Қоғам

Басты назарда – «Нұр Әлем»

Басты назарда  - «Нұр Әлем»


ЭКСПО басталған 22 күннің ішінде оған келушілер саны 591 968 адамға жетті. Соңғы аптаның әр күнінде көрме қалашығына 31 мыңнан астам қонақ бас сұққан екен.

Қалашықтағы адам ең көп баратын нысандар да белгілі болды. Бірінші орында, әрине, «Нұр Әлем». Қалған павильондардың ортақ көрсеткіші тізімнің екінші сатысында тұр. Үшінші орын әйгілі Дю Солей циркіне тиіпті. Ал мемлекеттер арасында үздік ондыққа Ресей, Өзбекстан, Үндістан, Әзірбайжан, Африка Плазасы, Египет, Қытай, Түркия, Сауд Арабиясы және Малайзия енді. Тәжірибе көрсеткендей, танымал павильондар тізімі көрме аяқталғанша әлі талай өзгеретін сыңайлы. Өйткені, бұған дейін үздік ондықта Еуропа елдерінің қарасы басым болатын. Ал бұл жолы ел назары Азияға ауып отыр.

ЭКСПО аумағындағы қауіпсіздікті нығайта түсу үшін кіреберістерге «Vocord» бейне-талдау жүйесі орнатылды. Бұл аппараттар құқық қорғау органдарының тіркеуінде тұрған адамдарды анықтауға арналған. Құрылғының көмегімен қазірдің өзінде 12 адам анықталып, көрме алаңынан аластатылған.
Сондай-ақ, көрме алаңына кіргізуге рұқсат берілмеген төрт дрон тәркіленді.

Басты назарда  - «Нұр Әлем»

Пластиктен киім киер күн жақын

Бұл аптада Румынияның ұлттық павильоны көрме қонақтарының назарына ілікті. Ұлттық күн қарсаңында румындар туристерге «энергетикалық шарап» ұсынды. Павильон өкілдерінің айтуынша, бұл шараптар энергетикалық сусындар сияқты зиянды емес. Румындар мұнымен шектеліп қалмай, шикі мұнайдан газ өңдеу технологиясын паш етті. Бұл ел электр қуатының бір бөлігін газдан өндіріп отырған елдердің көш басында тұр.

Латвия павильонына сән әлемінің әуесқойлары қаптады бұл аптада. Өйткені, сән әлеміне революция жасаған латыш қызы Бруно Бирманиса семинар өткізген-тұғын. Сәнгер жиналғандарға Латвияда сән өнерінің қалай дамығанын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

-Біздің елдің сәнгерлері ұсынатын киімдер қарапайым әрі ыңғайлы болуымен көз тартады. Соның арқасында әр үйдің киім қоймасынан латыш стилінде тігілген киімдерді көруге болады, – дейді Б.Бирманиса. BB shirts брендінің негізін қалаушы дизайнер көптеген Олимпиадаларда ұлттық құрамалардың костюмдерін жобалаушы ретінде де танымал.

Ал Radisson Blu Astana қонақүйінде Шанхай апталығы ашылды. Шанхайлықтар әлемге алыс жолдың азабынан құтылатын шешімдер ұсынуға тырысыпты. Әсіресе, аса жеңіл чемодандар жұртқа ұнады. Пластик бөтелкелердің қалдығынан жасалған бұл сөмкелер бір жағынан экологиялық мәселені шешуге тиімді. Жоба аторы – Newest компаниясы.

– Біз керексіз пластик бөтелкелерді жинап, арнайы ұсақтаймыз және оларды ерітіп, тақтай тәрізді сығымдаймыз. Осылайша, дайын болған материалды бояп, түрлі-түсті шабадандар әзірлейміз, – дейді кәсіпорын өкілдері.

Салмағы екі келі шабаданның нарықтағы бағасы 120 долларға жетеді. Сондай-ақ, «Шанхай текстиль» мамандары пластиктен киім де тігуге болатынын айтады. Олардың айтуынша, пластик материалдан тігілген киімдер мақтадан тігілгендерге қарағанда мықтырақ әрі арзан болады.

-Арнайы аппарат арқылы пластиктен жіп жасалады және сол жіптен киімдер тігіледі. Бұл тәжірибе Қытайда кеңінен тараған, – дейді олар.

ЭКСПО-әже, қош келдің!

Басты назарда  - «Нұр Әлем»

Әлем жұртшылығына «ЭКСПО-әже» деген атпен танымал 80 жастағы Томийо Ямаду Астанаға Жапониядан арнайы келді. Өз өмірінде жеті бірдей ЭКСПО көрмесіне қатысқан ардагер турист ең алғашқы сапарын 1970 жылы Осака қаласынан бастапты.

-Бұл лақап атқа 2005 жылы Шанхайда ие болдым. Содан бері ұйымдастырушылар мені турист ретінде емес, ЭКСПО-ның экспонаты ретінде қарайды, – дейді жапондық кейуана.

Астана күні қарсаңында «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында өтіп жатқан «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің фетивалі мәресіне жетпек. Оған Беларус, Египет, Қырғызстан, Монако, Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Эфиопия, Қытай және Қазақстан елдерінің цирк майталмандары қатысуда. Манеж-трансформер қалыбындағы кешенде өтетін бұл фестивальде лазерлі шоу, «шатыр астындағы жауын», 600-ден астам субұрқақ, цирктік трюктер қойылған.
Астанадағы ұлттық музей де ЭКСПО-ға келгендердің сапары мазмұнды болуына барынша атсалысуда. Музей Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы әйгілі Эрмитажды қонаққа шақырыпты. Эрмитаж ұсынған көрмеге орта ғасырларда Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінде қолданылған қару-жарақтар жиынтығы қойылды. Бұл суық қарулардың хронологиялық шеңбері ХV ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтыған.

Астанаға атан шөктірді

Басты назарда  - «Нұр Әлем»

Әйгілі швед жиһангезі Кристиан Бодегрен де өзінің Орта Азияға жасаған түйелі сапарын Астанада түйіндеуді жөн деп тауыпты. Моңғолиядан Каспийге дейінгі бес мың шақырымдық жолды өркешті жануармен бір жылға жуық уақытта жүріп өткен саяхатшы журналистерге Қазақстаннан алған әсерлері жайлы айтып берген болатын.

-Мен Моңғолияның ауылдарында адамдардың әлі де болса киіз үйде тұратынын көрдім. Қазақстанда да сондай шығар деген ой болған. Сөйтсем, мүлде олай емес екен. Көшпелі өмірдің барлық қызығына қанықтым бұл сапарда. Ал ЭКСПО көрмесі менің Орта Азия елдері жайындағы көзқарасымды 180 градусқа өзгертті. Енді соның барлығын өзім түсірген бейнефильм арқылы көпшілікке таратпақшымын, – дейді ол.

Басты назарда  - «Нұр Әлем»

Көрме қызған сайын қалашыққа азуын айға білеген саясаткерлер, атышулы өнертапқыштар бас сұғуда. Бір кездері арбаның дөңгелегі мен ауыздықты ойлап тауып, адамзат өркениетіне үлес қосқан қазақ даласы бүгін де озық идеялар алаңына айналған. Қазірдің өзінде мұнда сенсацияға баланған бірнеше супер жоба ұсынылды. Британия әкелген графен материалы, халықаралық ғылыми-техникалық орталық ұсынған «вакуумдық пойыз», Сингапур ұсынған «құранды үйлер», Словакияның «экологиялық баспанасы», жапондардың сутегімен жүретін көлігі, румындардың «энергетикалық шарабы», Германия ұсынған «гибридті BMW», чехиялық электрлі ұшақ, осының бәрі ертең-ақ ел игілігіне айналатын, табиғат теңдігін сақтауға мұрсат беретін технологияларға ұласатыны айдан анық.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button