Қоғам

Батыр ана шерткен сыр

Батыр ана шерткен сыр


1962 жыл. Мамыражай мамыр айының бірінші жұлдызы. Бұрынғы «Михайловка» кеңшары. Қандығатай мен Құсмұрын өңіріне орналасқан Қызылағаш аулы абыр-сабыр қарбалас үстінде. Совхоз басшылығы ауыл үлкендерін жинап алып, «Уа, ағайын! Көршілес Қытайдың 100-ге тарта жанұя келмекші. Қандас бауырларымызды жылы шыраймен қарсы алып, ежелгі дәстүріміз бойынша конақжайлық танытып, дұрыс күтетін болайық» деген-ді.

Сол күні түс ауа көштің алды ауылға келіп те қалды. Ауылдық кеңес, жұмысшылар комитеті, комсомол, партия ұйымы жетекшілері келгендерді жылы қарсы алып, сұраулары бойынша фермаларға, орталыққа бөліп, ауыл ақсақалдары атанған еңбек озаттары Ережеп Жұртбаев, Әзімбек Әміренов, Қасымжан Берікболовтарға бас-көз болуды тапсырыпты. Сол келген ағайындар арасында жасы 30-ға да тола қоймаған Қабидолла Әубәкірұлы мен зайыбы Нұрзейнеп Зәкәрияқызы да бар еді. Олар әке-шешелері Нұрмұқан ақсақал мен Құмырсия бәйбіше, тағы екі-үш ересек балаларымен ауыл ортасындағы шағын үйге орналасты. Екі-үш күннен соң сол кезде алпысты алқымдап қалған Әзімбек қария үйге бас сұғып, аз-кем амандықтан соң, «Шырағым, Қабидолла, сен келіншегіңмен менің қол астымда, №1 фермада малда боласың. Сендерден басқа тағы да бір-екі жанұя бар. Бәрің бірге еңбек етесіңдер», – деді. Ұйғарым солай.

– Сонымен бір-екі жылдай Әзімбек ағаның қол астында ірі қарамен қатар, қой да бағысып, шаруашылыққа бейімделіп, тәжірибе жинақтап, малшы болуға, қой бағуға машықтандық, – дейді сол бір жылдары совхоздағы алғашқы еңбек жолдарын еске алып, Қабаңның зайыбы Нұрзейнеп апа.

Қазір Нұрзейнепті апа емес, әже десе де болады. Сексенннің жуан ортасына келсе де, «Батыр ана» құдай берген он баладан тараған немере, шөберелер арасында өзін әлі де тың сезінеді. Бұл жасынан ер адамдай еңбекке шынығудың әсері болар. Бірде совхоз директоры Рахымхан Мусинов Қабидолланы шақырып алып:

– Жігітім, келін екеуің ата кәсібіміз – қой бағудың шебері екенсіңдер. Сендер өз алдарыңа бір отар саулық қой алып бағыңдар. Еңбектің жемісін алда көретін боласыңдар, – деп шығарып салады.

Шынында да, бұл екеуі аз жылдың ішінде өздерін нағыз еңбек адамы екенін көрсете білді. 100 саулықтан 120-дан қозы алып, облыста озат шопан атанды. Екеуі де үкімет тарапынан мақтау қағаз, орден, медальдармен марапатталып, ел құрметіне бөленді.

Әнгіме үстінде жеңгейден «сіз Найман атамыздың қай табынан боласыз?» деп сыр тартқан едік.

– Найман ішінде Тоқабайға келін болсам да, мен Кіші жүз Жағалбайлы қызымын. Ағаларың маған ғашық болып, Қыз Жібектей айттырып алған, – деп күледі Зәкең бәйбіше.

– Аталарымыз сонау жоңғарлармен жорық жылдарында Найманның батырларымен бірге жауларын Тарбағатайдан асыра қуысып, кейін осы өңірде қалып, қоныстанған сияқты. Үлкендердің айтуы солай.

– Болса болар, – деймін сөзге араласып, – мына, Өкпеті Қызылтас өңірінде Жағалбайлы атанған елді мекен бар. Мейлі, аталарымыз ортақ жауды бірлесе қуып, ел мен жерді сақтап қалды. Бұл күнде тұтас, тәуелсіз елге айналдық. Өсіп-өндік. Бұл игілікті істің басты куәсі – сізсіз. Дүниеге он екі бала әкеліп, онын тәрбиелеп жеткіздіңіз. Осы жайында не айтасыз?

Нұрзейнеп бәйбіше аз ойланып алды да, әңгіме тиегін ағытты.

– Біз осы ана жақта Шәушекке таяу «Көксеген» деген ауылда еңбек еттік. 1957 жылы қоңыр күзде Қабаңмен отау құрдық. Алғашқы екі нәрестеміз сол жақта шетінеп кетті. 1962 жылы туған елге келген соң, 27 тамызда алғашқы баламыз Тоқтарбек дүниеге келді. Үлкендеріміз «Алла ұрпағымызға енді тоқтам берсін» деп, ырымдап ұлдың атын «Тоқтарбек» деп өздері қойды. Сол үлкендеріміз немерелерінің қызығын көріп кетті. Келініміз Гүлшат Орынбайқызы – жоғары білімді ұстаз. Өскемен қаласында. Тоқайымыз – құрылысшы. Екі немереміз бар. Қызымыздың үлкені Фарида – 1965 жылғы. Жұбайы – Мейраш Балташұлы. Шешесі – Батиха да Батыр ана. Фаридамыз – дәрігер еді, жастай қайтыс болды. Артында үш бала қалды. Кенжеміз Болатбек 1984 жылы мамыр айында туды. Зайыбы Гауһар Кенжебекқызы – заңгер.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой атамыз қазақ. Қабидолла екеуімізден тараған ұрпақ бір әулетке айналды. Біз жиыны 25 немере, алты шөбере сүйдік. Алла көп көрмесін, Қабидолланың ұрпағы әлі де өсіп-өнер. Еліне, жеріне қызмет етер. Балаларымыз бен немерелерімізді үнемі адалдыққа, кісі ақысын жемеуге үйреттік. Әлі де шамам келгенше осы өсиетімді құлақтарына құйып келемін,-деді ол.

Он баланы өсіріп, қатарына қосқан ғазиз ана құрмет пен марапаттан кенде емес. 1985 жылы «Батыр ана» атағын алып, Алтын жұлдыз тақты. 2007 жылы «Алтын алқамен», 1972 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бір өкініші – отағасының дүниеден ерте озып, балаларының қызығын көре алмай кетуі.

-Бар баласының қызығын көре алмады-ау деп армандаймын. Бірақ балалары әкелерін еске алып, құран бағыштап, ас беріп тұрады. Оған да тәубе дейміз, – дейді ол.

Иә, артында бар оңалар деген осы болар. Екеуінен тараған ұрпақ ата даңқына дақ түсірмей, өз дәрежесіне қарай әр салада еңбек етіп келеді. Барлығы да – білімді, ортасына сыйлы азаматтар. Олай болса, «Еңбекшіл әйел еріне де, еліне де сүйкімді», – деп жазушы ағамыз Әзілхан Нұршайықов айтқандай, Батыр ана Нұрзейнеп әже өз ұрпағының ортасында қызыққа тоймай, жүре берсін демекпіз.

Мәуітқазы Зүкенов
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button