Баспана мен көтерме қаражат береді
Риддер шаһарында медицина мамандары жетіспейді. Бұл мәселені қалалық аурухананың басшылығы мекеме қаражаты есебінен білім беру гранттарын бөлу арқылы шешпекші. Ал еліміздегі, оның ішінде, әсіресе өңірлердегі денсаулық сақтау саласын дамыту, жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйткілдердің түйінін тарқату Президент Жолдауында айтылған міндеттердің бірі екенін еске саламыз.
Қазіргі уақытта резидентурада Риддер ауруханасы есебінен бір травматолог, екі офтальмолог және бір анестезиолог оқып жатыр. Бұдан басқа металлургтер қаласында жұмыс істегісі келетін жас медициналық қызметкерлерге іргелі кәсіпорын – «Казцинк» ЖШС баспана мен бір миллион теңге көлемінде көтерме қаражат береді.
Естеріңізге сала кетейік, ескірген Риддер қалалық ауруханасының орнына бұл күнде 140 төсек стационары және бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы бар көпбейінді аурухана кешені салынып жатыр.
Жаңа кешенде Риддер өңірінің халқына амбулаториялық-емханалық, стационарлық және жедел медициналық көмек көрсетіледі. Жобаны іске асыру шеңберінде медициналық мекеме заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталатын болады.
Айтпақшы, жұмыс істеп тұрған бұрынғы медициналық мекеме шамамен 70 жыл бұрын салынған. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің шешімінің арқасында аурухананың жаңа ғимаратын салуға қаражат бөлінді.
– Әрине, бұл ғимарат заманауи талаптарға сай келмейді. Қызметкерлер де, қала тұрғындары да жаңа ғимарат құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр, – деді Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітапбаева.
Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компанияның өкілі аурухана кешенін пайдалануға беру келер жылға жоспарланғанын ескертті.
Жалпы, Риддер қаласы мен оған жақын аудандарда 55709 адам тіркелген. Риддер қалалық ауруханасының құрылымында сегіз терапевт, тоғыз педиатрия, 18 дәрігер пункті, Пригородное ауылында бір ФАП, Поперечное және Бутаково ауылдарында екі медицина пункті бар.
– Риддер қалалық ауруханасы босану және балалар бөлімшесінің жақсы жұмысымен ерекшеленді, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина. – Мұнда медициналық көмек көрсетудің заманауи әдістемелерін меңгерген жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Риддер өңірінде денсаулық сақтау саласында барлығы 800-ге жуық адам еңбек етеді.
Ауданға арнайы барған ведомство басшысы аурухана мен медицина қызметкерлерінің қызметімен танысты, емделіп жатқан пациенттермен әңгімелесті.
Сондай-ақ басқарма басшысы риддерлік әріптестерімен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйекте халыққа жолдаған Жолдауының негізгі бағыттарын тілге тиек етіп, оның ішінде денсаулық сақтау саласын дамытудың міндеттерін талқылады.
Кәмал Естай