Батырхановтың ерлігі бағаланды ма?

15 ақпанда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алыстық. Жылдағыдай жылы лебіздер айтылды, монументке гүл шоқтары қойылды. Алайда борышын өтеп жүріп, оққа ұшқан жауынгерлер ерлігі есімізде ме? Айтпағым, былтыр тәжік президенті «Спитамен» орденімен марапаттаған жерлесіміз Раджан Батырхановтың бағасына жете алып жүрміз бе?
Батырымызды тәжік елі ұлықтап жатыр
Тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан катонқарағайлық Раджан Батырхановтың анасымен әңгімелестік. Семейде, кіші ұлының қолында тұрады екен. Кенжесі Самат та аға жолын қуып, әскери қызметті таңдапты.
Қизат Батырханова ұлынан айырылып қаламын деп ойлады ма?! Әскерде жүрген Раджан 1994 жылы соғысқа кетіп бара жатқанын анасына айтпаған. Алаңдамасын дегені ғой.
– Ұлым Катонқарағайда, Рыков атындағы мектепте оқыды. Сабағы да, тәртібі де жақсы еді. Сыныптастары арасында да сыйлы болды. Әдеби кітаптардан бас алмайтын. Ағалары «әлгі оқымысты қайда?» деп іздейтін де жүретін. Сурет салатын, волейболға баратын. Бірақ тұйықтау болды. Мектепті бітірген жылы бір баланың өмірін құтқарып қалды. Кешкісін ауруханада жатқан ағасына тамақ апарып келе жатып, саябақ ішінен қашып шыққан балаларды көреді. Сөйтсе, сол жерде біреуді пышақтап кетіпті. Сонда Раджаным ілесе қашпай, жанындағы досы екеуі әлгі баланы көтеріп алып, жолай кездескен көлікпен ауруханаға жеткізген. Кейін милиция тергеп, жауап алды. Мектепті бітіре сала әскерге аттанды. Іргедегі Күршімге кетті. Жақын жер деп қуандық. Алты айдан соң үлкен ұлымды алып барып қайттым. Бір күн қасымда болды. Соңғы көруім екен. Күршімнен сонау Тәжікстанға кетіп қалады деп кім ойлаған?! Ағаларымен ақылдасып, маған айтпаған. Тәжікстанға кеткенін білген де жоқпын. Бір сөйлескенімде, «Хат жазба, Алматыға волейболдан жарысқа кетіп барамын. Сол жақта кідіремін», – деді. Ағаларына «барлық тактикалық жаттығулардан өттім, уайымдамаңдар. Келген соң оқуға тапсырамын», – депті. Мен үйге сүйекті әкелгенде ғана Тәжікстанда болғанын білдім, – деген анасы Тәжікстан президентінен келген марапатты ұстатты. – Міне, тәжік еліне рақмет! Неше жыл өтсе де, ұлымды ұмытпай ұлықтап жатыр. Оның үстіне, Тәжікстанда Раджан Батырханов атында бір мектеп, бір көше бар екен.
Бізде Катонқарағай ауылында Р. Батырханов атында көше және түкпірдегі Шындығатайда застава бар. «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныстар айтылғанмен, нәтиже жоқ әлі. Ал батырдың сыныптастары өзі оқыған Рыков мектебіне Раджанның есімін беру керек деп есептейді.
– Біз ғана емес, қазақ елі Раджандай батырымен мақтануы керек. Р.Батырханов атында дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрса дейміз. Ал өзі оқыған мектепке атын берсе, орынды болар еді. Бұл ұсынысты Катонқарағай халқының қолдары анық, – дейді сыныптасы Айқын Зәлемұратов.
Иә, білім ордасына атын беріп, ауылына мүсінін орнатса, ер есімі ел есінде мәңгі жүрмей ме?! Қарулас достарының әңгімелеріне құлақ түрсек, қарша бораған оққа төтеп беріп, қырық шақты содырды жер жастандырған Раджанның ерлігіне қайран қаласыз.
Соңғы демі қалғанша лаңкестерге оқ жаудырды
ТМД аумағына үлкен қауіп төнгенін байқаған басшылар 1993 жылдың қаңтарында шұғыл кеңес өткізіп, шекараны бірге қорғауға уағдаласады. Тәжік-ауған шекарасында болған ардагерлердің айтуынша, «Қазбатқа» жауынгерлік дайындықтан өткен кіл мықтылар топтастырылған. Өйткені әккі содырлармен соғысуға аттанып жатты олар. Сол уақытта шекарадан ірі көлемде есірткі өткізу жиілеп бара жатқан. Оқтын-оқтын оқ атылып, қарулы қақтығыстар болып тұратын.
1994 жылдың 28 қыркүйегі. Гаюра мен Қарақол лаңкестері елді дүрліктіріп тұрған кез. Үкіметтің 30 шақты әскерін тұтқынға алып, кешкі сағат бестер шамасында Р.Батырхановтар бекінген елді мекеннің маңынан өтіп бара жатып, комендатураға оқ атып кетеді. Олар Киврон шекара заставасына бет алып, Ауғанстан асып кетпек болған. Оны сезген комендант Анатолий Михеев жеке құрамды көтеріп, содырлардың соңына түскен. Қосымша күш жеткенше лаңкестерді кідіртпек болғандары ғой. Бірақ бұл кезде кезекшілікке шығып кеткен заставаның сарбаздары Хакимнің содырларымен бетпе-бет келіп қалған. Күштің басымдығын байқаған лаңкестер жолда көлденең тұрған шекарашылардың БТР-ын алмақ болады. Застава бастығы лейтенант Владимир Селюк қолға қару алмас бұрын ымыраға келгісі келген. Жанына кіші сержант Р.Батырхановты алып, банда басшысымен сөйлесіп көреді. Көнгісі келмеген содырлар В.Селюкке жұдырық жұмсайды. Жағдайдың күрделеніп бара жатқанын БТР-дің үстінен байқап тұрған Асқар Қаңтарбаев «доғармасаңдар, пулеметтен оқ боратамын» дегендей содырларға ишарат жасайды. Содырлар көнген сыңай танытып, алыстай бере Р.Батырханов пен В.Селюкке оқ ата бастаған. Раджан сол сәтте-ақ бесеуін жер жастандырған. Застава бастығының автоматы істен шығып, аңтарылып қалған сәтте лаңкестердің бірі таяп барып атып тастамақ болады. Оны байқаған Раджан автоматты соған кезейді. Қарсылас та қарап тұрсын ба, атқан оғы Раджанның жамбасына тиіп, күре тамырды үзіп өтеді. Жараланып жатқанымен, атысты тоқтатпайды. Тоқтаса, жоғарғы жаққа бекінген сарбаздарды лаңкестер жайратып тастауы әбден мүмкін. Дұшпандар әлсіреген кезде В.Селюк қаруласын арқалап, майдан даласынан алып шығады. Тікұшаққа жеткенімен, 19 жастағы кіші сержант Р.Батырханов көз жұмды.
– Сол күндерді еске алғым келмейді. Әйтеуір, 1993 жылы Күршім шекара отрядынан шақырылып, Алматы облысында жауынгерлік курстан өттім. Катонқарағай ауданындағы комендатурада қызмет атқарып жүріп, 1994 жылы өз еркіммен тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттандым. Сол күнгі соғыс әлі көз алдымда. Мен жоғарғы жақтағы қаруластарыма оқ-дәрі жеткізіп тұрдым. Сондағы Раджанның көзсіз ерлігіне шын риза болдық. Оққа ұшады деп ойламадық. Соңғы демі қалғанша лаңкестерге оқ жаудырды, – дейді қарулас досы Нұржан Әтішев.
Бұл қақтығыста қырық шақты дұшпан жер жастанып, елуі жараланыпты. Қашып үлгіргендері де қолға түсіп, тұтқындағы сарбаздар құтқарылған. Ресми деректерге сүйенсек, 1991-1999 жылдары біріккен күштер үш мыңнан астам қылмыстық топты талқандаған. 30 тонна есірткі жойылған. Жүздеген оқ-дәрі, қару-жарақ тәркіленген. Мінеки, «Қазбаттың» қайсар әскері арқасында тәжік елінде бейбітшілік орнады. Оның ішінде Раджан Батырхановтың ерлігі ерекше еді. Ойлап қарасақ, Р. Батырхановқа «Халық Қаһарманы» атағы берілсе артық емес.
Ержан Кеңесұлы