РуханиятТОП

Баспана кілті мен оқу грантын берді

Семейде Ұлыстың ұлы күнінде Абай атындағы жаңа мешіт ашылды.

2008 жылы  түрік мердігерлері діни ғимаратты салуға бекініп, өз жұмыстарын бастайды. Алайда, олар қаржылық қиындықтарға байланысты жобаны жалғастырудан бас тартады. Сол кездегі жобаның құны төрт миллион долларды құрады.  2010 жылы мешіт құрлысына 100 миллион теңге бөлген “Қазақмыс” корпорациясы мешіт құрылысын жалғастыруды ұйғарады. Бірақ корпорация да бұл істі соңына жеткізбеді. Сегіз жыл бойы семейліктер мешіттің құрылысына бейжай қарамай, ғимараттың жұмысының жандануына тілекші болды. Мешіт жобасы осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгерді.

2018 жылы құрылысты аяқтауға кәсіпкер Дулат Тастекеев кірісті.  Өз қаражатымен құрылысты қайта жандандырған кәсіпкер, басталған істің нүктесін қойды. Нәтижесінде бүгін қаламыздағы ең үлкен діни нысан бой көтеріп, салтанатты ашылуы өтті.

Жаңа төрт мұнаралы мешіт ұлы ақын Абай Құнанбаевтың құрметіне қойылды. Ғимарат 2 500 адамға есептелген. Алтын жалатылған мұнаралардың биіктігі -37 метр.

Түркістан билігі Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында аумақты абаттандыруды қолға алды. Олар бұл жобаға 600 миллион теңге бөлді.

Мешіт ғимаратына іргелес 47 мың шаршы метр абаттандырылып, екі жерүсті көпірі салынып жатыр. Сондай-ақ, 500 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылып, 200 шам орнатылған.

Ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, дін өкілдері мен қала басшылығы қатысты. Өз сөзінде қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов құрылысқа қатысы бар барлық адамдарға алғыс айтып, семейліктерді көптен күткен мешіттің ашылуымен құттықтады.

Қала тұрғындарын құттықтауға атақты ақын Мұхтар Шаханов пен театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов те келді.

– Бұл мешіт – ұлы мешіттердің бірі. Дулат Тастекеев үлкен іс жасады.  Туған халқына көмектесу – нағыз ұлтжандылықтың белгісі. Сондықтан мұндай адамдардың көп болғанын қалаймын. Баршаңызды бүгінгі тарихи күнмен құттықтаймын, – деді Мұхтар Шаханов.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да жылы лебізін білдірді.
– Бүгінгі шара мерекелік күнмен тұспа-тұс келіп отыр. Семейліктер үшін бұл үлкен қуаныш. Мешіттің құрылысы өте ұзақ уақытқа созылып, біраз уақытқа тоқтатылды. Дулат Тастекеевтің арқасында құрылыс қайта жанданып, бүгін оның ашылуын атап өтудеміз. Осы қуанышты сәтті қолдап келген жандардың   барлығына алғыс айтамын. Баршаңызды осы тамаша мерекемен құттықтаймын, – деді Наурызбай қажы.

Дулат Тастекеевтің айтуынша, құрылысты өткен жылдың тамыз айында Абайдың 175 жылдығына орай аяқтау жоспарланыпты. Бірақ коронавирустық пандемия жұмысты кешеуілдеткен.

– Мешіт құрылысы екі жарым жыл жүргізілді. Біз құрылысты алғаш бастаған кезде оны екі жыл ішінде аяқтап, 2020 жылдың тамызында, Абай атамыздың мерейтойына орай  ашуды жоспарладық. Алайда, әлемдік пандемия жұмысқа әсер етпей қоймады. Сондықтан құрылыс тағы жарты жылға созылды. Соған қарамастан, біз басталған істі соңына дейін жеткізе алдық. Күн мен түн теңелген қасиетті күні сіздермен бірлесіп мешітті салтанатты түрде ашып жатырмыз. Бұл мен үшін және бүкіл Семей үшін үлкен қуаныш. Өйткені семейліктер бұл мешіттің ашылуын он жылдан астам уақыт күтті. Осы жылдар ішінде көптеген мердігерлер өзгерді. Ал, бізді мешіттің тағдыры алаңдатпай қоймады. Бүгінде Семейдің дамуына өз үлесімізді қосқанымызға өте қуаныштымыз, – деді Дулат Тастекеев.

Салтанатты рәсім барысында бес көп балалы отбасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен “Зекет” қайырымдылық қоры есебінен сатып алынған жаңа тұрғын үйдің иегерлері атанды. Семейлік жеті жан Бас мүфтидің оқу грантына ие болды.

Бұл күні Семейдің Дальный ауданында 400 адамға арналған тағы бір мешіт ашылды. Оның құрылысы өткен жылы басталған. Мұнарасы және екі күмбезі бар мешіттің биіктігі 25 метрді құрайды. Мешітте 80 орынға арналған автотұрақ пен кітапхана бар.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button