Облыста коронавирустың жаңа штаммы тіркелген жағдайда өңірдің денсаулық саласы оған толық дайын. Әзірге британдық штамм біздің елде анықталған жоқ. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли айтты.
– Жаңа британдық штамм Ұлыбританияда өткен жылдың қыркүйек айында алғаш тіркеліп, желтоқсан айында толық зерттеулері белгілі болды. Қазір әлемнің қырық еліне тараған. Бұл штамның бұрынғылардан басты ерекшелігі – оның тез таралуында, өте жұқпалы болуында. Бірақ ауырлығы мен өлім көрсеткіші жағынан ас қауіпті деуге келмес. Егер өңірде анықталып жатса, біздің денсаулық саласы оған толық дайын. Емделуіне келетін болсақ, Қазақстанда коронавирусты диагностикалау мен емдеудің хаттамасы осы уақытқа дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының талаптарымен сәйкестендіріліп, бірнеше рет өзгерді. Соның өзінде біздің дәрігерлерге науқасты емдеуде білікті мамандардың консилиумінің шешімі бойынша, басқа препараттарды тағайындау еркіндігі берілген, – деді Владимир Ли.
Айна Ескенқызы