Қоғам

Баспаналы жастар көбейді

№19 шағын аудандағы Есенберлин даңғылы, 30А үйінің маңына жиналған бұқара күн райының ызғарына қарамастан көңілді. Әуелеткен ән мен күй, ыстық шай мен тәттілер қойылған дастархан осы жерде бір тойдың болатынын аңғартып тұр.

Өскемен қаласында үй кезегінде тұрған ата-анасының қамқорлығынсыз және жетім қалған 20 жас үшін бұл күн ең қуанышты сәттер мен есте қалары сөзсіз. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бақытты жандарға облыс әкімі Даниал Ахметов пәтер кілтін тапсырды.

-Баспана дегеніміз бақыттың басы. Бақыттың ақ жолы шаңырақтан басталатыны сөзсіз. Осынау мереке қарсаңында өз үйінің кілтіне қол жеткізіп жатқан жастарға ырыс пен ынтымақ, молшылық пен береке тілеймін, – деді баспаналы болғандарды құттықтай келген облыс әкімі Даниал Ахметов.

-Біз әке-шешеміздің аялы алақанының жылуын сезбей, мейірімін көрмей өстік. Бірақ оған кінәлі емеспіз ғой, – деп жылап жіберді аймақ басшысының қолынан пәтер кілтін алғандардың бірі Татьяна  Тасылбаева. – Сізге деген алғысымыз шексіз. Балаларыңыздың, немерелеріңіздің қызығын көріңіз.

Татьяна қазақшасайраптұр. «Үміт» балалар үйінің түлегі Сандуғаш Қасенова да жастайынан көп қиыншылық көргенін жасырмайды. Қазір үш жастағы ұлымен Ана үйін паналап жүрген келіншекке бұл баспана тәңір сыйымен пара-пар.

–Ата-анамнан сегіз жасымда айырылып қалдым. Біз үш ағайынды жетімдер үйінде тәрбиелендік. Балалар үйіне рақмет, бірақ жетімдіктің тауқыметін ұмыту қиын, – дейді Сандуғаш көзіне жасалып. – Осындай самаладай жарық, кең пәтерге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Сіңілім бір жатақханада тұратын, оны енді қолыма алам.

Иә, үй кезегінде ондаған жылдар тұрып, енді баспаналы болып жатқан жандардың әрқайсының арманы бар. Облыс әкімімен бірге пәтерлерін аралап шыққан жандардың қунышында шек болмады. Айтпақшы, оларға тұрмыстық техника сатып алу үшін сертификат қоса тапсырылды. Үй жиһазын алып беремін деушілер болса, шаңырақ иелеріне бұл да үлкен сеп болар еді.

«Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, өңірде ата-анасының мейірімінсіз қалған жеткіншектерді қолдауға көп көңіл бөлініп келеді. Жақын уақытта облыс орталығында 600 пәтерлі төрт тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға тиіс. Оның 110 пәтері көпбалалы отбасыларына, жетім балалар мен басқа да әлеуметтік аз қамтылған жандарға берілмек. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде тұрғындардың барлық санатын сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 443 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады, пайдалануға 19 үй беріледі. Жалпы, ағымдағы жылы кезекте тұрған 388 көп балалы отбасы жеке тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Мектептің керегесі кеңейді

Облыс әкімі Даниал Ахметов Согра кентінде орналасқан М.Шаяхметов атындағы  №23 мектептің жапсарлас салынған ғимаратымен танысты.

Мектеп ғимаратының 300 балаға арналған қосымша бөлігінің құрылысы  2017-2019 жылдары жүргізіліп, енді пайдалануға беріліп отыр.  Бұл жерде асхана, кітапхана, спортзал мен компьютер сыныптары, медициналық кабинет орналасқан. Мектеп директоры Сәуле Нұрқанованың айтуынша, спорт залын акт залы ретінде де пайдалануға болады, ол үшін орындықтар алынып қойған.

Аймақ басшысы мектептің асханасы мен компьютер сыныбын аралап шықты. Кешенді ас мәзірімен танысқан Даниал Ахметов ланч кезінде бір тоқаш пен суық котлетке риза болатын еуропалық оқушылардың қасында біздің тамағымыз тоқ екенін айта кетті. Бүгінгі ас мәзірінде ыстық сорпа мен қою тамақ, салат пен сусын болды. Бұдан басқа пешке піскен ыстық тоқаштардың түр-түрі де самсап тұр.

Мектептің компьютермен жабдықталуына келсек, сегіз балаға бір компьютер екен. Бұл да республикалық көрсеткіштен жоғары. Басқа өңірлерде 11 балаға бір техникадан келеді.

Балалары қазақ сыныптарында оқитын Айзат Мұхамадиева ата-аналар атынан алғысын жеткізді.

– Менің бір балам бесіншіге, екіншісі сегізіншіге барады. Олар үшін жасалып жатқан барлық қолайлы жағдайға алғысымызды айтқым келеді. Ғимарат жылы әрі жарық, – деді Айзат Мұхамадиева.

Осы айдарда

Back to top button