ТОП

Басы дауға қалған басқарма басшысын қызметтен шеттетуге ұсыныс жасалды

Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Мирас Жұмағұловтың қоғамдық резонанс тудырған әрекеті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, мәдениет басқармасының басшысы 30 наурыз күні таңғы сағат 5.00 шамасында Өскемендегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында мас күйінде көзге түскен болатын. Сондай-ақ бір қызбен жанжалдасып, қоғамдық орынның шырқын бұзған.

– Әдеп жөніндегі кеңесте облыстық мәдениет басқармасының басшысына қатысты әкімшілік істің қозғалуына әлеуметтік желілердегі жазбалар мен  М.Жұмағұловтың Әкімшілік кодекстің 440-бабы, 1-бөлімінде қарастырылған тәртіпсіздіктер, яғни көшеде және басқа да қоғамдық орындарда алкоголь ішімдігін iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын мас күйде келуі негіз болды. Біз осындай тәртіпсіздіктердің кез келгеніне бірден назар аударып, тексерулер жүргіземіз, – деді Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев.

Кеңес отырысында қызметтік тексерудің нәтижесінде анықталған шенеуніктің масаң күйде болғанын растайтын сараптама қорытындысы бар екені айтылды. Басқарма басшысы өзіне тағылған кінәмен толық келісетінін айтты.

– Жұмағұловтың іс-әрекеті азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдарға деген сеніміне нұқсан келтірді. Сонымен қатар барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тарап, үлкен резонанс тудырды, – деген Әдеп кеңесінің төрағасы мемлекеттік қызметшінің ар-ұжданына нұқсан келтірген басқарма басшысын қызметтен шеттету туралы ұсыныс жасады. Төрағаның ұсынысын кеңес мүшелері толық қолдады.

Әдеп жөніндегі кеңес тәртіптік істі қарау нәтижесі бойынша Мирас Жұмағұловты атқарып отырған қызметінен босату туралы тәртіптік жазаға тарту жөнінде Шығыс Қазақстан облысы әкіміне ұсыныс жасады.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button