ӘлеуметТОП

Басты міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Президент өз сөзінде еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланып, алда тұрған басты міндеттер айқындалатынын атап өтті.

– Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр. Жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы. Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында еліміздің жаңа даму бағдары айқындалғанын, азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аударылатынын атап өтіп, ерекше мән беруді қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселелерді Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті. Петропавл, Теміртау, Степногорск, Балқаш, Қарағанды, Ақтөбе және Риддер қалаларында болған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, әсіресе меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ.

–  Жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президент тозу деңгейі 90 пайыздан асқан Екібастұз ЖЭС-ін мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсыныс сараптауды қажет ететінін айтты. Оның пікірінше, нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекеттің тиімді басқара алу мәселесін зерттеу керек.  Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн.

– Екібастұз тұрғындарына келтірілген зардапты өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуі керек. Үкіметтің алдында соңғы жылдары меншік иелері ештеңе істемеген аса маңызды инфрақұрылым нысандарының әрқайсысын кешенді түрде тексеріп, шешім қабылдау міндеті тұр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткеніне тоқталды. Жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. Ал Шығыс Қазақстан облысының Риддер мен Шемонайха қалаларындағы жылумен қамту желілері мүлдем тозған.

Президенттің айтуынша, энергетикалық нысандарды уақтылы жаңғырту ісін бақылауға алу Үкіметке бірнеше рет тапсырылған. Әйтсе де әкімдіктерге де туындаған  мәселені орталыққа ысыра салуға болмайды.

– Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы Комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия  дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша, оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн. Мемлекет меншігіндегі энергетикалық нысандар бюджет есебінен жөнделуге тиіс. Ал жекеменшік нысандарды «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен жаңғырту керек. Үкімет осы міндетті шешуге шұғыл кірісуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аударды.

– Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент баға белгілеуді келесі бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Сондай-ақ азық-түлік бағасын өсірмеу үшін басты бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек екеніне тоқталды.

– Азық-түліктің бағасы жыл мезгіліне қарай қатты өзгереді. Күзде су тегін нәрсе көктемде шарықтап шыға келеді. Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Былтыр 83 мың тонна өнім сақтайтын қойма салу жоспарланғанмен, оның 64 мыңы ғана пайдалануға берілді немесе жоспар 77 пайызға орындалды. Биыл жұмыс біршама жандана түсті: 98 мың тонналық қойма салу жоспарланып, соның 87 мың тоннасы қазірдің өзінде іске қосылды. Дегенмен бұл бағыттағы шаруаны әлі де ширата түсу керек. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі елді өркендетудің басты шарты екенін түсіну қажет. Агроөнеркәсіп кешенін, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту Үкімет пен әкімдер үшін басты басымдық болуға тиіс,  – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы жаңа президенттік өкілеттігіне кіріскен сәтте, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, ауылды өркендетудің мүлдем тың тәсілдері керек екеніне назар аударды.

– Ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ халық оның игілігін көре алмай отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарлар  орындалмай жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың көп несие алуына тосқауыл қою.

– Нақты экономиканы кредиттеу ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұғыл шешімдер топтамасы әзірленді. Ол осы сектордағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталды. Атап айтқанда, зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқықтары кеңейтіледі. Бұл бизнесті кредиттеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаржы» қорын қалыптастырады. Агроөнеркәсіп кешеніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты институты толықтай цифрландырылып, қайтадан іске қосылады. Бұл агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кредиттеу үшін жер қойнауын пайдалану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.

– Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн, – деді Президент.

Материал Аkorda.kz сайтынан алынды

Осы айдарда

Back to top button