ТОПТұрғын үй

Басқарудың жаңа үлгісіне көшеді

Азамат Темірбеков

Соңғы бірнеше жыл қатарынан кейінге шегеріліп келе жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісіне көшіру жұмыстары биыл аяқталады.

Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Самат Сүлейменовтің қатысуымен өткен баспасөз конференциясы барысында айтылды.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға осыдан бес жыл бұрын енгізілген өзгерістерге сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлер басқарудың жаңа нысандарына көшуі тиіс. Яғни, әрбір көппәтерлі тұрғын үй мүлік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестік түріндегі басқару нысандарына көшуі қажет. Ол үшін пәтер иелері жиналыс ашып, шешім қабылдайды.

– Жалпы, осы реформаны іске асыру 2020 жылдан басталған болатын, – дейді Самат Сүлейменов. – Бірақ тұрғындар талаптарды уақытында орындамай, кешеуілдеген соң бұл жұмыстар биылғы  бірінші шілдеге дейін ұзартылды. Енді, жаңадан енгізілген заңнамалық өзгерістерге сай, бірінші шілдеге дейін үйді басқарудың жаңа формасы анықталмаса тұрғын үй инспекциясы уақытша басқарушыны тағайындайды. Осылайша  тұрғындарға тұрақты басқарушыны тағайындап алғанға дейінгі аралықта мұрсат беріледі. Осыған дейін екі рет уақыты ұзартылған бұл мәселе биылдан кейін ары қарай шегерілмеуі мүмкін.

– Құрылған басқарудың жаңа нысандары «бір үй – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Әрбір мүлік иелері бірлестігі мен қарапайым серіктестік өзінің жеке тексеру және жинақ шотын ашады. Осылайша, бұл қағида әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Ал пәтер иелері кооперативі қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін акт бойынша көппәтерлі тұрғын үй кеңесіне барлық қолда бар техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды беруге және заңнамада белгіленген тәртіппен таратылуға тиіс, – дейді басқарма басшысы.

Ведомство басшысы қазіргі уақытта тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формаларына сай әкімдіктердің минималды тарифтерді бекітіп жатқанын атап өтті. Егер тұрғындар әкімдік бекіткен минималды тарифтерді аз десе, өздері шешім қабылдап оны көтеруге болады. Сәйкесінше, әр шаршы метрге төленетін тарифтің айлық есептік көрсеткіштің 0,5 пайызы мөлшеріндегі бөлігі жинақтаушы шотқа аударылса, қалғаны бірлестік төрағасының, сантехник, электрик мамандардың жалақысы төленетін ағымдағы шотқа аударылады. Басқарма басшысының айтуынша, тұрғын үйдің шатырын, жертөлесін, жеделсатысын, подъезін жөндеуге  қаражат жинақтаушы шоттан алынатын көрінеді.

Айта кетсек, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу мәселелері бойынша негізгі материалдарды тұрғындар «ТҮКШ ҚазОрталығы» акционерлік қоғамының zhkh.kz ресми сайтынан көре алады. Сондай-ақ  туындаған сұрақтар бойынша аудан, қала әкімдіктерінің тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне жүгінулеріне болады.

 

Осы айдарда

Back to top button