Баспана мәселесі толық шешіледі

Шығыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қазіргі уақытта барлық әлеуметтік жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар алдағы төрт жылдың ішінде бұл санаттағы отбасылардың баспана мәселесі толықтай шешімін таппақ.
Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов әкімдікте өткен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі облыстық қоғамдық комиссияның отырысында мәлім етті.
Еске салсақ, аталған облыстық қоғамдық комиссия ағымдағы жылдың мамыр айында құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және, ең бастысы, сол көпбалалы аналардың өздері де кірген болатын.
Қазіргі уақытта облыста үшеуден көп бала тәрбиелеп отырған 26 мыңнан аса отбасы бар. Олардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін облыста үш деңгейлі арнайы бағдарлама қабылданған. Көмекке мұқтаж барлық көпбалалы отбасы қалалық және ауылдық болып екі топқа бөлінген.
Өңірде тұрғындардың осы санатына баспана сатып алу үшін бюджеттік емес қаржы көздерінен, соның ішінде облыстық «Парыз» қайырымдылық қорынан 558 миллион теңге қаржы көзделген. Қор қаржысы есебінен облыстың барлық ауданында 231 отбасы баспанаға қол жеткізген.
Бағдарламаның екінші кезеңінде кезекте тұрған қалған отбасыларды тұрғын үймен қамту қарастырылған.
Осыған байланысты комиссия отырысында ақпарат берген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, биылғы жылдың басында облыста мемлекеттік қордан үй алуға аз қамтылған, көпбалалы 1400 отбасы кезекте тұрған болса, екі айдың ішінде бұл көрсеткіш 1819-ға дейін өскен. Басқарма басшысының берген ақпараты бойынша олардың 368-і өз баспаналарына қол жеткізген болса, жыл соңына дейін тағы 143 отбасы қоныстойын тойламақ. Сонда ағымдағы жылы 511 көпбалалы және аз қамтылған отбасы өз баспаналарына қол жеткізбек.
Комиссия мәжілісінде облыс әкімі Даниал Ахметов бұл бағыттағы шаруалардың Өскемен мен Семейде қалай атқарылып жатқанын қос қаланың әкімдерінен де нақты сұрастырып білді. Қала әкімі Жақсылық Омардың мәліметінше, жылдың соңына дейін облыс орталығында тоқсанға тарта көпбалалы отбасы баспаналы болмақ. Ал Семейде бүгінге дейін 67 отбасы тұрғын үй алған. Жыл біткенше аталмыш көрсеткіш әлдеқайда өспек.
Сонымен қатар аймақ басшысы Даниал Ахметов «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй құрылысында төрт бөлмеден тұратын, ауданы 100 шаршы метрлік, құны 13,5 млн теңге болатын, бірқабатты типтік жобаны іске асыруды ұсынды. Баспаналар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ұсынып отырған ипотекалық несие бағдарламасының шартына сәйкес жылдық екі пайызбен 20 жыл мерзімге берілмек. Несиенің ең жоғары мөлшері 10 млн. теңге көлемінде болса, алғашқы жарна 10 пайыз болмақ. Бұл баспаналардың құрылысы Семейге шыға берістегі 28 тұрғын ауданда жүргізілуде.
Осыған қатысты Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бүгінде көпбалалы отбасылар тек төрт бөлмелі пәтерді ғана емес, екі және үш бөлмелі пәтерлерді алуға да келісіп отырғанын айтты.
Бүгінгі таңда өңірде 128 отбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға жеңілдетілген несиелендіруге өтінім берген. Алайда түрлі себептермен олардың 42-сіне қарыз беруден бас тартылған. Ал бір миллион теңгеге дейінгі жинақты жинай алмағандар үшін алғашқы жарна бюджеттік қаржы есебінен толтырылады. Бұл мақсатқа қыркүйек айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында 70 млн теңге бөлінген.
Сонымен қатар өңір басшысы алғашқы жарнаға жетпеген қажетті қаржыны аймақтағы бизнес-сектордың өкілдері де ұсына алатынын айтты. Сондықтан бұл мәселе бойынша кәсіпкерлермен жұмыстар жүргізіледі. Алайда аудандағы комиссиялар отбасылар туралы ақпараттың жариялылығын, объективтілігін, кезекте тұру жағдайын нақты анықтауы қажет.
– Осылай қадам жасау арқылы біз алдағы төрт жылдың ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойып отырған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын толығымен орындайтын боламыз. Тағы да қайталап атап өтемін, біздің облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын шешуге барлық жағынан толық қолдау көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Ақпарат ретінде айтар болсақ, «Бақытты отбасы» ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша Өскемен, Семей, Риддер, Шемонайха, Аягөз, Курчатов қалаларының тұрғындарына өз баспаналарын рәсімдеу мүмкіндігі бар.
Аймақ әлеуметтік қолдауда республикада алда тұр
Біздің аймақ республика бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау бойынша өзге өңірлер арасында алда келеді. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі ақпарат бойынша, облыста барлығы 91 252 адамды құрайтын 18 995 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл жөнінде комиссия отырысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев баяндады.
Оның ақпараты бойынша, атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге жиыны 11,5 млрд. теңге көзделген. Соның ішінде республикалық бюджет есебінен – 6,5 млрд., Ұлттық қордан – 3,3 млрд., жергілікті бюджеттен – 1,7 млрд. теңге қарастырылған, ортақ қаржыландыру 17,1 пайызды құраған (950 млн. теңге).
Сонымен қаржыландыру мәселесі шешіліп, облыстық бюджеттен қосымша 950 млн. теңге бөлінді. Көпбалалы аналарға түсіндіру жұмыстары Өскемен, Семей, Аягөз, Тарбағатай, Үржар аудандарында жүргізілді. Бұдан бөлек қыркүйек айында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілуіне байланысты атаулы әлеуметтік көмек келесі айдың 10-ына дейін төленетін болады.
Атап өтерлігі, облыс атаулы әлеуметтік көмек алушыларды белсенді шараларға тарту үлесі бойынша республикада ең жоғарғы көрсеткіш – 87,5 пайызға ие.
– Басқа облыстармен салыстырсақ, бізде көмек алатын отбасылардың саны алты есе көп болып шықты. Бұлай болуы мүмкін бе? Атаулы әлеуметік көмекті тағайындауда отбасылардың кірісін мұқият тексеру керек қой. Әділетті түрде тексеру қажет, – деді Даниал Ахметов.
Бұған қатысты түсінік берген Ерболат Ошақбаев қазір жағдай реттелгенін айтты.
– Қазіргі уақытта Сіздің тапсырмаңыз бойынша құрылған арнайы комиссия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» ұсынған тізімге сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 3658 отбасы бойынша жұмысты аяқтады. Осы тізімдегі 150 отбасы сәуір айында бірінші тоқсандағы табыстарын төмен көрсеткен (118 отбасына көмекті қайтару қажет,
32 отбасына төлем қайта есептелді). Қалған 3508 отбасыға талдау жүргізілді, 103 отбасында көмекті төлеудің заңсыздығы анықталған жоқ, бұл отбасыларға төлемдер жалғасты. Ал қателік болмаған 3405 отбасыға төлем тоқтатылмайды, – деді Ерболат Ошақбаев.
Сондай-ақ ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаевтың атына атаулы әлеуметтік көмекті қайта есептеу үшін нақты құқықтық негіз ұсыну жөнінде арнайы сұраныс хат жолданғанын жеткізді.
Комиссия отырысында тұрғындардың осы санатының балаларына ағымдағы білім беру маусымында әлеуметтік қолдау көрсету жайы да қаралып, облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова ақпарат берді. Оның мәліметінше, биылғы мамыр айынан бері 3582, оның ішінде ерекше білімді қажет ететін 693 бала балабақша төлемінен босатылған. 33 583 оқушы мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Бұл ретте көпбалалы отбасылардың сұраныстары өз тілектері бойынша толық қанағаттандырылған.
Дәурен Аллабергенұлы