Басқармада жаңа басшы
Облыс әкімінің өкімімен облыстық денешынықтыру және спорт бақсармасының басшысы қызметіне Асқар Можанов тағайындалды. Жаңа басшыны басқарма ұжымына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар таныстырды.
– Өздеріңіз білетіндей, Асқар Байжігітұлы – елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, кикбокстан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған. Спорт саласында басшылық қызметтерді атқарған, тәжірибесі мол маман болғандықтан, өзіне жүктелген басқарманың жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, сіздермен бірге өңір спортын дамыта түсетіндігіне сенімдімін. Ол үшін облысымызда спорт саласына баса көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп отыр, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жаңа тағайындалған басшының еңбегіне сәттілік тіледі.
Асқар Можанов 1973 жылы 13-маусымда Өскемен қаласында дүниеге келген. 1995 және 2010 жылдары С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды «Денешынықтыру және спорт», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша аяқтаған.
1995-2004 жылдар аралығында «Алтай» кәсіби-спорттық клубы директорының орынбасары қызметін атқарды. 2004-2009 жылдары Өскемен қалалық денешынықтыру және спорт, білім және спорт, спорт және туризм бөлімдерін басқарды.
2009 жылдың мамырынан 2011 жылдың қазаны аралығында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып қызмет етті.
2011 жылдың қазанынан облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары, 2013 жылдың қарашасынан бастап аталмыш басқарманың басшысы болып жұмыс атқарды.
Серік Құмарғалиұлы