Қоғам

Батырларға арнап ескерткіш орнатты

Батырларға арнап ескерткіш орнатты

Кеше Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде кәсіпкерлердің күшімен Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында мерт болған жауынгерлерге арналған ескерткіш – стелла ашылды. Сонымен қатар, стелланың қос қапталына майдан даласында ерлік көрсеткен жерлес жауынгерлердің кеуде мүсіндері орнатылды.
Ұландықтар үшін ғана емес, Шығыс жұртшылығы үшін қуанышты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, сондай-ақ, Астанадан Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қарулы Күштер ардагерлері республикалық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников сынды құрметті қонақтар қатысты. Ұландық өнерпаздар қонақтарға арнап майдан даласынан кішігірім көріністерін қойып, сонау сұрапыл жылдарды көз алдымызға әкелгендей болды. Көріністі тамашалаған жұртшылық қанды қырғында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алысты, кеуделеріне қолдарын қойып Әнұранды шырқады. Ал ардагерлер Өскемендегі Жеңіс кешеніндегі алаудан от алып келіп, жаңадан іргесі қаланған стелланың алауын тұтатты. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ашылып отырған ескерткіш-стелланың бой көтеруі үлкен шаруа екенін айтып, жомарттық танытқан кәсіпкерлерге облыс басшылығы атынан алғысын білдірді.

Батырларға арнап ескерткіш орнатты

– Бүгін біз өткенімізге салауат айтып, тарихтың қойнауына тағы да бір көз жүгіртіп отырмыз. Облысымызда биыл Жеңістің 70 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатыр. Бүгінгі ашылып жатқан кешен болашақ ұрпаққа тағылымы мол тәрбие берері анық. Сондықтан да осы кешеннің тұрғызылуына тікелей септігін тигізген Қайрат Мусинге және де басқа кәсіпкерлерге облыс басшылығы атынан алғыс білдіремін. Елімізде 497 Кеңес Одағының 497 батыры болса, соның ішіндегі 109-ы біздің облыстан. Оның ішінде он батыр – осы Ұлан ауданының тумалары. Ұлан ауданы батырлардың елі болып есептелетіні де сондықтан, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Ескерткіш – стелланың екі жақ жанына Қасым Қайсенов, Ізғұтты Айтықов, Төлеген Тоқтаров, Серікқазы Бекбосынов, Степан Борозинец, Иван Ворепа, Николай Лут, Владимир Колесников, Трофим Клименкодай батыр бабалардың жарқыраған кеуде мүсіндері бой көтерді.
Ауған соғысының ардагері Қайрат Мусин 2013 жылы саябақ салу жөнінде аудан әкімдігімен 40 млн. теңгеге келісімшартқа қол қойып, былтыр салтанатты шараның құрметті қонағы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың қатысуымен мешіттің жанында аталмыш саябақтың алғашқы қазығы қағылған еді. Сол кезде осы саябақтың ашылуына қатысамын деп уәде берген генерал сөзін жерге тастамай келіп, стелланың лентасын қиды. Сондай-ақ, лента қию рәсіміне елі үшін қызмет етуден аянбайтын Қайраттай жомарт ұлдың ақ жаулықты анасы Мәрзия Мусина және Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников қатысты.
– Біз аруақты халықпыз, рухты халықпыз. Қабанбайлар, Райымбектер жерімізді қорғады. Бергісі Төлеген Тоқтаровтай, Қасым Қайсеновтей батырларымыз біз үшін кеуделерін оққа тосты. Мынау байтақ далаға келешек ұрпақ ие болсын деген ниетпен қорғады. Ие болдық, батырлардың ұрпағымыз, – деген генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев сөз соңында Қайрат Мусинге командирі ретінде рақмет айтты.
Қасым Қайсенов кентінің төріндегі саябақтың, ескерткіш-стелланың ашылуына өз үлестерін қосқан кәсіпкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Салтанатты шара соңында жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды, естелік ретінде фотосуретке түсті. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мерей Қайнарұлы

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button