Қоғам

Баспана сатып әперді

Апат айтып келмейді. Иә, кенеттен келген апат алты баласы бар Аягөз қаласының тұрғыны Нұрлан мен Айжан Төлтаевтарды абдыратып кеткені рас. Оныншы қазан күні отбасының Желтоқсан көшесіндегі үйі қызыл жалынға оранып, олар алты перзентімен бір-ақ күнде ашық аспан астында қалған болатын.

Аягөздіктер мұндайда  қол қусырып қарап отырмады. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев бірден комиссия құрып, іске жедел кірісті. Барлық мекеме, ұйым, кәсіпорындар бұл жағдайдан құлағдар болып,  көмек қолдарын соза бастады. Кәсіпкер Талғат Мұхаметқалиев бір миллион теңге қаржы бөліп,  басқа азаматтар да «Аягөз Болашақ» қорына қаржы аударды. Міне, аз уақыттың ішінде зардап шеккен отбасына қала ішінен үй алып берді.

– Сумаңдаған жалын үйімізді жалмап кеткенде, ең алдымен шиеттей бала-шағамызды ойладық. Алдағы қыста қайда барып паналаймыз деген қорқынышты ойдың  келгені рас,-дейді Нұрлан Төлтайұлы.  – Аллаға шүкір, міне, они бес күн ішінде баспанаға ие болып отырмыз. Аудан әкіміне өздерінің қамқорлығын білдіріп, қаржы аударып жатқан ағайынға, бір миллион теңге ақша берген Талғат Мұқаметқалиев бауырымызға алғыс айтамыз. Бұрынғы өртенген үйіміз «За линией» деп аталатын жақта болса, енді қала ортасына, «Жетінші квартал» ауданына қоныс аудардық. Аудан әкімі  үш тонна көмір беретінін мәлім етті. Алғыстан басқа айтар жоқ. Біздің отбасында болған осындай апатты жоюға атсалысқан барша жерлестеріме рақмет  айтам.

Жерлестері баспана сыйлаған Нұрлан мен Айжанның үлкен ұлы жиырмада болса, ең кенжесі әлі төртке де толмаған екен. Отағасының өзі Ақтоғай кентіндегі мыс өндірушілерде вахталық әдіспен жұмыс істейді.

Қысылған жанға қол ұшын беру кез келген адамгершілігі бар жанның жазылмаған парызы. Бір-ақ күнде үйінен айырылған Төлтаевтар отбасы осылайша жерлестерінің ізгі ниеті мен қайырымдылығының арқасында қала ортасынан баспанаға ие болды.

Берікхан Тайжігіт

 Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button