Баспанамен қамтылып жатыр

Биыл Шемонайха ауданындағы аз қамтылған көпбалалы 20 отбасын коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін баспанамен қамту жоспарлануда.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Анастасия Тицтің айтуынша, бүгінгі күні аудан бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 730 адам тұрған көрінеді. Жыл сайын жүргізілетін құрылыс жұмыстарының нәтижесінде аталмыш кезектегі баспанаға мұқтаж азаматтар біртіндеп тұрғын үйге қол жеткізуде.
– Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен үш түрғын үй сатып алынып, оның екеуі көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға берілсе, біреуі аудандық ауруханада жұмыс істейтін невропатолог маманға табысталды. Ал биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін 20 тұрғын үйді көпбалалы отбасыларға беруді жоспарлап отырмыз, – дейді Анастасия Тиц.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін аудан аумағында салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру де көзделген. Бұл үйден келісімге сәйкес жиырма пайыз пәтер аталмыш санатқа сай келетін отбасыларға таратылып берілмек. Сонымен қатар медициналық мекемелерде жұмыс істейтін өте қажетті мамандықтағы дәрігерлерге арнап жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 33 млн. теңгеге тағы үш тұрғын үй сатып алу жоспарланған.
Азамат Темірбеков