Қоғам

Баспанамен толық қамтылады

Өскемен қаласының №19 ауданында облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мамандары үшін тұрғын үй кешені тұрғызылады. Бұл жоба Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, Өскемен қаласының әкімдігі және «Жігер» ЖШС мердігерлік ұйымының арасында бекітілген үш жақты меморандумның аясында жүзеге асырылмақ.

Мердігерлік ұйым өкілінің түсіндіруінше, тұрғын үй кешенін серіктестік өз қаражаты есебінен салады. Құрылыс жүргізуге қала әкімдігінен 3,5 гектар жер бөлініпті.

-Тұрғын үй кешеніүш кезеңмен бой көтереді. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Алғашқы екі көпқабатты үйді 2020 жылдың аяғына дейін тапсыруға тиіспіз. Меморандум шартына сәйкес, баспананың құны департамент мамандарына жеңілдікпен есептеледі. Сонда пәтердің бір шаршы метрі 100-150 мың теңгеден аспайды, – дейді мердігер.

Егер Есенберлин даңғылындағы дайын үйлердегі пәтерлердің бағасы 15-18 миллион теңге болса, салынатын пәтерлер шамамен 9,5 миллион теңгеден сатылмақ.

-Біз әзірге елу пәтерге тапсырыс беріп отырмыз. Келешекте қызметкерлеріміздің баспана қажеттілігін толық өтейміз, – деп атап өтті департамент басшысы Ерлан Жалмағамбет.

Мердігер баспана үшін «Тұрғын үйқұрылыс жинақ банкі», екінші деңгейлі басқа банктер арқылы ұзақ мерзімде есеп айырысу мүмкіндіктері қаралатынын жеткізді.

-Алматы, Қызылорда облыстарында мамандардың, сот қызметкерлерінің баспана мәселесі толық шешілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер үшін әлеуметтік пакеттер қарастырылған, жалақылары өсіп жатыр. Демек, оларға қойылатын талаптар да күшейе түседі, – деп ескертті агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.

Айтпақшы,бұған дейін агенттік төрағасы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бір топ қызметкерлеріне қызметтік пәтердің кілтін табыс еткен болатын.

Камал Естай

Осы айдарда

Back to top button