Қоғам

Батыр баланың отбасына үй алуға жәрдемдесті

Батыр баланың отбасына үй алуға жәрдемдесті

Былтыр өртке оранған үйден өзінің інілері мен қарындасын аман алып шыққан Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тұрғыны, сегіз жастағы Шыңғыс Естайдың ерлігі туралы газетімізде жазылған болатын. Бір сәтте баспанасынан айырылған батыр баланың отбасы аудан басшылығы мен жергілікті тұрғындар көмегінің арқасында жаңа үйге ие болып, бүгінде сонда тұрып келеді.
Қыс ортасында далада қалып, қиын жағдайға тап болған үшінші сынып оқушысының жанұясына жерлестері материалдық көмек көрсетіп, оларды азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етті. Атап айтқанда, Шыңғыстың отбасына 464 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, 300 мың теңгенің қажетті тауарлары сатылып алынды.
Ал бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған оқушының ата-анасы мен іні-қарындастарының үй-күйсіз қалғаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайтын болып шықты.
– Шыңғыстың отбасы біраз уақыт Сандуғаш есімді көршілерінің төрт бөлмелі үйінде тұрып келді. Кейін үй иесі баспананы батыр баланың әкесі Естай Самбайға 850 мың теңгеге сатуға келісті. Отағасы қажетті соманы біртіндеп төлеп, қазіргі уақытта қарызын толығымен жауып тастады, – дейді бұл жөнінде Ұлан ауданы әкімдігінің қызметкерлері.
Өз кезегінде Шыңғыстың әкесі ауылдастарына, барлық жерлес азаматтарға көрсеткен қолдаулары үшін зор алғыс білдіреді.
– Қысылтаяңда қасымыздан табылған, көмек қолын созған адамдарға рақметтен басқа айтарым жоқ. Шүкір, бүгінде баспанамыз бар, балаларымыз оқуларын жалғастырып жатыр. Енді алаңдауымызға еш негіз жоқ, – дейді Естай Самбай.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button