Башқұртстандық бапкер «Торпедо» тізгінін ұстады

«Торпедоның» бас бапкері қызметіне Руслан Сүлейманов тағайындалды. Бұл туралы өскемендік клубтың баспасөз қызметі хабарлайды.
Еске салайық, 54 жастағы башқұртстандық бапкер бұған дейін «Торос» командасымен бірге екі мәрте Братина кубогын жеңіп алған. Ойыншы кезінде уфалық «Салават Юлаев» командасының намысын қорғаған Сүлейманов кейін бапкерлік мансапта да толағай жеткістіктерге қол жеткізген. Атап айтсақ, ол «Салават Юлаев» командасының жастар құрамын жаттықтырған жылдары екі дүркін Ресей чемпионы атанған. Сонымен қатар Сүлейманов Жоғары хоккей лигасының 2013-2014 жылдардағы тұрақты чемпионатында топ жарған. Ал ең сүбелі жеңісіне башқұртстандық бапкер «Торос» командасымен жеткен-ді. Нефтекамскілік команданы жаттықтырған жылдары Сүлейманов екі мәрте Братина кубогын алған. Дәлірек айтсақ, бұл 2011-2012 және 2012-2013 жылдардағы маусымдар болатын.
Осы ретте, Сүлейманов үшін Қазақстан хоккейі де таңсық емес екенін айтқан жөн. Ол бұған дейін Қарағандының «Сарыарқасын» да жаттықтырған.
Еске салайық, өткен маусымда қазақстандық маман Олег Болякин баптаған Өскеменнің «Торпедосы» ел біріншілігінің тұрақты чемпионатында 122 ұпай жинап, күнібұрын жеңісін тойлаған болатын. Алайда одан кейінгі плей-офф кезеңінде «торпелдолықтар» білгенінен жаңылды. Жарыстың жартылай финалында тым сүреңсіз өнер көрсеткен жерлестеріміз Көкшетаудың «Арланынан» 1:4 есебімен ойсырай ұтылды. Осылайша доданың басты фавориті саналған «Торпедо» чемпиондық атақ туралы арманымен келесі маусымға дейін қош айтысты.
Нұржан Кенжеұлы