Баспана беріліп, балабақша ашылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу кезінде аудан жұртшылығы жаңалықтарға толы қуанышты оқиғаларға куәгер болды. Зайсан қаласының тау бөктеріндегі көрікті аймағынан пайдалануға берілген екі қабатты еңселі үйдің иесі болып, баспанамен қамтылған зайсандықтарға салтанатты түрде пәтер кілттері тапсырылды.
Белгілі кәсіпкер Ержан Сқақов басқаратын «Өскемен Құрылыс» ЖШС белгіленген уақытта құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтады. Осындай қуанышты сәтте зайсандықтардың ортасында болып, олардың қуанышына ортақтасқан облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов, аудан әкімі Серік Зайнулдин құттықтау тілектерін білдіріп, пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұқан Мырзаханов ақ батасын берді.
Бұл күні Зайсан қаласында пайдалануға берілген 27 пәтерге ауданымыздың ең қарт тұрғыны Малания әжей, мүмкіндігі шектеулі адамдар, көпбалалы, тұрмыс деңгейі төмен, аз қамтылған отбасылармен бірге мемлекеттік қызметкерлер, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен ауданда алғаш қызметтік жолдарын бастаған отбасылы жас мамандар да ие болып, Елбасының шынайы қамқорлығын сезінді. Салтанатты шарада мердігердің өкілі Дархан Қасымханов символикалық кілтті тарту етті.
– Елін сүйген, елі сүйген Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өз Жолдауларында халықтың тұрмысын жақсарту мәселесін басты назарда ұстап келеді. Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті күні қарсаңында анашым үлкен қуанышқа кенелді. Тұрмысқа қолайлы баспанаға ие болды. Сол үшін анамның атынан облыс және аудан басшылығына алғыс айтамын, – деді Валентина Сергеева.
Пәтер кілтіне ие болған жас мамандар Д.Абсалықов пен И.Бөлдекбаева, Қазақстан Республикасының чемпионы Г.Исанованың анасы сөз сөйлеп, өз қуаныштарымен бөлісті. Облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов баспанаға ие болғандарға жаңа пәтердің кілтін тапсырды. Сонымен қатар баспаналы болған мүмкіндігі шектеулі Н.Шәрібаеваға облыс Әкімінің арнайы сыйлығын тарту етті.
Осы күні қаланың Заречный ықшам ауданында ерлі-зайыпты Қуанышбек пен Қарлығаш Ахметовтардың бастамасымен пайдалануға берілген жекеменшік балабақшаның да ашылу рәсімі болды.