Қоғам

«Бастау Бизнестің» берері мол

Бүгінде «Бастау Бизнес» жобасының игілігін көріп отырған жерлестеріміз аз емес. Бірі жиһаз құрастырса, екіншісі темір бұйымдар соғуды қолға алған. Үшіншісі ауылдық жерге таңсық тағамдар пісірсе, енді бірі монша ашты.

Ел тұрғындарының өмірін өзгертіп, болашағын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік жобалардың бірі – «Бастау Бизнес» жобасы екені белгілі. Жақында аталмыш жоба бойынша жергілікті тұрғындарды бизнес негіздеріне оқытып, кәсіптерін дөңгелентуге мүмкіндік беретін жобаның кезекті кезеңі бастау алады. Осы ретте, өңірлік кәсіпкерлер палатасы жобадағы жаңашылдық жайын хабарлап, осы уақытқа дейін оның аясында мемлекеттен қолдау көрген кәсіпкерлер туралы айтып өтті.

– Жоба кәсіпкерлікпен айналысуға құлшынысы бар, бірақ ойын іске асыруға қаражаты жоқ азаматтарға арналған. Біздің бизнес-тренерлеріміз «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларға өздерінің бизнес-идеяларын бағалап, белгілі бір аумақта жүзеге асырудың мүмкіндігін саралауға көмектеседі. Сондай-ақ стартап жобаларды ұсынатын азаматтарды да қолдап, курсты аяқтаған соң бір жыл көлемінде қолдап отырамыз, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айгүл Шәкірова.

Бүгінгі күні облыста «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, өз істерін дөңгелентіп әкеткен кәсіпкерлер көп. Солардың бірі үржарлық Әбілмансұр Қанашов. NEET санатындағы жастардың қатарында болған ол мемлекеттен грант алып, ағаштан бұйымдар жасайтын цех ашқан.

– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу қиын болғаны рас, өйткені барлық ақпарат жаңа әрі таныс емес. Дегенмен, өз бизнесімді ашу үшін бар күшімді салдым. Интернет тартымы әлсіз болса да, барлық модульдерді оқып, бейнесабақтарды көріп шықтым. Бизнес-тренеріммен кеңесіп, маркетингтік зерттеулер жүргіздім және бизнес-жобамды жасадым, – дейді Әбілмансұр Қанашов.

Ал ағаш бұйымдармен қатар темірден соғылған заттарды дайындауды қолға алған семейлік Ярослав Михайлов трансформерлер мен Loft стиліндегі бұйымдарды шығаруда. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, «Еңбек» бағдарламасының грантына ие болған ол бүгінде үйге, кеңсеге, дәмханалар мен сауда нүктелеріне арналған жиһаздар, балалардың ойын алаңдарын, орындықтар, спорттық бұйымдар жасайды.

– Өз бизнесімді бастауға ұзақ ойландым. Көп салаларда өзімді сынап та көрдім. Ақыр соңында өзіме ұнайтын жұмыс істеп, адамдарға пайда тигізуді шештім. Үйімнің ауласында ағаш бұйымдар жасаймын. Гранттық қаржыға құрылғылар мен станоктар сатып алып, цех аштым. Осылайша, үш жұмыс орнын құрдым, – дейді Ярослав Михайлов.

Айта берсек, өңірімізде мемлекеттен қолдау тауып, тасын өрге домалатқан жандар аз емес. Олардың арасында қымыздан балмұздақ жасауды жолға қойған семейлік Айдын Серікқазин, Аягөз өңірінде жиһаз цехын ашқан Еркебұлан Райсханов, Бесқарағайда стихиялық қоқысты жинап, орнына монша салған бизнесвумен Рысжан Жұматаева бар.

– Әлемдік статистикаға көз жүгіртсек, адамдардың тек бес пайызы ғана өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыра алатын көрінеді. Бірақ бұл істе біздегі сияқты мемлекет қолдау көрсетіп, бастапқы қаржысын берсе, кәсіпкерлік бастамалардың анағұрлым көп болатыны сөзсіз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button