Қоғам

Баспасөз тарихының музейі ашылса…

Баспасөз тарихының музейі ашылса...


Жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы игі үдерістерге зор серпін берген еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет деген Елбасының тапсырмасына орай, облысымызда атқарылып жатқан өнегелі істер аз емес. Ол үшін аймақ басшысына және ол кісінің командасына үлкен алғыс білдіреміз.

Ең үлкен мәдени байлықтың бірі – «өмір айнасы» болып келе жатқан баспасөз екендігі ақиқат. Елдің, әр өңірдің тарихы осы баспасөз бетінде жазылған, жазылып келеді, жазыла да бермек. Еліміздің рухани-мәдени орталығының бірі – шежірелі Семей жерінде жарық көріп келе жатқан «Семей таңы» газеті – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Сонау 1919 жылғы 4 желтоқсаннан Алаш зиялыларының бастамасымен «Қазақ тілі» деген атпен жарық көре бастаған басылым бір ғасырлық ғұмырында талай тарихи кезеңдердің айнасы бола білді. Бұл газетте М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев сынды көптеген ұлт мақтаныштарының қолтаңбалары қалған.

Ал жалпы Семейде баспа ісі, баспа өнімдерін, газет шығару ертеректен қолға алынған. Мәселен, үкіметтің жарлықтары, губернатордың бұйрықтары тұрақты жарияланып тұрған алғашқы басылым – «Публикации по Семипалатинской области» газеті 1863 жылдан, ал «Семипалатинские областные ведомости» газеті 1780 жылдан шыға бастаған (С.Бабинцев Заметки о периодике Семипалатинского края. – Семипалатинск, 1931. – 135 с.).

Кенді Алтай жұмысшы табын қалыптастыру ісінде үлкен рөл атқарған, 1931 жылғы 24 қазаннан бастап Риддерде жарық көре бастаған «Жұмысшы» газетінің бүгінгі мұрагері – облыстық «Дидар» газетінің де тарихи жолы бай. 1938 жылы «халық жауы» деген жаппай қырғынның құрбаны болып кеткен басылымның тұңғыш редакторы Мақсұт Тайшыбаевтан бастап, бұл газетте де бүкіл ғұмырларын баспасөзге арнаған Б.Исабеков, Қ. Байкенов, Ә.Жәкетова, бертінгі Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Ғ.Қабышев, О.Бөкей, Д.Әшімханов, Ұ.Есдәулетов сынды белгілі журналистер, ғалымдар, ақын-жазушылардың қолтаңбалары қалған.

Өзінің бастауын 1917 жылы Өскеменде шыққан «Голос Алтая» басылымынан алатын бүгінгі облыстық «Рудный Алтай» газетінің, республика көлемінде өз хабарларын 1958 жылы ең алғашқы болып таратқан Өскемен телеканалының даму, қалыптасу жолдары да кез келген оқырман мен көрерменді қызықтырары сөзсіз.

Бұлардың қатарына қаншама танымал қаламгерлердің қанаттарын қатайтып, үлкен әдебиет әлеміне ұшырған Зайсан аудандық «Достық», Катонқарағай аудандық «Арай -Луч», Аягөз аудандық «Аягөз жаңалықтары», Ұлан аудандық «Ұлан таңы» сияқты қазыналы тарихы бар басылымдарды қосуға болады.

«… Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек…» – деп, Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, қоғамның белгілі бір кезеңдеріндегі даму процестерінің қалай болғандығын, облыстағы баспасөз тарихын бүгінгі және келешек ұрпаққа таныстыру, жеткізу мақсатында «Шығыс Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы» музейін құру қажеттігі жөнінде ұсыныс енгіземін. Әрине, ол оңай жұмыс емес. Бірақ дәл қазір осы аталған басылымдардың барлығының жанында шағын музейлер, шағын тарихи бұрыштар, ең болмағанда, мерейтойлық даталарда жинақталған құнды жәдігерлердің бары анық. Болашақ облыстық музейдің негізі, бастауы ретінде әрбір басылымның жанындағы осындай тарихи жәдігерлерге сүйенуге әбден болады. Бүкіл ғұмырын осы баспасөзге арнаған ардагерлер, сауатын ашқаннан бері газет оқып келе жатқан белсенді оқырмандар, авторлар, қоғамдық тілшілер де аз емес. Мұндай игілікті іс басталар болса, олардың да тыс қалмай, көмек қолдарын созулары анық деп ойлаймын.

Мұндай музей әзірше еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Егер қолға алынып, ашылар болса, егеменді мемлекетіміздің балғын шағындағы ұлттық баспасөзінің тарихы келешек өркениетті еліміздің ұрпақтары үшін баға жетпес қазына болары даусыз.

Айтмұхамбет Қасымов,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты

Осы айдарда

Back to top button