ҚоғамТОП

Басты міндет – халықты қорғау

Облыс әкімі Ермек Көшербаев еліміздегі су тасқыны салдарынан болған ауыр жағдайға байланысты Мемлекет басшысының үндеуі бойынша жедел кеңес өткізіп, онда ықтимал су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-қимылдарды талқылады.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Алдын алу іс-шараларының арқасында бірінші толқын шығынсыз өтті. Алайда келесі аптада сыртқы температура көтеріліп, бірнеше күн бойы жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Бұл  – жағдайды қиындатуы мүмкін.

Жалпы облыс бойынша қар жамылғысының ауданы 60%-дан асады. Қауіпті аймақта Риддер қаласы, Катонқарағай, Шемонаиха, Марқакөл, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары бар.

Айта кетейік, өңірде барлық ықтимал тәуекелдердің картасы әзірленді, оның ішінде су тасқыны болуы мүмкін аймақтар көрсетілген. Өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне картаның деректерін үнемі жаңартып отыру қажеттігін ескертті.

– Карта тарихи деректерді ескере отырып жасалған, – деді Ермек Көшербаев. – Ондағы деректер жаңаланып, өзектілігін жоғалтпауы керек. Әрбір ауыл, кент әкімі өз есебін жүргізіп, аудан әкіміне тапсырып отыруға тиіс. Ал аудан әкімі ақпаратты облысқа жіберуі қажет. Цифрлық егіз деген осы, міне осыған ұмтылуымыз керек.

Облыс әкімі барлық қызметтердің жұмысын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Қажет болса, жұмысқа Қарулы Күштер мен Ұлттық ұланды да тарту керек. Нақты алгоритм қажет, онда әр маманның әрекеттері және олардың байланыс деректері жазылады. Бұған қоса, төтенше жағдай кезінде адамдарды эвакуациялау жоспарын егжей-тегжейлі пысықтау қажет.

Барлық бөлімше аймақ тұрғындарын шынайы ақпаратпен қамту және дүрбелең туғызбау үшін бірлесіп жұмыс істеп, бірыңғай ақпарат беруі керек.

– Бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, барлығымыз жұмыла әрекет етуге тиіспіз, – деп атап өтті Ермек Көшербаев. – Қате ақпарат негізсіз дүрбелеңге әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Ақпарат нақты тексерілген, сенімді болуы шарт.

Санитарлық және эпидемиологиялық қауіпсіздікке назар аудару маңызды. Су қоймалары, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерін, зираттарды, мал қорымдарын, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық тазарту, сондай-ақ осы нысандарға апаратын жолдарды тазалау қажет. Алдын алу шаралары эпидемиологиялық маңызы бар нысандарды су басудан сақтайды. Мамандар, сонымен қатар су басу аймағындағы саяжайларды тексеріп, ол жерден адамдарды эвакуациялау жолдарын қарастыруы қажет. Сондай-ақ өңірде зардап шеккендер болған жағдайда залалды өтеу тетігі әзірленеді.

– Басты міндет – халықты қорғау, – деп түйіндеді аймақ басшысы.

Тарихи деректерге сүйене отырып, су тасқыны кезеңіндегі жұмыс тәжірибесі болашақта осындай жағдайларға дайындықтың негізіне айналуға тиіс. Мұндай жұмысты басқа төтенше жағдайларға, атап айтқанда, өрттер мен жер сілкіністеріне дайындық кезінде де жүргізу қажет.

Осы айдарда

Back to top button