяғы тиіп жүр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button