Батырдың көшесі батпақтан көз ашпай тұр
Редакциямызға биыл 100 жылдығы тойланып жатқан Қасым Қайсеновтің атындағы кенттің Қасым Қайсенов көшесінде тұратын тұрғындары хабарласты. «Батырдың көшесінде батпаққа батып жатырмыз», – деп шағым айтты оқырман. Істің мән-жайын білу үшін таяқтастам жердегі Ұлан ауданының орталығына құстай ұшып жеттік.
Халық қаһарманының атындағы көшеден құй батпаққа белшеден батқан адам немесе қайраңдап қалған көлік кездесе қоймады. Дегенмен миы шығып жатқан сары балшық пен саңырауқұлақтай сопайып қалған құдық қақпақтары көшеге жуықта су құбыры тартылғанын айғақтап тұр.
Расымен де, былтыр күзде бұл көшеге көптен күткен су құбыры тартылыпты. Соның «жемісін» тұрғындар енді көріп отыр.
«Бүйтіп су тартқаннан, тарпай-ақ қойғандары жақсы еді. Әркім өз құдығын қазып, сорғы орнатып алған болатын. Енді балаларымызды мектепке екі аяқ киіммен тасып жүрміз. Онсыз да батпағы шығып жататын. Күл мен құм төсеп жүріп, әрең дегдіткен болатынбыз. Су тартқан мекеме көшенің астан-кестенін шығарды да, шала-пұла тегістеп тайып тұрды. Бұл жердің топырағы да желім сияқты, жабысса түсуі қиын. Бас-басымызға су етік қайдан болсын? Жауынды күндері аяққа целофан байлап шығамыз. Ол асфальтқа жеткенше жыртылып, жол ортада қалады. Көшеге жарық тартылғанмен, оның тек бір шамы ғана жанып тұр. Қалғаны тас қараңғы. Қасым Қайсеновтің 100 жылдығын батыр атындағы көше осындай қиындықтармен қарсы алмақшы, – дейді Күлзағира Құсманова.
-Ауламызға жүк көліктері мүлде кірмейді. Кірсе болды, батады да қалады. Құбырдың беті онсыз да ішіне қарай опырылайын деп тұр. Соны көрген соң, көмір тасушылар «пәледен аулақ» деп көшеге түсіріп кетеді. Көктемнен бері қаншама жеңіл көлік батты. Іздері әне жатыр. Бізден басқа үш көшеге су тартылған. Олардың бәріне қиыршық тас төселді. Бізге келгенде қаржы жетпей қалыпты. Әкімдікке айтсақ, «Биыл ақша жоқ, грейдермен бетін ғана тегістейміз», – дейді. Шұғанақ пен шұңқырдан бұрын, батпақ берекемізді қашырып барады, – дейді Ринат Құдайбергенов есімді тағы бір тұрғын.
Жыларман болып жағдайын айтқан халықтың сауалын арқалап, әкімдікке кірдік. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Естай Рахымбаев шынымен де Қайсенов көшесіне қиыршық тас төсеп үлгермей жатқандарын айтады.
-Бұл шаруаны «Ұлан жолдары» дейтін мекемеге жүктеп отырмыз. Оның негізгі міндеті аудан ішіндегі жолдарды күтіп ұстау болғанымен, тұрғындардың шағымын ескеріп, осы іске тартқанбыз. Қайсенов көшесі су құбыры тартылған өзге үш көшемен бірге 27 сәуірде тегістелуі тиіс болған. Осылай деп өздеріне жазбаша жауап та жазғанбыз. Бір жағынан, ауа райы кедергі болып, уағдалы уақыттан кешіктік. Енді ол көшені 19 мамырға дейін тегістеп, бетіне қиыршық тас төгеміз, – деді бөлім басшысы.
Осы жерде су құбырын мердігер компания тартса, оның кемшілігін неге басқа мекеме жабуы тиіс деген сауал туындайды. Ол сұрақты жобаға тапсырыс беруші аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Айдар Ахановқа қойдық.
-Су құбырын өскемендік «Терезе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тартқан. Олардың үш жылға берген кепілдігі бар. Соның аясында кеткен кемшілікті түзейді. Қасым Қайсенов көшесіндегі олқылықтар туралы мердігерге жазбаша ескерту бергенбіз. Кемшілікті жақын арада жоямыз деп отыр. Ал көшедегі жолға қазір қиыршық төгу тиімсіз. Болашақта бұл төрт көшеге жылу құбыры тартылады. Одан арғы жылдары асфальт төсеу көзделген. Сол кезде көшені тағы қопаруға тура келеді. Сондықтан әзірге жолды грейдермен тегістеп, көмілмей қалған жерлерді қайта көміп шығамыз, – дейді ауданның бас сәулетшісі.
Бұл сөзді естіп, Естай Рахыбаевтың кеңсесінен көтеріңкі шыққан көңіліміз су сепкендей басылды. Екі басшының сөзіндегі қайшылықты не деп жоруға болады?
Жарық мәселесін кенттің әкімі Думанай Мусин естіп-біліп отырса керек. Жуық арада барлық шамдар жаңартылатынын айтып, шығарып салды. Ұлы батырдың 100 жылдығы биыл облыста жыл бойы тойланатынын ескерсек, Қ.Қайсенов кентіне әлі талай мәртебелі меймандар келері сөзсіз. Солардың бірі қаһарманның атындағы көшені іздей қалса қайтпекпіз?..
Есімжан Нақтыбайұлы