Башкирцевтің ғажайып диірмені

Бүгінгі жұрт нанотехнологияның артықшылықтарын айтып шулап жүргенде, ол – әлем ғалымдары жабылып жүріп енді ғана қол жеткізген молекулаларды миллиардтаған бөлшектерге айналдыру технологиясын өткен ғасырдың 80-ші жылдарында-ақ, өзі қолдан жасаған диірменінде пайдаланған. Сырттай тігін мәшинесіне ұқсайтын құрылғы ғасыр жаңалығына татитын іс атқарды дегенге сенімсіздікпен қарағанымызды байқаған ол шағын диірменнің зор қасиеттері, одан алынған ұнтақтардың мүмкіндіктері жөнінде екінің бірі түсіне бермейтін ғылым тілінде шабыттана әңгімелеп кетті. Бір түсінгеніміз, саналы ғұмырын осы диірмен мен одан алынатын ұнтақ заттардың пайдасын зерттеуге арнап, ғылым атты ауыр жолдың бірде белесіне шықса, бірде қалтарысында қалған өнертапқыштың айтары аз емес.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер Алексей Башкирцев Мәскеу автомобиль жолдары институтының аспирантурасында білім ала жүріп, толқынды ұнтақтаудың әдісін ойлап тапқан. Жас зерттеуші оны өзі жасаған механоактиваторлық диірменде іс жүзінде сынап көреді. Алғашында заттарды ұнтақтау арқылы қасиеттерін арттыруға ден қойған ол мұның нанотехнологияға қатысы бар екенін білген де, сезген де емес. Шикізатты нанобөлшектерге дейін ұсақтайтын диірмен мен әдіс кейіннен инновациялық ғылымдар көрмесіне ұсынылып, кеңестік кезеңде де, бертін де ғалымдардың қызығушылығын тудырған.
Нанобөлшектер дегеніміздің не екендігін Алексей Башкирцев былай түсіндіреді: 1974 жылы жапондық ғалым Танигучи алғаш рет «нанотехнология» деген терминді енгізді. Мұндағы гректің сөзі – нано «ергежей» деген мағына береді екен. Осындай бір «ергежей» нанометр бір миллиард метрге тең. Заттың құрылымы осыншалықты мөлшерге дейін ұсақталғандықтан, оның қасиеті де өзгереді. Алайда оны мұндай миллиардтаған ұсақ бөлшекке бөлу қиынның қиыны. Әлемнің барлық елінде осы тақырыптағы зерттеулер жоғары технология саласына жатқызылады.
– Нанотехнология дегенді көбі атом өндірісімен және электрондық техника саласымен байланыстырады. Алайда оның өзге де қыры бар. Ол – молекуланы нанометрге дейін ұсақтау,-дейді Алексей Алексеевич.
Нанобөлшектерді өзі ойлап тапқан құрылғыда ұнтақтауды одан әрі жетілдіру жұмысына өнертапқыш көп жылдарын арнады. Нәтижесінде, ағаш ұнтағынан биотын алу әдісі дүниеге келеді. Осыдан он жылдай уақыт бұрын Ресейдің биотехнология корпорациясы биоотын алу әдісіне қызығушылық танытып, өздерінің қанатқақты жобаларына қатысуға ұсыныс білдірген. Біраз уақыт олармен істес болған өнертапқыш бұл әдісті өзіміздің елде, өзіміздің өндірісте қолдансақ дейді.
Ағаш ұнтақтарынан биожанар май алу Алексей Башкирцев ашқан жаңалықтың бірі ғана.
Дәріге бергісіз талқан
Өнертапқыштың ұнтақтау әдісі «ҮМЗ», «Қазатомпром» сынды ірі кәсіпорындарда қолданылып, сол арқылы аталмыш екі кәсіпорындаТМД елінде ешкім жасай алмаған тантал мен кремнийдің ұнтағы өндірілді.
Бұдан кейін халықаралық көрмелерге шақыру басталды, өзге елдерден де ұсыныстар келіп түсіп жатты. Жерлесіміз 2008 жылы өнертабыс саласындағы «Шапағат» сыйлығының жүлдесімен марапатталды. Бір қарағанда өнертабыс саласындағы еңбегі бағаланып, жаңалықтарын іске асыруға алдынан барлық есіктер айқара ашылған сияқты көрінгенмен, жолда кедергілер аз болмаған.
– Өнертабыс та өзінің балаң сияқты. Иесі үшін оның жемісін көрмесе де, біреуге пайдалы болғанын көру – бір бақыт. Ал жылдарыңды сарп еткен дүниең қаңтарылып құр тұрса, өзегің өртенеді, – дейді ол.
Екі мыңыншы жылдардың басында ұнтақтау әдісін өндірісте ғана емес, халық тұтынатын тауарлар алуда қолдануды жөн көрген өнертапқыштың бірнеше жылы өсімдіктердің емдік қасиеттерін зерттеуге жұмсалады.
-Жоғарыда атап өткенімдей нанобөлшектерге ұнтақталған зат қасиетін өзгертеді. Көп жағдайда ол артады. Мәселен, сұлының қасиеті жөнінде көптеген аңыздар да, ғылыми еңбектер де бар. Адам ағзасына оның әкелер пайдасы орасан. Ал нанобөлшектерге дейін ұнтақталған сұлының пайдасы бұдан екі-үш есе артық. Оның сыры неде дейсіз ғой? Кез келген дақылдың көзге көрінбейтін мөлдір қабықшасы болады. Дәннің пайдалы қасиетінің 90 пайызы сол қабықшада. Қабықшаның наноқұрылысын металмен салыстыруға болады. Металды ұнтақтау қандай қиын болса, қабықшаны өңдеу де соншалықты қиын, – дейді Алексей Алексеевич.
Өнертапқыш ғажайып диірмені арқылы бұған да қол жеткізді. Қабықшасымен бірге ұнтақталған дәндердің ағзаға әкелер пайдасы ашылған соң, мұны тағам ретінде пайдалану, сол арқылы ағзаның қорғаныштық қасиетін арттыру мақсаты қойылды. Бұған дейін ол құрылыс-әрлеу істеріне қажетті ескірмейтін, қайта жыл өткен сайын өңі ашыла түсіп, өздігінен жаңаратын бояу түрін ойлап тапқан болатын. Ол осы екі бағыттағы өндіріс ашсам деген арманын соңына жеткізе алмағанына налиды. Өсімдіктердің ұнтақталған түрінің пайдасын Ұлттық тағамтану академиясы да мойындап, фитоталқанға патент берілді. Алайда өндірісті жолға қою үшін қаржы қолбайлау болған. Содан тыңдар-ау деген есіктердің бәрін қағып, ақыры тауы шағылып, өнертапқыш өз атына несие алуға бел байлаған.

2005 жылы Алексей Башкирцев банктен алған қаражатқа ғимарат жалдап, оны құрылғылармен жабдықтайды. Ғимарат ішінен фитоталқан мен бояу өндірісіне арналған бөлмелер, зертханалар жасақталып, шағын ұжым өндіріске жұмылдырылды. Өндіріс жолға қойылып, алғашқы фитоталқандар да тұтынушыларға жол тартты.
– Бір кездері Башкирцевтің талқаны дәріге бергісіз, барлық дертке шипа деген әңгіме шықты. Мен оның пайдалы қасиетін ешқашан жоққа шығарған емеспін. Алайда фитоталқан ең алдымен тағам. Тағам ретінде тіркелген. Ол дәрілік зат немесе белсенді қоспа да емес. Талқанның көптеген жандарға қуат беріп, ауруларынан айығуға көмектескені рас. Бұл жөнінде көп айтылып, жазылды да. Дегенмен, мен дәріден бас тартып, талқан ғана жеңдер деуден аулақпын,- дейді ол.
Көптеген жанның бетін бері қаратқан фитоталқан өндірісі бүгінде тоқтап тұр. Сұраныстың жоқтығынан емес, қаржының тапшылығынан. Алексей Башкирцевтің айтуынша, шағын кәсіпорын қанатын жайып келе жатқанда, үлкен кедергіге тап болды. Барлығы – өнертапқыштың аңғалдығынан, қаржылық сауатсыздығынан болды. Алексей Алексеевич білместіктен, несиені жеке кәсіпкер ретінде емес, жеке тұлға ретінде, оның үстіне шетел валютасымен алып жіберген. Доллар шарықтаған шақта банк алдындағы қарызын өтеу қиынға соқты. Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін ұйымдардың есігін қаққанымен, банкте жеке тұлға ретінде тіркелгендігі көмек қолын созуға кедергі келтірді. Соңында өнертапқыш банкке кепіл ретінде қойған жалғыз баспанасынан айырылды.
Соған қарамастан, өнертапқыш үмітін үзген жоқ. Алексей Башкирцевтің немересі Дмитрий атасы өмірін арнаған істі жалғастыруға бел байлаған екен. Мектепті кеше ғана бітірген ол алдағы уақытта фитоталқан өндірісін жандандырсам дейді.
Алексей Башкирцевтің шағын бөлмесінің қай қабырғасына қарасаңыз да, өнертабысы үшін алған патентке, Алғыс хаттар мен мақтау қағаздарға көзіңіз түседі. Өндіріске жіберіліп, халықтың игілігіне жұмсалмаған соң осының бәрі бос дүние екенін ойлайсың. Бәлкім туған жері, өскен еліне деген қимастық пен сүйіспеншілік сезімі болмағанда талантты өнертапқыш өзінің еңбегіне қызыққан шетелдіктердің шақыруын қабыл алып, мұхиттың ар жағында үлде мен бүлдеге оранып отырар ма еді деген ой да қылтияды арғы жақтан…
Лаура Тілеубайқызы