ҚоғамТОП

Баспанаң болса басыңда

Елімізде 1 наурыздан бастап «Отбасы банкі» салымшыларынан «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасымен баспана сатып алуға өтінімдер қабылданып жатыр.

Ауылдан да үй сатып алуға болады

Биылдан бастап Отбасы банкінің «Отау» бағдарламасы арқылы ірі қалалармен қатар аудан орталықтарында, моноқалаларда және ауылдарда да тұрғын үйді алғашқы нарықтан (егер ол елді мекенде болса) және қайталама нарықтан (пәтер, сондай-ақ жеке үй) сатып алуға болады.

Ол үшін ауылдардағы нысандар банктің кепіл саясатына сәйкес келуі керек. Яғни тұрғын үй 1964 жылдан кейін және белгілі бір материалдардан салынуға тиіс. Мысалы, банк қаңқалы-қамысты құрылыстарды кепіл ретінде қарастырмайды.

2024 жылдың 1 наурызынан бастап «Отау» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен пәтер, үй сатып алуға «Отбасы  банкі» салымшыларынан өтінімдер қабылданып жатыр. Тұрғындар 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысуға өтініш жолдай алады. Өскемендегі «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалына барып, бағдарламаға қатысудың жолдары жайында кеңес алуға да болады.

Алматы, Астана, Шымкентте және облыс орталықтарында тек бастапқы нарықтағы, жаңдана салынып біткен тұрғын үйді, оның ішінде Қазақстан тұрғын үй компаниясы (ҚТК) кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша немесе сақтандыру құралын пайдалана отырып сатып алуға болады. Барлық басқа елді мекендерде кез келген тұрғын үйді сатып алуға болады.

Бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан басталады. Несие бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖЭС 9,2% бастап). Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

– Өтінімдер Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) онлайн қабылданады. Бағдарламаға қатысушы бастапқы нарықтағы тұрғын үйді Баспана маркет порталынан ғана сатып ала алады. Бұл тәсіл жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеу үшін қабылданған.

Платформада орналастырмас бұрын әрбір нысан тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтетін болады. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен 1 шаршы метрдің бағасын белгілей отырып сол тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады, – деп түсіндірді жаңа бағдарламаның артықшылықтарын «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қаршыға Жақсылықов.

Облыс тұрғындарынан 228 өтінім түскен

«Отау» бағдарламасы басталған алғашқы екі сағатта мыңдаған қазақстандық өтінім беріп, 400 өтінім қабылданып үлгерген. Ал бүгінгі таңда еліміз бойынша 11 мыңнан астам өтінім берілген және 8 мыңға жуық өтінім қабылданып жатыр. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана алуға өтінім бергендердің 68 пайызы – 35 жасқа толмағандар. Ең көп өтінім Алматы мен Астана қалаларында берілген. Шығыс Қазақстан бойынша 228 өтінім келіп түскен.

«Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының басшылығы қолайсыз жағдайларды болдырмас үшін, өтінімдерді қабылдау мерзімін барынша ыңғайлы етіп жасағанын айтады. Қатысушылардың, салымшылардың  1 наурыздан бастап 30 сәуірді қоса алғанға дейінгі екі ай уақыт ішінде өтінім беруге мүмкіндігі бар.

Назигүл Аққұлова, «Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының директоры:

– Банк салымшылары әлі де өз депозиттерін толықтырып үлгереді, туыстарының депозиттерін біріктіруге, бағдарламаның талаптарымен мұқият танысып және содан кейін ғана өтінім беруге уақыттары болады.

Өтінімдер қабылданып болған соң тізімді саралау басталады. Яғни қатысушылардың ұпайлары саналып, өтінімдер ең көп жиналған ұпай саны, балл бойынша бөлінеді.

Балл қалай есептеледі?

Салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1 000 теңгеге 5 балл;

– салым мерзімі үшін – депозит қолданылған әрбір жылға 5 балл;

– тіркелген неке үшін – 10 балл;

– балалар үшін – олардың санына қарамастан 50 балл.

Егер екі қатысушының балл саны бірдей болса, онда тізімге енгізудегі басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі.

Саралаудан кейін клиенттер «Отау» бағдарламасына енгендердің тізімін банк сайтынан көре алады.

Оларға кредиттік өтінім беру үшін шамамен 40 жұмыс күні беріледі. «Отбасы банк» салымшыларына осы уақытқа дейін қолданыстағы тұтынушылық кредиттерді өтеп үлгеруге кеңес беріледі, сонда кредитті мақұлдау мүмкіндігі көбірек болады. Төлем қабілеттілігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы ресми табысы ғана емес, сонымен қатар отбасына жұмсалатын міндетті шығындар, сондай-ақ нақты кредиттер бойынша төлемдер ескеріледі.

Егер бағдарламаға қатысушы кредит бойынша мақұлдау алса, онда оның баспана іздеу үшін алты ай уақыты болады.

«Отау» бағдарламасы өзгеше

«Отау» бағдарламасы бойынша бір кредит аясында тұрғын үй сатып алу және жөндеу үшін ақша алуға болады. Бірақ кредиттің жалпы сомасы рұқсат етілген ең жоғары сомадан аспауға тиіс. Алматы, Астана қалалары үшін кредит 30 миллион теңгеге дейін, қалған өңірлер үшін 18 миллион теңгеге дейін беріледі.

Жөндеуге арналған қарыз сомасы кредиттің жалпы көлемінің 30%-ынан аспауға тиіс.

«Отау» бағдарламасы бойынша кредит талаптары:

– бастапқы жарна – 20%-дан бастап;

– кредит бойынша мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,2%-дан бастап);

– кредит мерзімі – 19 жылға дейін.

 

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Отбасы банкі салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар;

Отбасы банкте кемінде 18 ай мерзіміндегі депозиті бар адамдар;

Жинақ шотында өтінім беру сәтінде кемінде 1 млн теңге жинақ сомасы бар адамдар;

Қатысушы 18-63 жас аралығында (63 жасты қоса алғанда) болуы керек;

Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік (пәтер, үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кез келген нысаналы мақсаттағы жер учаскесі) болмауы керек;

Алматы мен Астанада тұрғын үй сатып алу кезінде – осы қалаларда тұрақты тіркеуде болуға тиіс.

Бағдарламаға «Баспана» депозиті бар адамдар өтініш бере алады. Егер клиентте басқа тарифтік бағдарламалар (Кемел, Болашақ, Өркен және т.б.) бойынша депозит ашылған болса, онда оларды кредиттік өтінімді қабылдау кезеңінде «Баспана» тарифтік бағдарламасына ауыстыра алады.

«Отау» бағдарламасына «Табысты», «Арнау» және «Жинақ» депозиттері бар банк клиенттері қатыса алмайды. Бұл депозиттер бойынша тарифтік бағдарламаны өзгерту қарастырылмайды және олар бойынша тек тұрғын үй қарызы беріледі. Ал «Отау» бағдарламасы бойынша тек алдын ала қарыздар беріледі.

Сондықтан салымшы алдын ала банктің «Отбасы банк лайт» деп аталатын жаңа мобильді қосымшасынан депозит туралы өз сертификатын тауып, сол жерде тарифтік бағдарламасын тексеруі қажет.

«Отау» бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі (кредит алушылардың келісімімен) «Отбасы банктің» сайтында жарияланатын болады. Әр адам өтінімдерді іріктеу және балдарды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында таныса алады.

Жас ғалым пәтер алды

Бүгінде Қазақстанда «Отбасы банкі» арқылы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің бірнеше бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің докторанты Қанат Асқадұлы «Отбасы банкінің» «Жас ғалым» бағдарламасымен екі бөлмелі жаңа пәтердің иесі атанды.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Отбасы банк» пен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлесіп іске асырған «Жас ғалым» тұрғын үй бағдарламасы былтыр 1 желтоқсанда іске қосылған болатын. Бағдарламаға ғылыми зерттеулерді, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын, магистр дәрежесінен төмен емес және ғылыми-зерттеу жұмыс өтілі кемінде үш жыл болатын  40 жасқа дейінгі тұрғын үйге мұқтаж жас ғалымдар қатыса алады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін жас мамандар бастапқы жарнасы небары 10% және жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5% болатын тұрғын үйді сатып ала алады. Берілетін кредиттің ең жоғары сомасы – 20 млн теңгеге дейін. Аталған тұрғын үй бағдарламасы бес жыл бойы жүзеге асырылады.

Қанат Асқадұлы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы «Жас ғалым» тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алған алғашқы ғалым. 2022 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы  ИТМО ұлттық зерттеу университетінде шетелдік ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтіп келген Қанат бүгінгі таңда өз арманына қарышты қадам басуда.

Жуықта Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың университет әкімшілігі әріптестерін қоныстойымен құттықтап  қайтты.

– Қонысың құтты болсын, құтты шаңырақ болсын! Ғылым мен ғалымның, білім мен біліктіліктің беделі арта берсін! Біз сендей жас ғалымдарды мақтан тұтамыз. Қазақстандық ғылымның әлеуеті өзіңдей жалынды жас ғалымдардың жаңалықтарымен, еселі еңбегімен  биіктей түседі. Ғылымда жаңа жетістіктерге жете бер, – деп жеткізді ақжарма тілегін  ШҚТУ-дың басқарма төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллина.

Жас маманның қуанышы үйсіз жүрген өзгелерге жұғысты болсын дейік. «Отбасы банкі» арқылы арманына қол жеткізген отбасылардың, Қанат сынды  жастардың қатары көбейе бергей!

Осы айдарда

Back to top button