«Бақстан баласының» шығармашылық кеші өтті

«Бақстан баласы». «Серпер» сыйлығының иегері, Мәдениет саласының үздігі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Қазақстан ұлттық арнасы өткізген «Аламан айтыс», «Қазақстан чемпионаты» айтыстарының жүлдегері, «Шексіздік шұғыласы» кітабының авторы Ержан Жұмабектің Үржар ауылында өткен шығармашылық кеші осылай аталды. Иә, кім- кімнің де болсын туған жерін баққа теңейтіні рас қой. Десе де Ержанның бағы – руханияттың да бағында жайқалып өскендігінде болса керек. Туған жерінің қадірін сезініп, қасиетін біліп өскен қара ұл бүгінде талай биікті бағындырып жүр.
Бұл – балалық шағы Барқытбел бауырында өткен ақынның туған жерінде өткізіп отырған алғашқы шығармашылық кеші. Шынын айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылы аясында өткен осынау шара жыр кеші ғана емес, әдемі сыр кеші де болғандай. Залға жиналған қауым да екі жарым сағат бойы орнынан тапжылмады. Ержанның жүрегін жарып шыққан жырлары мен әндерін тебірене тыңдап, айтқан сырларын көңіліне тоқыды.
Әне, сахнада ақ көйлекті Муза қыз билеп жүр. Ермек Қарымсақов та Ержан Жұмабектің өлеңдерін нақышына келтіре оқиды екен, үні құлаққа сондай жағымды.
Өлең жазып отырып ойды ақтарып,
Ауыл қонар параққа жайлап барып.
Балалығым Барқытбел бауырында,
Мені күтіп жүр ме екен ойнақ салып…
Алматыдан атбегі ақсақал іздеп келіпті
Иә, Аягөз өңірінде дүние есігін ашқанымен, Ержанның балалық шағы осынау сұлу мекен – Үржар өңірінде өтіпті. Өзінің айтуынша, ата-анасы Ержан мен Қуанышты бала кезден-ақ ауыз әдебиетімен сусындатып өсірген. Ол осы Үржар ауылындағы Абай атындағы мектепте білім алады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Ержан Абай, Шәкәрім, Мұқағали оқуларына қатысып, жауһар жырларды жаттап, көңіліне тоқиды. Ауылдың баласы жазда атқа мініп, асық атып, қыста шана тебеді.
– Бірде әкем інім Қуаныш екеуімізге Еркежирен дейтін құрық тимеген асауды сыйлады. Қуаныш бұл күнде PhD доктор, ғалым, аудармашы, білім беру саласының үздігі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Сосын ат құлағында ойнайтын екі бала бар екен дегенді естіп, Алматы жақтан бір атбегі ақсақал арнайы іздеп келіп, әкеме бұйымтайын айтыпты. «Қуанышты не Ержанды маған бер, үлкен қалаға ұзақ уақытқа алып кетемін, аламан бәйгеге шаптырамын, не сұрасаң, соны беремін» дейді. Әкем: «менің қос ұлым білім, ғылым жолымен кетеді, жылқының жолы басқа» деп бір күн қонақ етіп, ақсақалды таңертең шығарып салады, – деді Ержан Жұмабек сол бір кездерді еске алып.
Сөздің киесін жақсы білетін анасы да Ержанды қаршадайынан «Жұлдызым», ал інісі Қуанышты «министр» деп еркелеткен екен. Бұл күнде ата-ана арманы орындалып, Ержан мен Қуаныш ақындықпен бірге, білім, ғылым биігін де бағындырып келеді. «Бауырыма келсем, Қуаныш екеуіміз аға-іні ғана емес, доспыз» дейді Ержан Жұмабек.
Осылай әдемі бір нотамен басталған кеш құттықтаулар мен ізгі тілектерге жалғасқан. Кеш иесін аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Қаленбек Қарашев құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бүгін Ержан өзінің туған жері – Үржар өңіріне аяқ басып, өнерімен, шығармашылығымен таныстырайын деп келіп отыр. Ержанға қош келдің демекпіз. Ержанды жақсы білесіздер, ол өзіміздің жерлесіміз, мына біздің Абай орта мектебінің түлегі. Менің ұлым Әнетпен бірге оқыған Ержан еңбегінің арқасында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. Былтыр ауданымыздың 90 жылдығында осы Ержан бауырымыз аудан әкімінің құрметіне бөленіп, «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атағын алды, – деген Біржан Тұрлыбеков аудан әкімі Серік Зайнулдиннің құттықтауын оқып берді. Аудан әкімі өз құттықтауында Ержан Жұмабектің жастар арасында отансүйгіштік рухты насихаттап, елімізде жастар шығармашылық ортасын қалыптастыруға қосып келе жатқан зор үлесін атап өтіпті. «Сіз бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесіңізді қосып келе жатқан белсенді жас буын өкілісіз. Біз Сіздей жаны нәзік, рухы құрыштай берік жандармен мақтанамыз, қадір тұтамыз. Шығармашылығыңызға арналған бүгінгі тамаша кешті сіздің жерлестеріңіздің қошеметі, Сіздің еңбегіңізге, Сіздің адами қасиетіңізге деген халықтың ілтипаты деп қабылдаңыз. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, зор шығармашылық табыс тілейміз» делініпті құттықтауда.
Осылайша, әдемі тілектің кезегін Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры, ақын Әлібек Қаңтарбаев алған.
– Жалпы, мен өзі соңғы уақытта Үржарға, Үржардың мына сахнасына бауыр басып алдым. Өскемен мен екі орта 500 шақырым болса да, менің қазақ тілін сағынғанда Үржарға келгім келеді. Өскеменде жүріп, ізгілік пен имандылыққа, адамгершілік пен кісілікке зар болған кезде, жырға, өнерге сусағанда осы Үржарға қашқым келеді. Бүгін, міне, Өскеменнен Ержанды сағынып келдім. Мынау отырған сіздер де сағынып келдіңіздер, – деген Әлібек Қаңтарбаев Ержан Жұмабектің поэзиясына да аз-кем тоқталып өтті. – Мен білетін поэзия сюжеттік өлеңдерден құралмауы керек. Ержанның поэзиясын көріп отырсаңыз, сюжет жоққа тән. Ержан лирикалық ақын. Лирикалық өлеңдері жоқ ақындарды мен ақын демес едім. Ержан, айналайын, жасай бер, бағың жансын, жолың ашылсын! Жолыңда Бекежандар кездеспесін! – дей келе, кеш иесіне облыс әкімінің Құрмет хатын табыс етті.
Ал есімі қалың елге жақсы таныс ақын, әйгілі «Ауылым» әнінің авторы Жабайыл Бейсенов ақсақал Ержанға:
«Жастық шақтың гүлі бол,
Күннің жарық нұры бол.
Қатарыңнан биік бол,
Дұшпаныңа күйік бол.
Бақытын Алла сыйласын,
Шапағатын үйіп мол!» – деп аталық ақ батасын берді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев та осындай асыл азаматқа жылы сөзін арнап, Ержанның мұндай жетістікке өзінің асқақ арманы мен қайсар, рухты еңбегінің арқасында жеткенін атап өтіп, оның Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзіне аты белгілі ақын болуына тілектестігін білдірді.
Ақынның арманы
Шығармашылық кеште Ержанның сөзіне жазылған «Үржарым – бақ мекен», «Мама», «Ақ халатты абзал жан», «Стоп, стоп, бұл махаббат», «Чики-чики», «Халқым сүйген әндер», «Қазақ деген құдайдың қара өлеңі» секілді оннан астам әні орындалды. Арасында автордың өзі кейбіреулерінің шығу тарихын көрермендерге баяндап берді. Мысалы Ержанның «Ақ халатты абзал жан» атты әні бұл күнде дәрігерлер қауымының ұранына айналғандай.
– Бір жылдары анам қатты сырқаттанып, бір айдай жан сақтау бөлімінде жатты. Бұл сол кезде туған ән еді. Өмір мен өлімнің шекарасында жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі жана берсін, -деген Ержан Жұмабек өзінің өмірлік серігі Жанардың да мамандығы дәрігер екенін айтты. «Жанар адамның тәнін емдесе, мен өлеңмен жанын емдеймін» дейді ол.
Айтуынша, Жанар екеуі Алакөлдің жағасында танысып, табысыпты. Жас арудың нұрлы жүзі көзіне бірден оттай басылған. Содан қасына барып «Сен менің жарым боласың» деп, жүрегін ұсынған. Сөйтіп, қазір екеуі берекелі бір отбасына айналған.
Сондай-ақ шығармашылық кеште Ержанның ақын болып қалыптасуына елеулі үлес қосқан ұстазы Тұрсынғазы Тұрдыбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Андасова да сөз алып, ізгі тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыс етті. Үржар ауданының ұйымдастыруымен Ержан Жұмабектің өлеңдерін жатқа оқудан «Бақстан баласы» атты республикалық поэзия марафонының қорытындысы шығарылып, жүлдегерлердің есімдері жария етілді. 400-ге жуық үміткер бақ сынаған сайыста оқушылар арасында бірінші орын зайсандық Камилла Шайсолтановаға бұйырса, студенттер арасында бірінші орынды өскемендік Балғын Жекенқызы иеленді.
– Адамның берген атақ-даңқын емес, Алланың берген абыройына ұмтылған адаммын. Үміттенемін, еңбектенемін, армандаймын. Ең бастысы, сол көздеген дүниеме түзу кетіп бара жатқаныма сенімдімін, – деген Ержан Жұмабек осы шығармашылық кешіне қолдау көрсеткен жандарға, ұстаздарына, үнемі шабытына қанат байлап жүретін облыс әкімі Даниал Ахметов пен аймақ басшысының орынбасары Әсем Нүсіповаға алғысын жеткізді.
Жас ақынның алдына қойған арман-мақсаттары бар. Қазіргі таңда туған інісі Қуанышпен бірге қазақтың 100 ақынының өлеңдерін түрік тіліне аударып жатқан көрінеді. Содан кейін оны ағылшын тіліне аудару жоспарда тұр. Десе де ағайынды жігіттердің ең үлкен арманы – М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын ұлттық бояуын бұзбай ағылшын тіліне аудару, осылайша тамшыдай болсын ел дамуына үлес қосу.
– Алда әлі әлемдік деңгейдегі марапаттарды да алатын шығармыз деп ойлаймын. Бірақ қандай жүлдеге ие болсам да, туған жерім – Үржарымдағы осы бір кешке жетпейді. Біреулер бақытты байлықтан, біреулер мансаптан, тағы біреулер балаларынан, достарынан, біреуі махаббаттан табады ғой. Мен өзім бақытты өлеңнен тапқан адаммын. Өлең жазғанда жүректің тыныштығы бар. Шетелге көп қызметтерге шақырып жатыр, бірақ менің осы Қазақстанда ғұмыр кешкім келеді, – деді ол сөзін түйіндеп.
Мамырдың 23-інде Ержан Жұмабектің шығармашылық кеші Түркия елінде өтпек.
Мейрамтай Иманғали