Қоғам

БАТЫРҒА ЛАЙЫҚ ЕСКЕРТКІШ

Зайсан ауданының өткен тарихын, атақты адамдарын шежіре деңгейінде індете зерттеп жүрген Қалибек Алтыбаев ағамыздың «Мырзаш батыр» кітабы қолымызға тиді. Ауданымызға аты мәлім ақсақалдың осы жасында (биыл 80-ге толады) қолынан қаламы түспей келе жатқаны бізді тәнті етті.

Кітапта автордың Мырзаш батыр туралы жинаған әңгімелері, Ержан Ахметовтің «Мырзаш батыр» қиссасы, сондай-ақ  батыр туралы ел аузынан жинақталған жырлардың Ниязбек Қыдырмоллаұлы мен Сағидолла Нұралин нұсқалары және жазушы Серік Байхоновтың «Пржевальский жылқысы» атты деректі-дерексіз хикаяты беріліпті. Кітаптың негізгі денін осы жыр нұсқалары мен хикаят құрайды екен. Түрлі баспасөз беттерінде жарық көрген деректер де ескерусіз қалмаған. Сөйтіп кітап 300 беттен тұратын қомақты еңбек болып шыққан.

Зайсан ауданындағы бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың арасында республика жұртшылығына аты  мәлім болған адамдардың бірі Мырзаш батыр Алдиярұлы екені анық. Егер мұның сыры неде деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, ең алдымен еске орыстың атақты саяхатшысы Н.М.Пржевальскийдің «Құлжадан Гучинге, Тянь-Шань арқылы Лобнорға (1877-1878 ж.ж.)» және «Зайсаннан Хами арқылы Тибетке және Сары өзенінің жоғары саласына (1879-1880 ж.ж.)» жасаған сапарлары еске түседі. Әлемге аты мәлім саяхатшы сол сапарларында өзі бастаған экспедицияға жолбасшылық жасаған Мырзаш Алдиярұлының жер жағдайын жетік білетін ерекше қасиетіне таңданысын білдіре отырып, оның бейнесіне, іс әрекеттеріне тоқталады. Тіпті суретін де салып, кітабына енгізеді.

Біз Мырзаш Алдиярұлының есімімен бала кезімізден таныс болдық. Өйткені мектепте орыстың ұлы саяхатшысы Н.М.Пржевальский туралы айтылғанда біздің жерлесіміз Мырзаштың есімі де онымен қоса айтылатын. Бірақ біздің тарихымызға қатысты еуроцентристік көзқарастағы Н.М.Пржевальскийдің жазғанындай оны ең алдымен Зайсан мен Шығыс Түркістан өлкесінің жер жағдайына жетік керемет жолбасшы болуымен қатар барымташы деп қана білдік. Шын мәніне келгенде бабамыздың ел мүддесін қорғаған батыр болғандығын және қашан да болсын қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағандығын еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған кезеңнен бері ғана айқын ажырата бастадық.

КазГУ-де оқыған студент кезімізде еліміздің әр өңірінен жиналған студент жастар сабақтан қол босаған ілкі бір сәтімізде әрқайсысымыз өзіміздің туып-өскен өлкеміздің бұрынғы өткен батырлары мен ақындарын еске алып, соларды мақтап, бір-бірімізбен сөз жарыстырып, дауласып жататынбыз. Сонда менің бірінші кезекте Зайсаннан еске алатыным батырдан Баймұрат пен Мырзаш, ақыннан Ноғайбай болатын. Себебі, Мырзаш пен Ноғайбай туралы орыстың атақты зерттеушілері жазып, есімдерін әдеби, тарихи айналымға өшпестей етіп енгізіп кеткен. Былайша айтқанда, қалай мақтансаң да жарасады.

Бірақ соған қарамастан бірін-бірі сөзден ұстауға тырысатын болашақ әдебиетші қужақтар: «Конокрад Мырзашыңды айтпай-ақ қой» – деп шыға келуші еді. Сонда Пржевальскийдің Мырзаштың жолбасшылық қызметін мақтай отырып, өз өмірінде мыңнан астам жылқы барымталаған барымташылығын жазғаны мысымды құртушы еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде газеттің сол кездегі бас редакторы Жанболат Аупбаев: «Ел жағыңа іссапарға шығып бара жатыр екенсің, егер Зайсанға барсаң Мырзаш батыр туралы міндетті түрде жаза келші», деп арнайы тапсырма берді. Тәуелсіз Қазақстанның зиялы қауым өкілдерінің батыр бабамыздың есіміне қанық екендігін және қалай қадірлейтіндігін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Сөйтіп Жәкеңнің тапсырмасы бойынша Зайсанның музейінде бір күн болып, ондағы бар ақпаратты  жинастырып, Мырзаш өмір сүрген кезең сырларына біраз үңілдім. Баяғыда жастық шақта алдымнан шыққан «Мырзаш батыр ма, жоқ әлде барымташы ма?» деген сұраққа да жауап іздедім. Сөйтіп, «Егемен Қазақстан» газетінің етжеңді нөміріне Мырзаш батыр туралы көлемді мақала жаздым.

Сол мақалаға дайындық барысында байқағаным, Мырзаш өмір сүрген кезеңнің ғасырларға созылған қазақ-қалмақ арасындағы ірі шайқастардың біржолата тиылып, қалмақтардың әбден титықтап жеңілген тұсы екендігі, бірақ соған қарамастан Алтай мен Алатаудан, Тарбағатай мен Сауырдан ауып Еділ бойын жайлаған қалмақтардың үлкен тобының орыс қысымына шыдамай 30 мың түтін болып Аюке ханның соңынан еріп қазақ даласын көктей өткені және қазақ қосындарының шабуылдарына төтеп бере отырып, байырғы қоныстарына қайта жеткендігі, бұл жағдай біздің Тарбағатай мен Сауыр жерінде де жаңа бір дүрбелеңді туындатқаны еді.

Міне, Мырзаш Алдиярұлы осы кезеңнің батыры.

Әрине, бұл кезде Ресей тарапынан салынған темір ноқта, Қытай тарапынан пайда болған қайыс ноқта екі жақтан қыса келе қазақ-қалмақ жанжалының қайта өрістеуіне жол бермеді. Өйткені Ресей мен Қытай арасындағы шекара бөлінісі жасалып қойған еді. Сондықтан батыр бабаларымыздың бұл кезеңдегі  әрекеттері жаугершілік заманның батырлығы емес, ары кетсе ұсақ кикілжіңдерден пайда болған барымташылық әрекеттер ретінде қарастырылды. Бірақ қалай алып қарағанда да Мырзаш бабамыздың сол кездегі қалмақ, ұранхай қоныстарын, таулы өңірдің ықпыл-жықпылын бес саусағындай жақсы білуі тегін емес. Бұл – Мырзаштың бабалар жолын жалғастырушы, елдің мұңын мұңдап, сырттан олжа салушы батыр болғандығын анық білдіретін жағдай және соған дәлел боларлық үлкен дерек көзі.

Қалибек ағамыздың өз кітабында жазғандарын, онда берілген дастандарды оқығанда  бұл ойым одан әрі беки түсті. Сондай-ақ Қалибек ағамыздың: «Жабайы түйелерді, тағы жылқыларды ашқан Н.М.Пржевальский емес, Мырзаш Алдиярұлы ғой. Мырзаш болмаса Николай Михайлович жабайы жылқының өзі түгілі ізін де көре алмас еді» – деп жазуында да көп мән бар секілді. Кітапта осындай оқырманды ойға жетелейтін жайттар аз кездеспейді.

Иә, еліміздің өз тәуелсіздігіне ие болуы біздің көп мәселеге деген көзқарасымызды өзгертті. Егер Қабанбай, Баймұрат, Есенгелді, Сұлтангелді, Еміл, Мырзаш секілді батыр бабаларымыз болмаса, біз осы күнге дейін асты-үсті қазынаға толы қазіргі Зайсан жерін қоныс ете алар ма едік?!

Сондықтан Қалибек Алтыбаев ағамыздың Мырзаш батыр туралы  маңызды деректерді жинақтап, басын қосқан бұл кітабын: «Батыр бабамызға арналған лайықты ескерткіш және аудан тарихын зерделеуге қосылған тағы бір еңбек!» деп бағалаймын.

 Сұңғат Әліпбай

Ақпарат саласының үздігі

 Суреттер – Пресса – С.ҚҰСАНБАЕВ – «Мырзаш батыр» папкасында.

Осы айдарда

Back to top button