Президент тапсырмасыТОП

Басым міндеттерді атап көрсетті

Кеше Өскеменде премьер-министр Әлихан Смайылов пен Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу облыстың барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына Даниал Кенжетайұлы Ахметов пен Ренат Тілеуханұлы Құрмамбаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 117 депутаттың 94-і Д. Ахметовке, 23 депутат Р. Құрмамбаевқа дауыс берді.

Облыс активімен кездесуде премьер-министр өңірде Даниал Ахметов жұмыс істеген кезеңде ірі өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы жобалары іске асқанын атап өтті. Әлеуметтік мақсаттағы ондаған нысан, оның ішінде мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары салынып, құрылыс жұмыстары жүруде. Жалпы алғанда облыс барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге жетіп отыр.

Әлихан Смайылов басым міндеттер ретінде ел Президентінің сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде өңірді одан әрі дамыту жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру екенін атап өтті.

– Бұл құжатта экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясатта халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты өзгерістер қарастырылған, – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, алдағы жылдары ұлттық жобалар аясында 4,2 мың оқушыға арналған 10 жаңа мектеп, 36 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын ашып, 1 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа, ауылдарда аграрлық секторды, кәсіпкерлікті дамыту және өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады.

Сонымен қатар премьер-министр жылыту маусымын тұрақты өткізу, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, металлургия және машина жасау салаларын дамыту, сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсарту қажеттігіне назар аударды.

DIDAR ақпарат

Осы айдарда

Back to top button