Басым бағыттарды баянды етуге әлеуетіміз жетеді
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жан-жақты талқылауға байланысты аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен облыс активінің мәжілісі болып өтті. Келелі басқосуға Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың жетекшілері, кәсіпорындар мен мекемелер басшылары, бизнес құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялар мен жастар қауымының өкілдері жиналды. Сонымен қатар, актив жұмысына бейнебайланыс режимінде аудандар мен қалалар да атсалысты.
Өзінің баяндамасына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Елбасы Жолдауында көрсетілген қадау-қадау міндеттерді нақты жүзеге асыру жөніндегі шараларға кеңінен тоқталды. Шығыс Қазақстан үдемелі технологиялық жаңғыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындап келеді. Айталық, экономиканың негізгі саласы – өндірісті өрістету жолында Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы аяқталуда. Бұл – мыс өндіретін еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі аса ірі кәсіпорын. Өткен жылы комбинат кен игеруді бес есеге асырып, 16 миллион тоннаға жеткізді, 18 тонна жоғары сапалы катодты мыс шығарды. Сондай-ақ, жылына 1,8 миллион тонна кен өндіретін Бақыршық байыту комбинатындағы жұмыстар қарқын алып келеді.
– Өндірісті бұдан әрі жаңғырту үшін жаңа технология, ғылыми әзірлемелер қажет. Осы ретте өңірдегі алпауыт кәсіпорындар Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдарымен бірлесе отырып, құны 8 миллиард теңге болатын 10 ғылыми-зерттеу жобасын өндіріске ендіруде, – деп атап көрсетті облыс әкімі.
Елбасы Жолдауында экономикалық өсімнің драйвері ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көңіл бөліну керектігі айтылды. Аталмыш бағыт бойынша да аймақта атқарылар істер жетерлік. Былтыр ғана ауыл шаруашылығы саласына 46 миллиард теңге қаржы тартылған, мемлекеттік қолдау қарқыны да арта түскен. Бүгінде облыста өндірілетін сүттің 70 пайызы жекеменшікке тиесілі. Осы саланы дамыту үшін қуаттылығы жылына 22 мың тоннаны құрайтын 50 сүт қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Биыл сүтті сатып алу және өңдеу бойынша 12 қанатқақты кооператив құрылмақ. Бұл шаруаларға субсидия мен несие алуға мүмкіндік береді.
– Біздің басты міндетіміз – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың ісін заңды және табысты бизнеске айналдыру, олар осы мақсатта шағын тауарлы шаруашылықтар мен кооперативтерге бірігуі тиіс, – деді бұл ретте аймақ басшысы.
Инвестиция мен жаңа технологияларды тарту, тауарларымызға жаңа нарықтар ашу үшін Ресеймен және Қытаймен байланыс күшейтіледі. Мәселен, өткен жылы ғана облысымыз бен Қытайдың ШҰАР өлкесі арасында 12 жоғары деңгейдегі кездесу өткен. 231 миллиард теңгенің сегіз бірлескен бағыты іске асуда. Қазір қытайлық кәсіпкерлер Семейдегі №3 жылу орталығының құрылысына қатысуға ниет білдіріп отыр.
– Елбасының халықаралық және қаржылық ұйымдардың қаражаттарын өңір инфрақұрылымына тиімді тарту туралы міндетіне сәйкес Азиялық даму банкімен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік ұстанымдарын кеңінен қолдануға тырысудамыз. Осы бағытта 130 миллиард теңгенің 22 жобасы іске асуда. Оның ішінде 300 орындық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасы сынды әлеуметтік маңызды нысандар да бар, –деді Даниал АХМЕТОВ.
Жолдаудың екінші басым бағыты – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету. Шағын және орта бизнес саласында жұмысшылардың үштен бірі еңбек етеді. Жалпы өңірлік өнімнің 15 пайызы осы бизнес саласына тиесілі. Кәсіп ашам деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау алдағы уақытта үдей түспек. Бір ғана мысал – биыл аймақтық Кәсіпкерлікті дамыту картасының 12 жобасы іске қосылып, 1500 жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, 16 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелер 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жыл мерзімге беріле бастайды.
Шығыста жоспарланып отырған негізгі жобалардың бірі – «Қарамай – Тачен – Аягөз» темір жолы. Бұл Қытай мен Еуропаны жалғайтын ең қысқа жол болады. Темір жол салынған соң, онымен жылына 15 миллион тонна жүк тасымалданады. Әуе көлігін дамыту саласында Семей әуежайын және Өскемен әуежайының вокзалдық кешенін қайта құру көзделуде. Бұл рейстер санын көбейтіп, жолаушылар ағынын арттырмақ.
Урбанизация процесінің қарқын алуы, халықтың қалаларға жаппай қоныстануы тұрғын үйлер мен ғимараттарға деген қажеттілікті көбейтті. Құрылыс саласы, Жолдауда айтылғандай, экономиканы алға жетелеуші күшке айналуы тиіс. Қазіргі кезде шығысқазақстандықтардың депозиттерінде 426 миллиард теңге қаражат жиналған, оның ішінде 29 миллиард теңгесі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сақтаулы. Аталмыш қаражат «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана салуға жұмсалатын болады.
Жолдауда айтылған негізгі басым бағыттың бірі – адами капитал сапасын жақсарту. Былтырдан бастап облыс елімізде алғашқы болып білім беру саласына үштілділік принципін енгізе бастады.
– Облыс мектептерінің оқушылары қазақ тілін жеткіліксіз дәрежеде меңгерген, ағылшын тілін нашар біледі, кейбір аудандарда орыс тілі ұмытыла бастады. Оған басты себеп – әдістеменің әлсіздігі. Біз былтыр 3400 тіл мұғалімдерін тексеруден өткізіп, олардың 85 пайызы өз пәндерін кәсіби түрде меңгермегенін аңғардық. Мәселені шешу мақсатында заманауи әдістеме әзірленіп, мектептер бірыңғай оқулықтармен қамтылды. Ұстаздар біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы үш жылда бұл жұмыс жалғасын табады, – деді облыс әкімі.
Осы жылы «Баршаға тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы басталады. Облыста 1730 адам кәсіби дайындықтан өтеді, оған 323 миллион теңге қарастырылған, тағы 1472 адам қысқа мерзімді оқуға тартылады.
Адам капиталын дамыту үшін денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Аймақ басшысының айтуынша, саланың материалдық-техникалық жарақталуы жаман емес, тек мамандардың біліктілігі жеткіліксіз. Осы орайда медициналық кадрларды қайта даярлау жөнінен үшжылдық бағдарлама әзірленуде. Оның аясында 150 дәрігер шетелдің клиникаларында шеберліктерін шыңдайды. Өткен жылы 12 маман алты ай бойы Британияда оқып келіпті.
– Елбасының әрбір Жолдауы бізге нақты мақсат-міндеттер жүктеп отырады. Атқарушы билік алдағы уақытта осы басымдықтарды назарға алып жұмысты үдетпек. Жолдауда көрсетілген халықтың әл-ауқатын одан әрі көтеру, қордаланған әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу, өмірдің барлық саласында бәсекеге қабілеттікті арттыру бағытында жұмыс жаңа қарқынмен жалғаса бермек, оған облыс әлеуеті жетеді, – деп түйіндеді баяндамасын Даниал АХМЕТОВ.
Жарыссөзге шыққан «Қазцинк» ЖШС металлургия бойынша атқарушы директоры Тұрарбек Әзекенов кәсіпорын алдында ауқымды міндеттердің тұрғанын атап өтті. «Жаңа металлургия» жобасын табысты іске асырған олар алдағы уақытта тауар сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруды көздеп отыр.
– Мен өзім ауылда туып-өстім. Сол себепті Жолдауда ауыл шаруашылығын дамыту қажеттілігі туралы баса айтылғаны қуантты. Облыста қаншама жер бос жатыр, соларды пайдаға жарататын кез келді. Біздің аграрлық өнімдер сапалы әрі табиғи, экологиялық таза. Компаниямызға тәжірибе алмасуға келетін еуропалық мамандар асханамызда берілетін тағамдарды бекер мақтамайды, өйткені олар дәмді, еш қоспасыз өсірілген. Ет пен сүтті, көкөністі шетелге шығарсақ, сұраныссыз болмайды, – деп өз ойымен бөлісті ол.
«Орика Қазақстан» акционерлік қоғамының бас директоры Юлия Югай еліміз бірінші жаңғыруды 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде іске асырғанын, екінші жаңғырудың арқасында екі бірдей қаржылық дағдарысты еңсергенімізді еске салып, үшінші жаңғыру мүлдем жаңа, технологиялық сипатта болатынын атап көрсетті. Өздері шығаратын жарылғыш заттарды әлемдік дәрежедегі кен игеру фирмалары тұтынатынын айтып, сапа болмаса шетелдің нарығына өту мүмкін емес екенін айтты.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ тәрбие жұмысы жөніндегі басқармасының басшысы Ринат Теміржан жастар атынан сөз алып, өз университеттері үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаға кадрлар дайындап отырған еліміздегі он іргелі оқу орнының бірі екенін мақтанышпен атап өтті. Қазір үштілділік принціпін оқыту процесіне енгізу бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізген ол өз сөзін «Күшіміз – бірлікте!» деген жастарға қарата айтылған жалынды ұранмен аяқтады.
Жиынға арнайы келіп қатысқан Сенат депутаты Сергей Плотников өңірде бір топ халық қалаулысы тұрғындармен кездесулер өткізіп жүргенін айтты.
– Мен бүгін Өскемендегі сүт зауытында болып, жұмысшылармен жолықтым. Кәсіпорын өсіп-өркендеп келеді, жоспарлары мол, ал, ең бастысы, еңбеккерлердің ертеңге деген сенімдері бар, жұмыстарын құлшына атқарып жатыр. Әлі есімде осыдан 15 жыл бұрын сол қаңырап тұрған кәсіпорынды құтқару үшін «Шығыс Сүт» корпорациясына берген болатынбыз. Жаңылмаппыз. Іскер басшылықтың арқасында зауыттың екінші тынысы ашылды, – деген депутат облыста атқарылып жатқан жобаларға әрдайым қолдау көрсетіп отыратынын жеткізіп, алда тұрған асқаралы міндеттерді іске асыруда облыс басшылығына табыс тіледі.
Ержан Әбіш