Баспаналы болудың жай-жапсарын түсіндірді
Бүгінгі таңда елімізде жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, нәтижелі іске асырылуда. Десек те жастарымыздың көпшілігі мұндай бағдарламалар барынан хабарсыз екенін жасырып керегі жоқ. Осы орайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілдері «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жатқан студент жастармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй алудың жолдарын түсіндіріп берді.
Әлеуметті әрқашан ойландыратын мәселелердің бірі – баспана. Бұл жайында біздің халық «үйі жоқтың күйі жоқ» деп әлдеқашан айтып қойған. Ендеше жастарымыз баспаналы болудың қамын бүгіннен бастап ойластыруы тиіс. Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған осынау кездесуде серпіндік студенттер біраз нәрсеге қанықты. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болатынын біліп, көздері ашылды.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бірінші санатты маманы Данара Әлиханованың айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейтін мемлекеттік бағдарламаларға студент жастар да қатыса алады. Ол үшін аталған банктен 3 немесе 5 жылға шот ашып, шамасы келгенше ай сайын шотты толықтырып отырса болды.
– Қазір сіздерге жақсы, мемлекеттің берген тегін жатақханасында тұрасыздар. Бірақ оқу орнын бітірген соң, «Қайда тұрам?» деген мәселе міндетті түрде алдарыңыздан шығады. Сол кезде бармақты тістеп, өкінбес үшін баспана алудың қамына қазірден кіріскендеріңіз жөн. Бұл жерде уақыттың өзі де үлкен рөл ойнайды, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілі Данара Оразханқызы. Бір ыңғайлысы, студенттің атына ашылған есепшотты тіпті, ауылдағы ата-анасы да толықтыра алады. Бұл мүлдем қиын емес. Қазір кез келген ауылда «Қазпоштаның», банктердің бөлімшелері бар. Ал үш жылда алатын үй құнының 50 пайызын жинаған студент төмен пайызбен баспана алу құқына ие болады.
Данара Оразханқызы студенттер тарапынан қойылған көптеген сауалдарға да жауап берді.
– Біз кез келген студент болашағын ойласа, осындай бағдарламаларды біліп, қазірден бастап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» өздерінің шоттарын ашып, баспананың кезегіне тұрса екен дейміз. Баспана мәселесін жоғары оқу орнын бітірген соң емес, қазірден бастап ойластырған әлдеқайда тиімді емес пе? Кездесуге қатысып отырған жастардың барлығы да мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алуда. Енді арнайы бағдарлама бойынша білім алып жатқан соң, олар келісімшарт бойынша осы жақта қалып, қызмет етуі тиіс. Ертеңгі күні баспана мәселесі міндетті түрде олардың алдынан шығады. Әрине, серпіндіктердің бәрін бірдей баспанамен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан осы бағдарламаларды түсіндіру арқылы банкте шоттарын ашқызып, үйдің кезегіне қойып – қызықтыру. Бұл – баспана мәселесіне арналған бірінші кездесу. Алдағы уақытта мұндай кездесуді Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да, содан кейін барлық серпіндіктер оқып жатқан оқу орындарында өткізсек дейміз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Жалпы, бүгінгі күні аталған оқу орнында «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында 462 студент білім алып жатқан көрінеді. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылынан келген Әбілқайыр Батырбай. Ол осынау кездесудің өздеріне көп ой салғанын, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» өзі де шот ашып қоюға бекінгенін айтады.
Мейрамтай Иманғали