Баспаналы болу бақыты бұйырды
Нұрлан мен Нұргүл бас қосып, үйленген 1998 жыл есте қаларлықтай ауыр жылдар болатын. Алайда, жас жұбайлар Нұрланның әке-шешесінің үйінде бірге тұрғандықтан, еш қиындық сезген жоқ.
Тарбағатай ауылының Ақтүбек деген елді мекенінде тып-тыныш өмір сүріп жатқан бұлар ақсақал қайтыс болғаннан бірнеше жылдан кейін күнкөріс қамымен Аягөз қаласына көшіп келген. Ата-анамен бірге тұрған жылдарда баспана мәселесі өңі түгіл түстеріне кірмеген Нұрлан мен Нұргүлге енді тұрғын үй проблемасы пайда болды. Кәрі шешелерін ертіп, алты баласымен пәтерден пәтер жалдап, біршама қиындық көрді. Сөйтіп жүргенде таяуда «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы «Жилстройбанктен» 7 миллион теңгеге дейін үй алып, ақар-шақар болды да қалды. Онда да қызық болды. Тып-тыныш үй шаруасымен айналысып жүрген Нұргүлдің қалта телефоны шыр ете қалған:
– Алло! Манасовтар ма?
– Иә, мен Манасова Нұргүл тыңдап тұрмын.
– Нұргүл апай, «Бақытты отбасы» деген бағдарламаны естуіңіз бар шығар? Сол жоба аясында «Жилстройбанк» арқылы сіздердің осы Аягөзден үй алу мүмкіндіктеріңіз бар! Телефон тұтқасының арғы жағындағы жігіт бірнеше минут мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі түсіндіргеннен соң:
– Жақсы, рақмет! Ертең құжаттарымызды алып, барамыз,-деп келісімін берген…
Шынын айтқанда, бастабында Нұрлан да, Нұргүл де «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» дегендей, аса сене қоймаған. Отбасындағы алты баланың тұңғышы, жасы 21-ге келген Назерке Қабдиянова 1-ші топтағы мүгедек болғандықтан, көпбалалы отбасылардың санатына кіргендерін кейін білді.
– Үкіметке рақмет айтқымыз келеді, – дейді Нұргүл. – Осындай «Бақытты отбасы» деген бағдарлама ашып, оның санатына бізді қосқандарына мың алғыс! Қаланың қақ ортасынан 7 миллион теңгеге «Жилстройбанк» арқылы алатын үйіміздің 10 пайыздық алғашқы жарнасын қалалық әкімдік құйып берді. Мұның өзі үлкен көмек қой! Шынында да, қазір балалар есейіп қалды. Үйсіз-күйсіз тым қиын еді. Екіншіміз Арайлым Өскемендегі колледжде, одан кейінгі Әли Алматы қаласында теміржол саласында жоғары білім алып жатыр. Әлішерім 9 сыныпқа, Зарина 7 сыныпқа, кенжеміз Медина 4 сыныпқа көшті. Бәрі де осы Аягөздегі №1 орта мектепте білім алып жатыр.
Жалпы, адам бақытты болу үшін не қажет? Отбасыңда денің сау, перзенттерің қалаған мамандықтарын алып, ата-ана мейірімін сезіп өссе, Отанының адал ұл-қыздары болса, бақыттың үлкені сол деп білем өзім…
Иә, таяуда ғана Аягөз қаласының қақ ортасынан бес бөлмелі үй алу бақыты бұйырған Манасовтар отбасының қуаныштарында шек жоқ.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.