Журналистік зерттеу

Бақсы мен балгерге сену дұрыс па?

Бақсы мен балгерге сену дұрыс па?


Қазір ғаламторды ашып қалсаңыз, «Өмірден түңіліп жүрсіз бе? Алға қойған мақсаттарыңызға жету үшін түрлі қиындықтарға тап болдыңыз ба? Өмірлік жар таңдауда қателесуден қорқасыз ба? Болашақта сізді не күтіп тұрғанын білгіңіз келе ме? Ендеше, төменде көрсетілген телефонға хабарласыңыз» деген сарындағы жарнамалар қаптап жүр. Расында, осындай жарнамаларға сенуге бола ма? «Бақсы-балгер туралы шариғатта на айтылған? Олардың сөзіне сенуге бола ма?» деген сияқты жұрттың көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Проблеманы шешуге көріпкелдер көмектеспейді

Қай заманда болмасын ел арасында болашақта өзін не күтіп тұрғанын білгісі келетін адамдардың болғандығы белгілі. Ондай адамдар қазір де бар және көбеймесе азайған жоқ. Бұған себеп, отбасындағы әртүрлі қиындықтар мен жеке бастың проблемасы болуы мүмкін дейді психолог мамандар. Жанына жұбаныш болатын жылы сөз іздейтін адам көбінесе бақсы-балгердің көмегіне жүгініп жатады. Алайда, олардың арасында сізді алда не күтіп тұрғанын шамалап болжайтыны да, азын-аулақ ақша үшін алдап кететіні де бар. Өкінішке қарай, қазіргі күні соқыр сенімнің жетегіне еріп, алаяқ бақсы-балгердің арбауына түсіп қалған жандар көп. Әрине, біз мұнымен барлық көріпкел өтірік айтады деуден аулақпыз. Себебі, тәңірдің өзі бойына қасиет дарытып, талай науқасты дертінен айықтырған емшілер мен тәуіптер жоғалған дүниеңізді дөп басып тауып беретін көріпкелдер әлі де кездеседі.

Естеріңізде болса, ел еңсесін тіктей алмай жүрген тоқсаныншы жылдары: «Барлық қиындық атаулыдан құтылуға көмектесемін. Жолыңды ашып беремін» деп, халықты алдап, арбауына түсіріп алған бақсы-балгерлер қаптап кеткен еді. Себебі сол жылдары жұрттың есі шығып, жылы сөз естісе, балаша қуанып қалатын. Психолог маман Меруерт Башикованың айтуынша, адамдар жан күйзелісіне ұшыраған кезде бақсы-балгердің көмегіне жүгініп, жеке басының проблемасынан арыламын деп ойлайды. Алайда бұл – қате пікір.

– Жеке басыңызда туындап жатқан мәселелерді өзіңіз ғана шеше аласыз. Әрине, кейбір көріпкерлердің тірлігінде шикілік барын көпшілік қауым байқай бермейді ғой. Ал халық мұның бәрін білмеген соң, алданып қалады. Алайда мен барлық бақсы-балгерді алаяқ деуден аулақпын. Олардың ішінде талай науқасты аяғынан тік тұрғызып, жұрттың алғысына бөленіп жүрген жандар бар. Сол сияқты болашақты болжап, жоқ іздеген адамға затын тауып берген көріпкелдерді де көз көріп жүр. Әлем ғалымдарының зерттеуінше, аурухана табалдырығын тоздырған науқастар мен психологиялық күйзеліске ұшыраған адамдар соңғы үміті үзілген кезде бақсы-балгер мен емшілердің көмегіне жүгінеді екен. Өкінішке қарай, кейде осылай барлығынан күдер үзген жандар асығыс шешім қабылдап, алаяқтардың арбауына түсіп қалып жататыны тағы бар. Соның салдарынан, олардың басқа адамдарға деген сенімі жоғалады. Ал сенім жоқ жерде сыйластық пен адамгершілік қасиеттер болмайды, – дейді Меруерт Башикова.

Алысқа бармай-ақ, Өскемендегі «Заречный» базарына бас сұқсаңыз, құмалақ пен картаның көмегімен тағдырды болжап, алақанға қарап, сізді алда не күтіп тұрғанын айтып беретін жандарды кездестіруге болады. Осы базардың маңында тұрған екі сыған әйелінің бірі: «Жолыңды ашу керек. Ал ол үшін арнайы дұға оқу керек. Ертең маған бес литрлік су, шай, сабын алып кел. Оқып беремін. Сен ақшаны емес, болашағыңды ойла. Осы күнге дейін менің көмегіме жүгінген адамдардың ешқайсысы өкінген емес. Қайта олардың жолдары ашылды» деді. Міне, бұл – психологиялық әрекет. Адамның көңіл-күйіне қарап, оның ішкі жан-дүниесінде болып жатқан жағдайларды біліп алғысы келіп тұратын балгерлер бізді осылай шығарып салды. Содан зерттеуімізді әрі қарай жалғастыру үшін ғаламтор бетін ақтарып, жарнамасы жер жарып тұрған бақсы-балгерлердің бірін тауып алдық. Сөйтсек, ол Алматыда тұрады екен. Телефон арқылы тілдескенімізде, балгер бізге: «Киви кошелек арқылы үш мың теңге төлесең, сымсыз телефонның көмегімен-ақ алда не күтіп тұрғанын айтып беремін. Арадағы алшақтық сенің болашағыңды болжауға мүлдем әсерін тигізбейді» демесі бар ма?! Өкінішке қарай, соңғы жылдары осылай алыстан отырып-ақ, болашақты болжайтын адамдардың қатары көбейіп кетті. Алайда олардың қайсысы рас, қайсысы өтірік болжайтынын кім білсін?! Өскемендік бойжеткен Зәуре Сәлімбаеваның айтуынша, көріпкелдердің айтқанына сенуге болады.

– Осыдан бес жыл бұрын Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыратын кезде балгерге барып көрдім. Сонда маған көріпкел: «Жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсесің. Барлығы жақсы болады. Көп уайымдама» деген болатын. Құдайға шүкір, сол жылы ҰБТ-дан 117 балл жинап, дәрігер мамандығы бойынша тегін білім алуға мүмкіндік алдым. Қазір Өскемендегі қалалық ауруханалардың бірінде практикадан өтіп жүрмін, – дейді Зәуре Сәлімбаева.
Ал Шолпан Қасымханова болса, имандай сеніп барған балгерінің сөзіне алданып қалғанын жеткізді.

– Осы күнге дейін жоқ іздеген адамға «жоғалтқан затыңызды осы жерден табасыз, ұрының аты пәленше» деп айтқан балгерді көрген жоқпын. Өткен айда 4-5 көріпкелдің алдына көмек сұрап барған едім. Себебі, екі ұлым ұялы телефондарын қайта-қайта жоғалтып алады. Жолдасым екеуіміз таңның атысынан кештің батысына дейін «балаларымыз ешкімнен кем болмасыншы» деп, барлық қажетті затын алып береміз. Алайда сол дүниелердің көп уақыт өтпей-ақ жоғалып кетеді. Содан қаладағы көріпкелдерге барып көрдім. Бірақ олар нақты ештеңе айта алмады. Тіпті орталық базар маңында отыратын балгердің бірі: «Бірер күнде алыстан қуанышты хабар естисіз. Күтіңіз. Жоғалтқан заттарыңыз жақын арада табылады», деп қайтарып жіберді. Сөйтіп, үйге алып ұшып, қуанып қайтқанымнан еш пайда болмады. Енді қайтіп балгерлерге сенбеуді жөн деп шештім, – дейді Шолпан Қасымханова.

Бақсы мен балгерге сену дұрыс па?

Қасиет иелерінің қадірі неге болмай тұр?

Кейде бақсы-балгердің айтқаны айдай келіп жатса, енді бірде олардың болжамы мүлдем сәйкес келмей жатады. Ал мұның себебі неде? Облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Мәди Мұхтановтың айтуынша, көк пен жердегі болатын дүниені Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді.

– Қазіргі күні бақсы, балгер, тәуіп, емші ұғымдарының қадірі қашып кетті. Шариғат жолын ұстанған емшілер тым аз. Кейде адамзат баласын алда не күтіп тұрғанын болжайтын бақсы-балгерлердің айтқаны тура келіп жатады. Сондай сәтте халықтың көкейінде: «Егер балгерлер немесе емшілер алаяқ болса, неге олардың болжамы дұрыс келеді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабын Құран мен хадистерден табуға болады. Айша анамыз (р.а.): «Бірде бір топ адам Алла Елшісінен көріпкелдер туралы сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар түкке тұрғысыз», – деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла Елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас болып шығады», – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) оларға: «Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періштелерден) ұрлап алып, кейін оны (балгерлердің) құлағына сыбырлайды. Ал балгерлер сол сөзге ойынан жүз өтірік қосып, болашақты білетіндей бал ашады, – деген екен. Дін ғалымдары тәуіпке барып, өткен мен болашақ туралы немесе бір істің немен аяқталарын сұрауды харамға жатқызады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе туралы сұрайтын болса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді», – депті. Осы орайда, адамзат баласын алда не күтіп тұрғанын пайғамбар мен періштелер де білмегенін айта кеткен жөн. Бұл туралы «Әғраф» сүресінің 188-аятында былай делінген: «Мұхаммед айт (с.ғ.с.): «Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер ғайыпты білген болсам, әлбетте, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ маған бір сәтсіздік жұқпас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын» деген екен. Сондықтан ертеңгі күніміз бір Аллаға ғана аян екенін естен шығармайықшы, – дейді Мәди Мұхтанов.

Біздің халықта болашақты болжайтын бақсы-балгерлер бұрыннан болған. Оларды жоққа шығарудан аулақпыз. Дейтұрғанмен қазіргі күні құмалақ пен картаның көмегіне жүгініп, жұртты алдап жүрген алаяқтардың қаптап кетуі қоғамды алаңдатпай қоймайды. Мұндай балгерсымақтардың арбауына түсіп қалмау үшін ішкі сенімділікті арттырған абзал екенін айтады мамандар.

Түйін:

Күнделікті өмірде тұтынып жүрген сумен де науқастарды емдеуге болады екен. Ондай оқиға тарихта болыпты. Соғыс кезінде дәрігерлер суды науқастарға ұсынып, бұл Англияда жасалған мықты дәрі, егер мұны үш күн бойы үзбей ішсең, ауруыңнан айығып шыға келесің деп сендірген екен. Сонда ақ халатты жандардың сөзіне имандай сенген сарбаздар арада бір апта өткен соң жазылып кеткен. Бұл не құдірет дейсіз ғой? Бұл сенім. Психолог мамандардың айтуынша, сенім – ең құдіретті сезімдердің бірі. Кейбір көріпкел – тәуіптердің айтқаны айдай келіп қалатыны да олардың алдына келген адамды сендіре білуінде жатса керек.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button